«Отардағы» Отан қорғау сынағы

0 101

«Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев Қазақстан Пре­­зидентіне әскердің шеруге да­йындығы туралы баяндады. Мемлекет басшысы өз сөзінде әскери қызметшілерді, ардагерлер мен барша қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, Қазақстан армиясы далалық жерлерде жыл сайын жедел және әскери дайындық бойынша 250-ден астам іс-шара өткізетініне тоқталды» деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі.

Қазақстан Қарулы күштерінің кәсіби машығын, үйлесімділігі мен мүмкіндіктерін, қолданыстағы қару-жарақтарын көрсетіп, шынайы ұрыс ойынын паш еткен парадқа 7 мың әскери, 400-ден астам әскери техника, 80 ұшақ және тікұшақ қатысты.

Құрлық әскерлері мен Әуе қорғаныс күштері зымырандар атудың, бомбалаудың, қару-жарақтың барлық түрімен қойын-қолтық соғысудың барлық түрлерін көрсетті. Әсіресе, жиналған жұрт «Жетісу» мен «Сұңқар» ұш­қыштар тобы көрсеткен әуедегі қиян-кескі, қашты-қуды ұрыс салудың шеберлігіне тәнті болды.

Шартты жаттығуда көктен шүй­ліккен «жаудан» аспанымызды Әуе қорғанысы күштерінің әуе шабуылына қарсы «С-125» зениттік-зымырандық кешені қор­ғады. Зымырандық әскер мен артиллерияның үсті-үстіне шабуы­лы армиямыздың еш елден кем емес­тігіне тағы бір көз жеткізгендей болды. «Точка-У» тактикалық зы­мырандық кешені, «Град» және «Прима» дүркін отшашу зы­мырандық жүйесі, МСТА-Б және Д-30 зеңбіректері, «Солнцепек» ауыр отшашу зымырандық жүйесі, «Штурм-С» танкіге қарсы зымырандық кешені атқан оқ нысанаға дөп тиіп жатты. Бұл парадта, сондай-ақ, қатысушылар әскерилердің жаңартылған омунициясын да көрді. Парадқа қа­тыс­қан Қарулы күштер бөлім­шелері, әскери оқу орындары, ІІМ ішкі әскерлері, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелері, сондай-ақ, Республикалық Ұлан рәсім батальонының заманауи үлгідегі киімдерінің өзі әскердегі әлеуеттің жоғарылағанын аңғартты.

Сонымен қатар, Президент бас­пасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбековпен және Қарулы күштер генералитеті өкіл­дерімен бірге отандық кәсіп­орындардағы жаңа және жаң­ғыр­тылған әскери техника үлгі­лері­мен танысты. Қару-жарақ көр­месін «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ құрамына кіретін Қазақстанның қорғаныс кәсіпорындары ұйым­дастырыпты.

Елбасына әскери, азаматтық және қосарлы мақсаттағы арнаулы техникалар, соның ішінде штабтық, жауынгерлік, медициналық, іздестіру-құтқару машиналары, радиорелелік станса, қарлы-бат­пақты жерлерге арналған «Тұл­пар» машинасы, Қазақстанда құ­растырылатын Еурокоптер маркалы «ЕС-145» тікұшағы, ұшқышсыз ұшатын аппараттар мен қару-жарақ, техника мен киім-кешектің өзге де түрлері көрсетілді.

Үйдей экрандардан тамашалады

Әскери шеруді елордалық жұртшылық үлкендігі үйдей LED-экрандардан тамашалады.

Атап айтсақ, «Қазме­диа­ор­та­лығының» қасбетіндегі мониторлар арқылы «Хабар», «Ел­арна» агенттіктері таратқан тіке­лей эфирді көруге 500-ден аса халық жиналды. Сонымен қатар, қаладағы «Ажар», «Мега-Астана», «Сарыарқа», «Керуен», «Хан шатыр», «Азия Парк» сауда, ойын-сауық орталықтарында, әуежайда, теміржол вокзалы мен «Сапаржай» автовокзалындағы үлкенді-кішілі экрандардан демалушы, жолаушы жұрттың шеруді көруіне жағдай жасалды.

Өз тілшімізден

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − 2 =