Отаныңды танып біл

0 154

Елордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында астаналық жас өлкетанушылардың форумы өтіп, үздіктері марапатталды.

Алдымен «Жалын» пат­риоттық қозғалысының сая­хатшылары өздері жү­ріп өткен экспедициямен таныс­тырды. Экспедицияның мақсаты – өлкетану туризмін қалыптастыру, оған мүмкіндік беретін табиғи, тарихи және әлеуметтік-экономикалық нысандардың жол картасын жасау. Оқушылар Райымбек батыр атындағы «Қазғарыш» мектеп-лице­йінің география пәнінің мұғалімі, «Өлкетану» жобасының жетекшісі Қабанбай Жақыповпен бірге тарихы терең жерлерге саяхаттады. Олардың ішінде Аяққамыр мазары, Қарашаш ана мазары, Ибрагим ата кесенесі, Сайрам, Отырар, Түркістан, Қазығұрт, Ұлытау, Шарын шатқалы, Ерейментау, Үстірт сияқты киелі жерлер бар.
№40 мектептің 9-сынып оқушысы Аружан Қоянбае­ва: «Мектептің экспеди­ция­сымен еліміздің көрнекті жерлеріне саяхат жа­са­дық. Осы уақытқа дейін Жез­қаз­ған, Баянауыл, Түркістан, Сырымбет өлкесіне бардық. Қазақстанның кең-байтақ жерін көріп, барған сайын әртүрлі әсер алатынымыз анық. Балалар бұл жерлерді зерттеп қана қоймай, оның тарихын терең түсініп, көптеген қызықты мәліметтермен таныстық. Биыл да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жолға шы­ғуға әзірленіп отырмыз» деп саяхаттан кейінгі өз әсер­лері­мен бөлісті.
Бірінші кезең жеңімпаздарының бірі №13 орта мектебі Астана қаласында туризмге бағытталған мектеп болып саналады. Балалар биіктігі 4010 метрлік Абай шыңына шыққанымыз ерекше есте жатталып қалды дейді. Сондай-ақ, қазақтың бірнеше ханы тақта отырған Ұлытау өңіріндегі Хан ордасын өз көздерімен көріп қайтты.
Биыл елордалық мектеп пен колледждерінде экспедициялық топтар құрылып, екі мыңнан астам оқушы сая­хатқа шығады деп кү­тілуде.
Форум соңында жас саяхатшыларға мақтау қағаздары мен жүлделі орын иегерлеріне сыйлықтар табысталды.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − fourteen =