Отбасын әлеуметтік қолдаудың жаңа форматы

0 13

Атаулы әлеуметтік көмек әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ғана ақшалай төлемдер түрінде және жеке ісін бастау­ға, оқытуға, жұмысқа орналасуға қолдау көрсету арқылы отбасын өмірлік қиын жағдайдан шығаруға көмектесуге бағытталғаны атап айтылды. ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова жергілікті деңгейде мұқтаж отбасыларды иерархиялау қажет екендігін атап өтті. АӘК-тің бірқатар мәселелері жайында әңгіме өрбіткен едік.– Гүлшара Науша­қызы, атаулы әлеуметтік көмектің мәні неде?
– Әлеуметтік жаңғырту мәселелері барлық уақытта кез келген елдің мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық даму мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету, құқық пен әділеттілік қағидаттарына негізделген әлеуметтік қатынастарды бекіту арасындағы теңгерімді табу әлеуметтік жаңғыртудың мәні болып табылатынын атап өтті. Мемлекет өзінің экономикалық мүмкіндіктеріне қарай халыққа әлеу­меттік көмектің көлемі, құрамы, мазмұны бойынша шешім қабылдайды. Мәселен, Ұлыбританияда жұмысқа орналастыруды көтермелеу, табысы аз адамдарды жұмыс іздеу дағдыларына оқыту шаралары енгізілді. Ал Германияда 2016 жылдан бастап жұмыс іздеп жүрген адамдарды материалдық қамтуға арналған әлеуметтік көмек мөлшері артты. Өз кезегінде, Францияда әлеуметтік көмек төлеу үшін азамат мұқтаждығын тексеру және бағалау тетіктері арқылы өтуге тиіс.
Бұл ретте аса мұқтаж­дарға қолдау көрсетудің бірыңғай өлшемшарты, сондай-ақ оларды жұмыс­қа орналастыру және өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін жағдай жасау басты константа болып қала береді.
– Қазақстанда кедейлікті бағалау деңгейі қалай?
– Бүгінгі таңда Қазақ­станда кедейлікті бағалау­дың деңгейі– ең төменгі күнкөрістің 70%-ы (20 789 теңге). Халықаралық сарапшылар кедейлік шегінің оңтайлы деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейі болып табылатынын атап өтті. Сондықтан біздің ойымызша, кедейшілік шегін одан әрі ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін ұлғайтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін теңдестірілген қаржы-­экономикалық модель құру мемлекеттік органдардың өзекті міндеттерінің бірі болуға тиіс. Бұл ретте ең төменгі күнкөріс шамасының өзі халықтың нақты сатып алу қабілетіне сәйкес келуге және адамның барынша аз қажеттіліктеріне жауап беруге тиіс.
Бұл жұмыс басталып кетті. Осы жылдың 1 сәуі­­рінен бастап атаулы әлеу­­меттік көмек көрсету өлшем­шарты ең төменгі күнкөрістің 50-ден 70%-ына дейін ұлғайтылғанын, ал табысы аз отбасынан шыққан әрбір балаға әлеу­меттік көмектің кепілді мөлшері белгіленгендігін білесіздер.
Бұл атаулы көмектің мөлшерін 2,5 есе арттыруға мүмкіндік берді. Бір қарағанда бәрі жақсы сияқ­ты. Алайда табысы аз азаматтарды қолдау шараларын іске асыру жаңа форматтағы атаулы көмектің тиімділігін төменде­тетін бірқатар елеулі кем­шіліктерді анықтады.
– Ол қандай кемшіліктер?
– Ең әуелі, мемлекеттік органдар оқиғалардың бұлай өрбуіне дайын емес болып шықты. Жүйелі
жұмыстың болмауы сал­дарынан жағымсыз ас­пек­тілерге тап болдық. Бұл – жұмыс іздеу уәжінің азаюы, әлеуметтік қамсыз­дандыруды ұзақ уақыт пайдалану ниеті, әлеуметтік көмекті көбірек алу мақсатында отбасы мәртебесін немесе тұрғылықты жерін формальды түрде өзгерту.
Жергілікті жерлерде әкімдіктер табысы аз аза­­маттардың проблемала­рын шешуге келгенде өмірлік қиын жағдайға әкеп соққан себептерге терең үңілмейді.
– Бұл мәселелер қалай шешілмек?
– Аталған жағдайды ше­шу үшін шаралар қабылданып, әлеуметтік көмекке мұқтаждықты айқындау, учаскелік комиссиялардың рөлін күшейту өлшемшарттары бекітілді. Отбасын жекедара алып жүру тетігі отбасын әлеу­меттік қолдаудың жаңа форматының түйінді элементі болуға тиіс. Практикада әлеуметтік сүйемелдеу формальды түрде жүзеге асырылады және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысатын әлеуметтік көмек алушылардың міндетті зейнетақы жарналарының уақтылығы мен толықтығының мониторингімен шектеледі.
Өйткені атқарылатын жұмыстың барлығы жұмыспен қамту орталығының қызметкерлеріне, атап айтқанда, әлеумет­тік жұмыс жөніндегі кон­сультанттар мен ассис­тенттерге жүктелген. Бұл ретте жұмыспен қамту орта­лығының басты міндеті жұмыспен қамтуға жәр­дем­десу болып табылады. Сол себепті бұл қыз­меткерлердің жұмыстары «басынан» асып жатады.
– Енді қандай шаралар қолдану керек деп ойлайсыз?
– Әкімдіктер бұл жұмыс­қа деген мұндай тәсілді тез арада өзгертулері керек. Отбасына қолдау көрсету жұмыстарын жергілікті жердегі әлеуметтік қорғау бөлімдері мен ауыл әкімдеріне жүктеу қажет деп ойлаймыз.
Мемлекеттің көпбалалы және табысы аз отбасыларын әлеуметтік қорғауға кететін шығындары елдегі адами капиталдың тұрақты дамуы үшін іргелі факторлардың бірі болып табылады.
– Атаулы әлеуметтік көмек берудегі өзгеріс­терді айта кетсеңіз?
– Атаулы әлеуметтік көмек алатындардың ішінде 40 пайызға жуығы көпбалалы отбасылар екен­­дігін атап өту керек. Олар көбіне материалдық тұрғыдан «әлсіздеу» болады, сол себепті олардың материалдық әл-­ауқа­ты­ның төмендемеуінің алдын алатын тиісті шаралар қабылдау қажет.
Ол үшін Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың
берген тапсырмасы шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасылардың ба­лалары үшін жаңа жәрдем­ақы енгізу және табысы аз отбасы балаларына арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет қабылдау жоспарланып отыр. Бұл өзгерістерді халыққа түсіндіру маңызды.
– АӘК-те қандай мәселелер бар?
– Мына бір мәселелерге көңіл аударғым келіп отыр.
Бірінші, өткен жылы «Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгізу барысы туралы» деген тақырыптағы Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрлігіне жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты айқындау нормативтерін қайта қарап, бекіту туралы ұсыныс берілген болатын. Бірақ бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Тексеру кезінде, әсіресе ауылдағы үй шаруа­шы­лы­ғын тексеру кезінде олардың табыстарын асыра бағалау немесе жете баға­ламау қаупі бар. Жаңа жыл­дан бастап бұл мәселе алды­мыз­дан тағы шығады. Мұның алдын алу қажет.
Осыған байланысты отбасының жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін жиынтық табысын есептеуді базалық бағалау үшін мемлекеттік органдар қысқа мерзім ішінде жаңа әдістемелік ғылыми-практика базасында қалыптасқан орта бағаны ескере отырып өнім өндіруге арналған шығындардың нормативтік деңгейін қайта қарастыруы қажет. Екінші, өңірлерде Атаулы әлеуметтік көмектен басқа мәслихаттардың шешімі бойынша әлеуметтік қолдау көзделген, ол халықтың жекелеген санаттарына көрсетіледі. Бүгінгі таңда бір ғана үй шаруашылығы деңгейінде берілген жәрдемақыны қайта төлеу фактілері жиі кездеседі. Өңірлердегі бастаманы қолдай отырып, жергілікті деңгейде мұқтаж отбасыларды иерархиялау қажет екендігін атап өткім келеді.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды