Отбасында тәрбие олқы

0 267

Таяуда Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев еліміздегі білім беру сапасына сын айтты. Бұл әділетті сын болды. Білім мен тәрбие – егіз ұғым десек, сәйкесінше қазіргі тәрбиенің де жағдайы мәз емес. Туындаған мәселелерді Білім министрі Асхат Аймағамбетов биылғы баяндамасында атап өтті. Атап айтқанда, жастар мен жасөспірімдер арасындағы «Қазақстандық патриотизм» 13 пайызға құлдырағанын, қылмыс саны 5 пайызға, суицидтің 6,6 пайызға жоғарылағанын тілге тиек етті.

Тәртіптің ең тамаша мектебі – отбасы. «Отанға деген сүйіспеншілік отбасыдан басталады». Бірақ осыны жоғалтып алдық. Халқымыздың «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген аталы сөзі осыны айтса керек-ті. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы оқушылар арасында отбасылық қарым-қатынасты анықтау мақсатында 2019 жылы әлеуметтанушылық зерттеу жүргізген. Нәтижесінде ата-аналардың 62 пайызы өз балаларына жеткілікті уақыт бөлмейтінін, 43 пайызы балаларының проблемаларына аз мән беретіндігі анықталған. Жоғарыда айтылған келеңсіздіктерге бірден-бір себепкер отбасы тәрбиесінің кемдігінен деген қорытындыға келдік. Қазіргі заманғы тәрбие жүйесіне жаңаша көзқарас қажеттігі айқындалды. Ол қандай бағыт-бағдар дейсіздер ме? Бұл Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында анық айтылған. Жаңа бағытымызды «Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деп соқырға таяқ ұстатқандай түсіндіреді.
Өкінішке қарай, мемлекет жүзеге асыруға 11 трлн теңгеден астам қаржы бөлген 2020-2025 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – БДМБ) бұл жағы ақсап тұр. Аталған БДМБ-да 5 бағыт, 11 міндет қарастырылған. Соның ішінде «Білім алушының зияткерлік, рухани-адамгершілік және физикалық дамуын қамтамасыз ету» бағытында негізгі міндеттердің бірі – «жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту» болып бекітіліпті. Менің ойымша, «ұлттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту» деп аталған дұрыс. Олай болмаған жағдайда, 11 трлн желге ұшты деген сөз. «Өркендеу» жобасы осындай қоғам сұранысына сай жоба болып отыр. Жоба 3 жылдан аса өзінің тиімділігін көрсетіп берді. Жобаны жүзеге асыруды жолға қою керек.
«Өркендеу» жобасы отбасылық тәрбиеге негізделген. Туған шаңырақтан алған тәрбие – бұл барша халқымыздың бақуатты да табысты болашағының кепілі. Ал оның іргетасы мектепте қаланады.

Болат БАЙҚАС, Ы.Алтынсарин атындағы  Ұлттық білім академиясының  аға ғылыми қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − 14 =