«Отбасылық сот» қанатқақты жобасы тиімділігін көрсетті

0 27

Отбасы мәселесі, отбасы құндылығына мемлекет тарапынан ден қойылып, тиісті шаралар атқарылып жатқанымен де, соңғы уақытта отбасының ойрандауы мен отбасы құндылығының құнсызданып бара жатқаны шындық. Бұған ажырасу санының күн санап артуы дәлел, кісі өліміне соқтырған  тұрмыстық зорлық-зомбылық  та жоқ емес.

Көпке мәлім, 2018 жылдан бастап елордалық соттарда жұмысын бастаған «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы ерлі-зайыптылардың арасындағы қақтығыс деңгейін төмендетіп қана қоймай,  отбасы құндылығын дәріптеп, баланың толық отбасында қалыптасып, жетілуіне ықпал етіп отыр.

«Отбасылық сот» жобасы әкімшілік және кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарда да жұмыс жасап жатыр. Жоба шеңберінде әкімшілік сот отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы істерді, ювеналды сот бала құқығы мен мүддесіне қатысты істерді қарайды. Осы жылғы 10 айдың ішінде  елордалық соттарда 2724 неке бұзылған, 435 жұп медиация тәртібінде татуласып, 1162 ерлі-зайыптыға отбасы психологына жүгіну ұсынылған.

Алматы аудандық сотының судьясы, «Отбасылық сот» қанатқақты  жобасы шеңберінде еңбек етіп жүрген судья Майя Қасымованың пайымдауынша, жас жұптардың ажырасуының негізгі себебі – қарым-қатынасты құрудағы сауатсыздығынан. Отбасын құрған жастар өздерінің ата-ана боларын, дүниеге әкелген балалар үшін жауапты екенін ойламайды. Отбасын материалдық тұрғыдан бағып-күту олар үшін ауыртпалық болып саналады.

Бақытты отбасы болу қажырлы еңбектің нәтижесі. Бақытты отбасын құру кез-келген тұлға үшін  күш-жігер, уақыт пен қуатты талап ететін жауапты жұмыс. Отбасындағы адалдық, сыйластық, икемділік, кешірімділік таныту, жауапкершілік қасиеттері салт-дәстүрмен ұштасқан жағдайда ол үлгі тұтатын ерекше отбасына айналады. Мұндай отбасы мүшелерінің арасында береке де, ауызбіршілік те болады. Мұндай отбасындағы жылулық пен сыйластықтың нәрінен сусындаған бала да болашақ отбасылық өмірде қателікке жол бермеуге тырысады.

Ал осы отбасылық құндылықтар қалай сақталмақ? Қандай іс-әрекеттердің алдын-алу қажет? Отбасы ойрандауының басты себептері қандай? Осы сауалдарға Нұр-Сұлтан қалалық сотының бастамасымен өткен семинар барысында судьялар, психологтар мен арнайы мамандар жауап берді. Сарапшылар заманауи отбасында туындайтын әлеуметтік және құқықтық мәселелерге, отбасылық құндылықтарының қажеттілігіне тоқталды. Ажырасу істерін қарайтын судьялар жасаған талдау бойынша ажырасудың басты себептері ретінде құмар ойындарға тәуелділік пен опасыздық танылады.

Дәрігер, психотерапевт Ольга Когай кездесуде ойынға тәуелділік, яғни лудомания адамның өзіне, өз өміріне көңілі толмауынан,  жалғыздықтан пайда болатынын айтады. Ойын құмарлығына салынған адам қаржылай қиындықтарға тап болудан бөлек, отбасынан айырылуы мүмкін. Өзіне-өзі қол жұмсайтын адамдардың басым көпшілігі лудомандар. Олар үшін өмірдің де, отбасының да құны жоқ. Ойын құмарлығына берілген адамдар күнделікті уақытын бүгін жеңіске жетем деп өткізіп, шынайы өмірде жетпеген жетістігін ойын әлеміндегі табыспен алмастырып, алдамшы күн кешеді екен. Дәрігердің айтуынша, бұл аурудан толығымен айығу екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімде арнайы емделуден өтуді талап етеді.

Жаттықтырушы-медиатор, психолог Мира Жасқайрат отбасының негізін қалайтын себептер мен көрсеткіштерге толығырақ тоқталып өтіп, ажырасудың алдын-алу жолдарын айтып өтті.  Психолог отау құрған жандардың  проблема туындаған сәтте қызуқандылыққа салынбай, әрбір шешімді ой елегінен өткізіп, отбасын сақтап қалуға мүмкіндік жасау қажеттігін түсіндірді. Психолог, гештальт-терапевт Қайрат Нұрмағанбетов жас мамандарға  бақытты обасын құрудың жолдарын айтып өтті.

Кездесуден түйгеніміз, кез-келген проблемалық мәселе туындаған сәтте, адам өзгені кінәлауға көшпестен бұрын,  өзін-өзі тәрбиелеу жұмысын қолға алуы керек. Қандай болмасын қақтығысты бейбіт жолмен шешуге болады, қиындықтарды еңсеру арқылы ғана  нағыз бақытты отбасын құруға мүмкіндік бар.

Ботагоз БАЯНОВА,
Нұр-Сұлтан қалалық
сотының баспасөз хатшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды