ОТБАСЫ КҮНІ ЖАРАСЫМ МЕРЕКЕСІНЕ АЙНАЛСА

0 265

Биылғы көктем ерекше. Олай болатын себебі, күні кеше – көктемнің алғашқы күнінде Мемлекет басшысы Қазақстанда жаңа мерекені атап өту жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Осылайша, қыркүйектің екінші жексенбісі – отбасы күні болып белгіленді.

Бұл – әрине, қуанарлық жайт. Өйткені, қазіргі кезде отбасын құра алмай жүрген жастар көп. Жаңа мерекені атап өту арқылы ажарына ақылы сай, көрікті те көркем бойжеткендердің карьера жасауды ғана ойламай, алдымен тұрмыс құрып, түтін түтетуге асығуы керектігіне көз жеткізе алсақ, қандай жақсы!
Жалпы, орыстарда осыған ұқсас «Родительский день» деген мерекенің барын бәріміз білеміз. Олар бұл күні ата-баба, туған-туыстарын еске алып, қабірлеріне барып гүл қойып, құрмет көрсетсе, өзбектер де дәл солай: жыл сайын «Хатира күні» жақындарына ас беріп, құран бағыштап бейіт басына барады.

ӘКЕЛЕР ӘСПЕТТЕЛСЕ

Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрып, қанат қағар ошақ қасы, алтын бесігі ғана емес, ол – шағын мемлекет. Оның өз заңы, өз қағидалары болады. Өкінішке қарай, соңғы кездері кейбір отбасындағы әкенің рөлі төмендеп барады. Ана үйде отырып бала бағып, әке сыртта нан табудың орнына, керісінше, тірлік кешіп жүргендер жетерлік. Ендеше, отбасы мерекесінде бала тәрбиесіндегі отбасының ықпалы жайында ұзақ-сонар әнгімелер өрбітіп қана қоймай, ұлын-ұяға, қызын қияға қондырып, өмірдің талай ащысы мен тұщысын көрген өнегелі отбасыларды жастарға үлгі етіп, марапаттасақ, қандай ғанибет болар еді.

Жетімін жылатпаған елміз

Қазақ – қашан да жесірін жауға бермеген, жетімін жылатпаған ел. Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауында әр қазақстандық отбасының әл-ауқатын жақсартуға, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған іс-шаралар міндеттеледі. Биыл да «Біздің елімізде толық емес отбасылар көп. Мемлекет баланы жалғыз тәрбиелеп жатқан аналарға көмектесуі керек» деді Мемлекет басшысы. Өйткені, бүгінгі бейбіт өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер бар. Балалар үйлері толы. «Бұл, өкінішке қарай, жалпыәлемдік үрдіс және жаһанданудың сынағы. Бірақ біз бұл үрдіспен күресуіміз керек. Мемлекетіміз бен қоғамымыз жетімдерді асырап алуды және отбасы типіндегі балалар үйлері салынуын көтермелеуі қажет». Бұл ретте «Аружан және Ко» продюсерлік орталығының директоры Аружан Саин қазақстандықтардың жетім балаларды асырап алуын жеңілдету үшін заңнамалық тұрғыдан жағдай жасау қажеттігін алға тартты. Шетелдік азаматтардың бала асырап алу үшін неге Қазақстанға келетіні жайлы ойланған ол шын мәнінде осыдан 100 жыл бұрын шетелдерде жетім балалар үйі қалыпты құбылыс болғанын, олардың жетім балаларды асырап алу жөніндегі жұмысты жүйелі жүргізіп, жағдай жасауының нәтижесінде оларда қазір балалар үйінің жоқ екенін тілге тиек еткені де есімізде. Ал, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова қазақы отбасы құндылығы әлі де болсын сақталғанын, тек оны әрі қарай дамытып, отбасы құндылығын кеңінен насихаттауымыз керектігін ескертеді. Сондықтан да, отбасы құндылығы кез келген мемлекеттің ұстанып отырған басты саясаты екенін естен шығармайық.

Қайта қосылушылардың қатары көбейсе

Соңғы деректерге сүйенсек, еліміздегі отбасылардың саны 4 миллионнан асып отыр. Олардың 70 пайызға жуығының құрамында 3-тен 5-ке дейін адам бар. Елордадағы Алматы, Есіл және Сарыарқа аудандары АХАТ бөлімдері баспасөз қызметкерлерінің мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылдың басынан бері Астана қаласы бойынша 1200-ден астам азаматтың некесі тіркелген. Бүгінгі күнге дейін олардың 460-сы ажырасып үлгерген. Қайта табысқандардың саны онға да жетпейді. Демек, отбасы күні отбасылық жарыстар ғана емес, осындай жастардың жарасым тауып кетуіне арналған кештер де ұйымдастырылса. Қысқасы, бұл қазақстандық отбасылардың берекесін арттыру үшін қазақтың отбасылық дәстүрлерін жаңғырту күні ғана емес, ажырасқандарды қайта табыстырар жарасым мерекесі болса дейміз.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ,
g.mamyraimova@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − seven =