ОТБАСЫ – ОТАННЫҢ ОШАҒЫ

0 3  135

999

Отбасы – жеке адам өмірінің мәні ғана емес, ұлт өмірінің дирижері болар мемлекеттіліктің іргетасы да. Бұлай дейтін себебіміз, адамның тұлғаға, оның өз кезегінде дара тұлғаға айналу ісінде отбасы құндылығының негізгі рөл атқаратындығы сөзсіз. 2013 жылы Президент жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып белгіленді. Оның мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту. Жылдар өткен сайын адам баласы өркениет жалына жармаса түскенімен, адам өмірінің сәнін келтіріп мәнді қылатын рухани құндылықтардан (ұлттық – автор) ажырап бара жатқан секілді. Жаһандану деп аталатын әлемдік құбылыс қармағына іліксек те, ұлттық бет-бейнемізді сақтау басты мақсат болып отырған таңда отбасы құндылықтарына мемлекеттік деңгейде ерекше ықылас қоюдың мәнін ұғынамыз.

Отбасынан жаман мен жақсыны айырып өскен тәрбиелі жанның мемлекет үшін баға жетпес байлық екендігі де даусыз. Мейірімділік пен қайырымдылық секілді адами қасиеттерді бала бойына сіңіру отбасында жүзеге асатын қасиет. Мейірімді жан – қоғамға қайырымын төгетін тұлға. Яғни, өзгеге жақсылық жасау қолынан келетін адам.

Ата-бабаларымыз, олардың көзін көріп өскен асылдың сынығы болған әкелеріміз бен әжелеріміз ұлттың қауіпсіздігін қорғауға зор үлес сіңірген жандар десек те, артық айтпаған болар едік. Өйткені, олар өздерінің саналы ғұмырын, бар күш-қуатын ұрпағының есті адам болып өсуіне арнады. Өздерінің қарақан бастарының қамын күйттемей, кейінгі ұрпағының тәрбиелі әрі ата-бабасының ісіне беті қызармауының қамы үшін ар тазалығын бәрінен де жоғары қойды. Ұрпағын да ар тазалығымен тәрбиелеуге ерекше мән  берді (Сөзімізге осы мағынадағы этнологиялық мәні биік мақал-мәтелдер, даналық сөздер дәлел бола алады). Сондықтан да, дархан байтақ даламызды атүстінде жүріп, найзаның ұшымен ғана қорғап, кейінгі ұрпаққа аманаттап кеткен рухты іс түзу тәрбиенің жемісі болса керек-ті. Ата-ана баланы ел мен жерді қастерлеуге тәрбиелеген. Ел мен жерді қадірлей білген сана батырлық рухты оятқан.

Сонымен, елдік сананың ұйытқысы – шаңырағы шайқалмаған отбасы. Қазақ баласы шаңырақты қадірлеп, қастерлей білген. Шаңырақ иесі бүкіл отбасы өміріне ұйытқы болған. Шаңырақ киелі саналғандықтан, оның иесі ер азамат та ерекше құрметтеліп, киелі саналған.

Төл тарихымызға байыппен зер салып, бала бойынан батырлық рухты оятуға себепкер болған отбасы құндылығын зерделегенде, әке феномені жіті көзге түседі. Отбасындағы әкенің рөлі, ұрпақты тәрбиелеудегі әкенің орны, ұлттың даму жолындағы әкенің қосқан үлесі тым ерекше.  Сондықтан да, қазақ «Әке – асқар таудай» деген даналықты да қалдырған. Асқар тау қандай биік болса, әке де асқар таудай рухани биіктікте болған. Әке шаңырақтың иесі, әйелі мен бала-шағасының қорғаны болған бейне ретінде ұғынылған. Қазақта отбасы иесі, ер-азаматтан «бала-шағаң, мал-жан аман ба?» деп сұрайтын болған. «Әйел, бала» деген сөз тіркестері «бала-шаға» түсінігімен алмас­тырылып, ер азаматтың биіктігін көрсеткен.

«Әке феноменінің мәні неде?» деген сауал әркімнің көкейінде тұратындығы да анық. Әке феноменін құрайтын сипаттар бір сөзділік, мәрттік, жомарттық, қайырымдылық, әділеттілік , адалдық және т.б. қасиеттермен шендесіп тұрады.

Әке бойындағы қасиетті арттыратын сапалар әкенің беделін қалыптастырып, отбасы құндылығын еселейді. Нәтижесінде, әкені айрықша құрметтеу сезімі бірте-бірте әдетке айналып, әкені ерекше құрметтейтін отбасылық дәстүрді өмірге әкеледі. Әкенің алдында қалай болса солай сөйлемеу, бейәдеп күле беру, әке айтқанын тыңдамау және осы тектес тұлғалануға жат қылықтар бас көтермейді. Қазақ даналығы: «әке тұрып, ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып, қыз сөйлегеннен без» деп өсиет етеді. Жатқылықтар болмаған жерде отбасы мүшелері арасында жарастық тамырын жайып, әке феномені өмірге келеді. Әке тұлғасын қалыптастыру мәселесі, ең алдымен, ер азаматтың өзін қадірлетуге байланысты, содан кейін, әйелдің ер азаматты сыйлай білу тәрбиесіне, үшіншіден, ата-анасының перзенттерін қалай тәрбиелейтіндіктеріне қатысты айқындалады.

Ер азамат тектілігімен өзін қадірлете білген еді. Нәтижесінде, ер азаматтың тектілік деңгейі қалыптасып, халық та тектілене түсті. Отбасының қорғаны бола білген адам Отанға да қорған болатындығы ақиқат. Өйткені, қазақы сананың тұтастығы бұзылмаған заманда сөз құдіретімен ұрпақты тәрбиелеген уақытта ер бала мен қыз баланың атына затына сай болып өсуі заңдылық еді. Қазақы отбасында ер азамат мәртебесінің жоғары болғандығы өмір заңдылығынан туындады. Ер мен әйелдің табиғатына қарай олардың қоғамдағы әлеуметтік мәртебелері анықталды. Бұл тұста оқырман осы айтқанымыздың мәніне ақыл көзімен қарауы тиіс. Олайтын дейтініміз, көпшілік әйел мәртебесін ермен теңестіріп, жоқтан өзгеге дау шығарып жатады. Мәселе теңестіруде емес, басты проблема ер мен әйелдің жаратылысына орай анықталатын алуан түрлі қызметтерінде. Соны ақылмен ойланып, өмір тәртібі мен өткен тарихымызға жіті көзқараспен қарағанда ғана шынайы өмірге жарасқан шындық келбеті көрінеді. Ата-ана ер баласы мен қыз баласын ешқашан алаламайды. Алайда, олар ержетіп, отбасы құрған уақыттағы өмір талабы басқа. Қыз бала ана бейнесіне еніп қана қоймай, оны атқара алуы тиіс, ал ер бала әке рөлін асқар таудай биіктікпен орындай білуі тиіс. Сондай қызметтерді атқаруға дайын болмаған жағдайда үй-ішінің шырқын бұзатын жанжал туындайды.

Біз қазіргі таңда «ер адам мәртебесі» деген сөздің мағынасын жете түсінеміз бе?! Жете түсінбейтін сияқтымыз. Себебі, БАҚ беттерінде болсын, күнделікті өмірде болсын ер адам, ер азамат сөздерінің орнына «еркек» сөзі тым жиі қолданылады. Жапы, біздің қоғамда өз мәнінде жете қолданбайтын «терминдер» саны артып барады. Оған бірғана мысал, «бешбармақ» сөзі. Ұлтымыздың сан ғасырлардан бергі тәрбиесіне сызат түсіретін осындай түсініктерді оңды-солды қолдану тым қауіпті. Әріден түсінген адамға, Ахмет Байтұрсынұлы дананың: ер орнында еркек қалды, көлеңкеде үркек қалды деген зары көп жәйттің мәнін ұғындырып тұр.

Патшалық, кеңестік Ресейге көгендеулі болған зар замандарда ер адам мәртебесі құрметтелуі мен әйел адамның отбасының ұйытқысы болар рөлдері «патриархалдық тәрбие» ретінде теріс ұғындырылып, ғасырлар қойнауынан келе жатқан әлеуметтік құрылым теріс түсіндірілді.

Қазіргі жаһандану заманында ұлттық дәстүрдің ұлттық мейрамдарда ғана ескеріліп, отбасы құндылығының еуропалық түсінікпен зерделенген уақытында әке феномені мен ана бейнесі өзіндік келбетінен ажырай бастады. Ер азаматты, ананы қадірлеу ісіне қатысты көптеген мәселелер де бас көтеруде. Шәкәрім ғұлама жазғандай: өзіңді кімге сыйлатып, өзің кімді сыйлайсың? Шындығында, да өзіңді өзгелердің сыйлауы үшін өзің қадірлі болуың керексің, ал өзінің қадірін білмейтін адам кімді сыйлап қарық қылады? Өзін сыйлаған адам қана өзгелерге өзіндей көзқарас қалыптастыра алады.  Өзін сыйлау дегеніміз дұрыс жүру, дұрыс сөйлеу, дұрыс күлу және тағы тағылар, бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік мәртебеңе сай болу.

Ер азамат беделінің жоғары болуына тұрмыс сәні ықпал етті. Ал, тұрмыстан сән кеткен уақытта ер азамат беделі де өзінің түпкі мәнінен айырыла бастады. Осы бір халық мінезінде болған өзгерісті тарқата айта кетсек. Адам санасына тұрмыс салттың ықпал ететіндігі сөзсіз. Ер азамат отбасының асыраушысы қызметін толық мәнде атқара алған жағдайда ғана отбасы билігіне толықтай қол жеткізеді. Бұл жерде билік мәселесіне ұлттық сана тұрғысынан қарағанымыз да жөн. Отбасы билігі деп отырғанымыз ер азаматтың әйел мен бала тәрбиесіне оң ықпал етуге қадам басқызатын қылықтары. Билік жөн көрсетіп түзу басшылық жасай алған адамның қолына жинақталады деп айтсақ, қателеспеген болар едік. Қазақ халқында «әйелді – бастан, баланы – жастан» деген даналықтың астарында тәрбие қуаты жатыр.  Түсінген адамға әйел болудың өзгеше өмір мектебі екендігі белгілі. Себебі, әйелдің атқаратын ерекше өмірлік мәні жоғары қызметі сан ұрпаққа жеміс береді. Оны тарих жүзі дәлелдеп отыр. Қыз баланың өз үйіндегі тәрбиесі жат жұртқа барғанда оның одан арғы өміріне бағыт болғанымен, әйелдік міндетті дұрыс атқаруы, барған жерінің үйретуіне әрі өзінің үйренемін деген ықылас ниетіне де тәуелді. Бұл екі жаққа да тәуелді мәселе. Үйретуші мен үйренушінің екі жақты қарым-қатынасы жемісті болғанда ғана елдік санаға ұйытқы болар отбасы қалыптасады. Ата мен ене мектебі жаңа түскен келінге өмір мектебі екендігі рас. Сол өмір мектебіне икемделген жан ғана аз жылдан соң сол әулеттің беделді мүшесіне айналып, ақырында, ақылшы ана кейпіне ене береді. Сөйтіп, өзіне дейінгі әжелер институтының жалғастырушы буынына айналады. Әрине, бүгінде осы бір өмірлік мәселе өзінің алғашқы мәнінен ажырап қалды. Өкінішке қарай, қазақ отбасылары арасынан ата-анасын қарттар үйіне тастап кету және т.б. басқа адам айтқысыз тексіздік істер де жиі кездесуде. Бұл дегеніміз, ел ішіне енген тасбауыр  қылық, нағыз трагедия. Қасіреттің ең үлкені ақиқаттан адасу. Ақиқаттан адасқан адам құдайды танудан қалып, құдайдан қорықпайтындар қатарын арттырады. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген мақал сөзімізге дәлел. Ал, мұсылман діні ата-ананы құрметтеуге ерекше мән береді.

Қазақ тарихына үңілгенде аталар мен әжелер институтының ұрпақ тәрбиесінде салмақты орынды иеленгендігін зерделейміз. Ата мен әже даналығы баланың өмірге бейімді болуға жетелейтін еді. Сонымен, адамның қоғамнан өзіне тиесілі орынды иелену ісі түзу тәрбие қуатына қатысты анықталмақ-шы. Қоғамға сіңісу дегеніміз  өзгелерді өзіңдей құрметтей білу. Бұлай дейтін себебіміз, өмір мектебінен өту мәселесі адам бойында қалыптасатын адами сапаларға байлаулы.

Баланы түзу тәрбиелеу тектілік қалпы екендігі ақиқат. Түзу тәрбие алған адам – иманды адам. Қазақтың дәстүрлі қоғамында балаға, ең алдымен, діни білім берілген еді. Алаш зиялыларының барлығы ишан, молдалардан білім алған жандар. Діни білім арқылы өмірдің мәні ұғындырылды, өмір ақиқаты түсіндірілді.  Қазақтың мұсылманшылығы Арыстан бап, Иассауи даналардың жолымен сүрленген имандылыққа негізделген еді. Ұлттық дәстүр ислам қағидаларына қайшы келмегендіктен де, мұсылманшылық тұтқасымен қабысқан еді. Қазақ болмысының алғырлығы, өмір ақиқатын ұғынған білімі мен білігі ел сүйгіш тұлғаларды қалыптастыруға негіз болды.

Сонымен, түзу тәрбие адамды кемелдендіріп, даралық иесіне айналдырады. Түзу тәрбиелі адам тоғышарлықтан ада болып, жұртына адал қызмет етеді. Адалдық дегеніміз – адамның бүкіл ғұмырында бағыттаушы рөл атқаратын рухани құндылық. Адалдық ана сүтімен дариды. Адалдық категориясының теориялық және практикалық қырларын талдау өте маңызды әрі тым өзекті де. Олай дейтін себебіміз, адалдық болмаған жерде түзу отбасы, мемлекеттілік іргетасы берік қаланбайды. Сондықтан да, өрімтал жасты адалдық қалыппен тәрбиелеу мемлекеттілік, жұрт болып жұмыла атқаратын іс. Жұртына адалдық ең алдымен отбасына деген жанашырлықтан, тәрбиелі қалыптан өріс алатындығын да ескеруіміз шарт. «Жақыныңды жаттай сыйла» деген қазақ даналығы да бар.

Өмірді ұғындыратын кең түсініктер. Түсінігі кең адамның қоғамға игілігі де көп тиеді. Қазақ даласында әр түсінік өзінің мағынасымен қолданылған. Мәселен, ер азамат ұғымы отбасының қорғаны, елдің панасы болар тұлғаға арналып айтылған. Өкінішке орай, өткен ғасырларда қазақ ұлты мойнына артылған отаршылық қамытынан шыға алмай, күші жетпегендіктен күштінің әлімжеттігіне амалсыз көніп, көнбістің күнін кеше бастады. Буырқанып бұлқынған ұлттық сана ақырындап булыққан күйі дәрменсіздіктің күйін кешті. Тұрмыстың тепкісінде қалған ұлттық рух, күн көріс, бала-шаға қамын күйттеу ісінен аса алмады. Бір қарағанда, адалдықпен бала-шағаның қамын ойлаудың өзі ұлттық сананың айқын бір көрінісі, естілік келбеті. Есті адам ұрпағының қамын ойлап, елдік санаға қызмет етеді. Қазақ тарихындағы Батырлық рухтың үлгісі ата-баба-әке тәрбиесінен бастау алғандығы  шындық. Ахмет Байтұрсынұлы «елде жоқ рух ақын сөзінде қайдан болсын» дегендей, елде рух болу үшін отбасы мүшелерінің бойында рух болу керек. Қазақ даналығы айтқандай,  «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің».

Сонымен, отбасы құндылығын сақтау әрі оны кейінгі ұрпаққа аманаттау қазақ өркениетінің темірқазығы болып табылады.

Құралай СӘРСЕМБИНА,

тарих ғылымының кандидаты, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 2 =