«ОтАсу»

0 187

Дәл осындай атаумен, сыртында қып-қызыл оттай болып батып бара жатқан күн мен шегі көкжиекпен астасқан мөп-мөлдір судың, әлде көк теңіздің суреті бар қалың кітап жарыққа шықты. Оқырман қолына жаңа тиген басылымның авторы – қаламы қарымды журналист, «У» роман-эссесін жазған, «Алаш-АЛЖИР» кітаптарын шығарған Болат Жүнісбеков.

 

"ОтАсу". Болат Жүнісбеков. Кітаптың аты неге «отАсу»? Өйткені, «өмірдің өзі отАсу. Жай ғана отасу, тағдыр қосу емес, нағыз От пен Судан асу, яғни, «отАсу». Роман-диология жасында жалынды, «есейгенде» сабырды серік еткен тау тұлға, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрамағамбетовке арналған. Екі бөлімнен тұрады: біріншісі – «От», екіншісі – «Су».

Қолға тиген су жаңа кітапты парақтадық, сараладық, оқыдық, ой түйдік… Алғысөз орнында автордың баһадүр батырмен сыр-сұхбаты. «Біртуар тұлғалардың орны тарихта орасан, – дейді онда Болат Жүнісбеков. – Бұл – жұрт мойындаған шындық. Заманалар көшінде асыл ақыл-ой мен ересен ерік-жігер адамзаттың даму үрді­сін сан мәрте сеңдей соғыстырып, талай рет күрт өзгертті».
Иә, бұл жолдарға дәлел іздеудің қажеті шамалы. 1917-дегі Қазан және басқа төңкерістер, 1941 жылғы екінші дүниежүзілік соғыс… Осының соңғысында-ақ әлем халықтарының сексен пайызы шарпылып, жүз он миллион кісі ажал құшағына оранған. Сергелдең тағдырлар мен төгілген көз жастарын айтпағанда…
Міне, осындай жаһандық дүрбелеңнің бірегей кейіпкері – Сағадат. Адамзаттық тағдырдың шатқалдары мен шырғалаңдарында шыңдалған Сағадат… Азат елдің қорғанысын тұрғызған, ұлттық рух пен Қазақ намысын ту қылған Сағадат. Төрт жүз отыз беттің тұла бойында қан кешеді, от оранады, ерлік пен өрліктің биігінен көрінеді. Машақат пен кедергілерге, азап пен қасіретке толы ғұмырында сабырлылығымен, қайратымен, ақылымен сан мың асуларды бағындырып, межелі белестің шыңынан өмір айдынына дәл қазіргі нартұлға қалпында байсалдылықпен көз тастайды.

«Біздіңше, от – жанарда мөлт еткен Сәуле, жүректе лүп қаққан сезім, шапағы кең-байтақ Күн-шуақ…

Су да солай, жанарда мөлт еткен Тамшы, санадан тіл қатқан Сабыр – құшағы шалқар Мұхит, дархан жүрек, мелдектеген мейірім емес пе?!

Тегеурінді тұлғаның темірдей сенімі ойды тербеп, намысты тергеп, от сезім мен жалын жігерге салқын сабырды серік етеді. Бұл енді ерекше хәл!» Автор кітаптағы мұқым жолда осындай ерекше хәлдерді суреттейді, батырдың ішкі һәм сыртқы бейнесін сомдайды. Сын сағаттарындағы ой мен сезімді, қимыл мен әрекетті сөз етеді.
Хош, ерлік пен елдік, батылдық пен кісілік қасиеттері тоғысқан «отАсу» сіздің де төріңізден табылсын!

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + ten =