©2020 Астана Ақшамы
Отбасы — асыл құндылық
Рысты ЖҰМАБЕКОВА, Астана қаласы Балалар құқықтарын қорғау департаментінің директоры
Елбасы биылғы Жолдауында білім саласын нығайтудың, ана мен баланы қорғаудың өзекті мәселелеріне тоқталды. Құжаттың «Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік» деп аталатын бөлімі менің назарымды ерекше аударды. Неге десеңіз, мұнда қоғамның әлеуметтік жағдайы төмен топтарына, жұмыс-сыздарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөлу қажеттігі айтылған.
«Бейбіт өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер бар – балалар үйлері толы. Бұл, өкінішке қарай, жалпыәлемдік үрдіс және жаһанданудың сынағы. Бірақ біз бұл үрдіспен күресуіміз керек» деді Президент осы Жолдауында. Елімізде жәутеңдеген жетімдер санын азайту үшін алдымен «көкек» әкелер мен аналардың санын азайту мақсатында жұмыс жүргізуіміз қажет. Ол үшін Елбасы нақты айтып өткендей, елімізде ерлі-зайыптылардың ажырасуын азайтып, жастарға отбасы құндылықтары туралы түсінік беру маңызды.
Бүгінде жергілікті жерлерде Жолдауды қолдау мақсатында жалпы ұлттық іс-шаралар жүзеге асуда. Соның бірі – жетім балаларды асырап алушы азаматтарға мемлекет тарапынан моральдық қана емес, материалдық тұрғыда қолдау көрсетілуі. Бұл толыққанды отбасылардың санын арттырып, еліміздегі жетімдердің санын азайтуға ықпал етеді.
Жасыратыны жоқ, отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі жақсы емес. Бұл тұралы құжатта ана мен балаға қарсы бағытталған қылмыс үшін, сондай-ақ, осы саладағы ең ұсақ деген заңбұзушылықтар үшін жазаны күшейту жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізілуін ана ретінде, бала құқығын қорғау саласының қызметкері және ұлт болашағының жанашыры ретінде қолдаймын.
Президент ұсынған «Қазақстан-2050» стратегиясы біздің болашақ табыстарымыздың, үстіміздегі ғасырдың ұзақ жолының бағдары болмақ. Біз Жолдаудан туындаған міндеттер жолында еңбек етіп, күш жұмсайтын боламыз.