«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Отбасылық сот» жобасы тиімді ме?

0 46

Соңғы жылдары ажырасу үдерісі бойынша республикалық статистикалық мәліметтер көңіл жұбатпайды. Соның салдарынан туындайтын даулар да аз емес.

200831220807959e

Өкінішке қарай, көп жағдайда ерлі-зайыптылар ажырасуды барлық мәселенің түбегейлі шешімі деп қабылдайды. Бұл баланың психикасына ауыр соққы болып тиетінін ескере бермейді. Осыған орай кейінгі кезде неке-отбасы қатынасынан туындайтын дауларды «бір терезе» қағидатымен шешуге бағытталған «Отбасылық сот» жаңа жобасы енгізілді. Ол 2021 жылдың 11 қазанынан бастап кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған аудан­аралық сотында жұмыс істей бастады. Жобаға Алматы және Сарыарқа аудандық соттары да қатысады. Мұндағы мақсат – «бір терезе» қағидаты бойынша неке-отбасы қатынастары салдарынан туындайтын дау­лардың барлығын бір жерде маманданған судьялардың, психолог, адвокат пен медиатор­дың қатысуымен қарау.

Отбасылық сот – азаматтарды отбасын сақтап қалуға, дау­ларды балаларды моральдық күйзеліске ұшыратпай шешуге шақыратын қанатқақты жоба.

Судьялар жоба аясында отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы дауларды шешуде халыққа тәжірибелік тұрғыдан көмек көрсетеді. Яғни судьялар баланың тұрғылықты жерін, жеке тұратын ата-ананың баламен кездесу тәртібін анықтау, балаларды күтіп-бағу бойынша алимент мөлшері мен тәртібін анықтау, мүлікті бөлу сияқты дауларды қоса қарайды және оларды бейбіт келісімге келу арқылы реттеу жолдарын дауласушы тараптарға түсіндіреді. Бұл ретте судья дауды мән-жайы бойынша шешіп қана қоймай, отбасыны сақтап қалу, ерлі-зайыптылардың ортақ мәмілеге келіп, олардың татуласуына шара қолданады. Ал ортақ мүлікпен байланысты дауларды қарауда тараптармен әңгімелесу медиатордың қатысуымен жүргізіледі.

Істі қарауға дайындау барысында судья кәмелетке толмаған балалары бар ерлі-зайыптылармен психологтың қатысуы арқылы әңгімелесу жүргізеді. Бұл бағыт өз кезегінде отбасын сақтап қалуға мүмкін емес жағдай орын алған күннің өзінде балалардың жүйкесіне, психикалық дамуына кері әсерін келтірмейтін тиімді шешім қабылдауға, балаларды ортақ тәрбиелеуге мүмкіндік туғызады.

Жоба жұмыс жасаған 2021 жылғы 2,5 айдың ішінде Алматы және Сарыарқа аудандық соттарында неке-отбасы қарым-қатынастарынан туындайтын даулардың басым көпшілігі татуласумен реттелді.

Осы кезеңде 1353 талап қою келіп түскен, оның 784-і қаралып, аяқталған. Дейтұрғанмен аяқталған 496 іс бойынша тараптар медиативтік келісімке келу арқылы татуласқан, яғни 496 ерлі-зайыпты даулы мәселеден бас тартты. Бұл – даулардың сотқа жетпей реттелуі, қанатқақты жоба тиімділігінің бір көрінісі.

Биыл екі айда аталмыш жоба аясында 430 істің 181-і бойынша (42 пайыз) тараптар бейбіт келісімге келді. Одан бөлек, балалардың тұрғылықты жерін анықтау мәселесі бо­йынша 16 және ортақ мүлікті бөліске салу дауы бойынша 14 медиативтік келісім ерлі-зайыпты­лармен бекітілген. Демек, жобаның арқасында тағы 30 дау сотқа жетпей шешілді.

Бұл көрсеткіштер санаулы уақытта бес жүзден аса отбасының неке қатынастарынан туындаған дауларды моральдық күйзеліссіз, бітімге келу арқылы реттегенін айқындап отыр.

Қоғам игілігі мен отбасылық қарым-қатынастарды қалпына келтіруге бағытталған «Отбасылық сот» жобасының бұдан әрі отбасылық құндылықтарды дәріптеу мен отбасы институтын дамыту жолындағы жұмысы сәтті болары сөзсіз.

Ботагөз БАЯНОВА, Нұр-Сұлтан қаласы сотының баспасөз

хатшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды