Отбасылық сот шаңырақтың шайқалмауын көздейді

0 17

Соңғы уақытта ерлі-зайыптылардың ажырасуы көбейгені алаңдатады. Соттарға келіп түсіп жатқан ажырасуға байланысты талап арыздар артып отыр. 2019 жылғы Нұр-Сұлтан қаласындағы соттарда неке бұзуға қатысты 5803 іс қаралған (2018 жылы – 4875). 3718 неке сот шешімімен бұзылған (2018 жылы – 3350).Соңғы жылдары сотта қаралған істер бойынша жүргізілген талдау әйел затының арыз беруіне тұрмыс­тық зорлық-зомбылық әрекеттер себеп болатынын көрсетті. Одан кейінгі орында отбасындағы опа­сыз­дық, көбінесе ер адамдардың ойын­құмарлық пен ішімдікке салыну себептері тұр. Отбасының ойрандалуына әлеуметтік жағдай, қоғамдағы хал-ахуал, сайып келгенде, отбасы құндылығының құлды­рауы да әсер етіп отыр.
Екі жылдың көлемі болды, елордалық бірқатар соттарда неке-отбасы қатынастарынан туындайтын істерді қарайтын «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы жұмыс істей бастады. Отбасылық сот отбасы институтын нығайтуға, отбасын сақтап қалуға және зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталып отыр. Қанатқақты жоба некені бұзу, алимент өндіріп алу, мүлікті бөліске салу секілді дауларды қарайтын Алматы аудандық сотында, баланың тұрғылықты жерін немесе онымен қарым-қатынас тәртібін анықтау мәселелерін қарайтын ювеналды сотта және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін қарастыратын мамандандырылған әкімшілік сотта іске қосылды. 2019 жылдың басынан Әкімшілік сотта жұмыс жасай бастаған «Отбасылық сот» бүгін өз нәтижесін беріп отыр.
Аталмыш санатты істерді қарайтын әкімшілік соттың судьясы Айгүл Қайдарованың пікірінше, ең өкініштісі, көп жағдайда әйел адамдар отбасында көрген зорлыққа соңына дейін шыдайды. Тіпті 30 жыл бойы жарынан қысым көріп, таяқтың астында келген әйел адам тек өмірінің жартысы өткен соң ғана сотқа арыз беруге бел буған. Отбасының берекесін көбіне ішімдікке, нашақорлыққа, ойынқұмарлыққа салынған жандар алады. Мұндай жағдайда істі қараған судья құқық бұзушылыққа жол берген азаматтарды емделу үшін наркологияға немесе ішімдік салынған адамдардың жасырын кеңесіне жолдайды. 2019 жылы сот осындай 228 адамға қатысты ерекше талап қойған. Сондай-ақ былтыр 1232 адам психологтардан кеңес алып, 196 адам наркологияға ем алуға жолданған. Бұдан бөлек, жәбір көрген адаммен бірге зорлықтың куәсі болған кәмелеттік жасқа толмаған бала да психологтың көмегіне жүгінеді. 38 адам Еңбекпен қамту орталығына, Дағдарыс орталығына зәбір көрген 4 әйел, Аналар кеңесіне 8 әйел адам, Әкелер одағына 5 ер адам жолданды. 22 адам заңгерден тегін көмек алды. 83 отбасы соттың талабымен полиция органдарында алдын алу есебіне қойылды. Яғни ондай отбасының тұрғылықты мекенжайына учаскелік инспекторлар, кәмелетке толмаған балалармен жұмыс жасайтын инспекторлар, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы жолданып, олар тиісті шаралар қолданады.
Ал Алматы аудандық сотында жоба шеңберінде 2019 жылы некені бұзуға талпынған 1033 (2018 жылы – 1454 іс) отбасының талап арыз­дары қанағаттандырылып, шешім шығарылды. 787 (2018 жылы – 135 іс) іс тараптардың татуласуымен аяқталды. Яғни былтыр көрсеткіш бойынша сот қабырғасында ажырасу райынан қайтқан жұптар саны 42 пайызды құрады. Ал 2018 жылғы татуласқан ерлі-зайыптылар тек 29 пайызды көрсеткен. Бұл нәтижелер – «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы аясында атқарылып жатқан ауқымды іс-шаралардың жемісі.
Судьялардың пайымдауынша, көп жағдайда қарым-қатынастағы дағдарыс күйді басынан кешіп жатқан ерлі-зайыптылар психологтың көмегіне зәру. Ал осы жоба шеңберінде жұмысқа тартылған психологтар ерлі-зайыптыларға тегін көмек көрсетіп, оларға дағдарыстан шығуға, отбасы құндылығының маңызын рухани тұрғыдан жеткізуге, нәтижесінде отбасын сақтап қалуға барынша көмектесті.
Кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот былтырғы жылы «Отбасылық сот» жобасы негізінде кәмелетке толмаған баланың тұрғылықты мекенжайын анықтау және балалармен кездесу тәртібін белгілеу санатына жататын 1013 іс қарады. Сотқа арыз тапсырған отбасы мүшелеріне тегін көмек берілді. Нәтижесінде 55 ерлі-за­йыпты медиация тәртібімен және бейбіт келісімге келу арқылы өзара бітімге келген. Мұның өзі – тек сот тарапынан көрсетіліп жатқан көмек.
«Отбасылық сот» қанатқақты жобасы шеңберінде атқарылған жұмыс отбасы іргесінің берік болуына, отбасы құндылығының маңыздылы­ғына жіті мән беруге, отбасын сақтап қалуға және баланың толық отбасында қалыптасып, жетілуіне ықпал етіп отыр.

Ботагөз БАЯНОВА,
Нұр-Сұлтан қалалық сотының
ақпараттық қамтамасыз ету
бөлімінің басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды