Отаным, саған арнадым!

0 133

Қазақстан дегенде көз алдымызға шалқар дала, өріс толы мал, айдын көлдер, көгілдір таулар елестейді.
Республикамыздың бір өңірінде азынай соққан аңызақ салқын самал орманға тіреліп, құм сусыған жазық дала көгілдір көлмен шектесіп жатады. «Мың құбылған түрі бар, сан иірім сыры бар» қазақ елі-ай, шіркін!
Махаббатым! Жанымның ­қуаты – әнім!
Әр мезгілгі бейнеңді ұнатамын.
Мен түсімде ұшсам да қанат бітіп,
Саған сеніп ұшамын, Ұлы Отаным, – деп Күләш Ахметова жырлағандай, сонша ыстықсың бізге.Біз тұлпарлар тұяғы дүбіріне елтіп, тізеліні бүктіріп, ханының басын еңкейткен, Көк тәңірісі қолдап, кең далада кербез киіктей көркем ғұмыр кешкен ұлы түріктің ұрпағымыз. Қарт Қаратаудың қасиетін, асқақ Алатаудың айбынын бойына сіңіріп, бөрілі байрақ көтерген бабалар дәстүрі –тамырында ата қаны мұздамаған, бақ қонып, Қыдыр дарыған, бүгінгілер үшін батырлық пен баһадүрліктің, тектілік пен тереңдіктің мәңгілік мәнін жоймас рухани белгісі. Осынау бұлжымас берік дәстүрлер жалғасы уақыт үңгіген, жылдар жұлмалаған, сан ғасырлар иілсе де сынбаған кәрі емендей қайсар халықты мұқалт­пай, мыңжылдықтар тоғысына жеткізеді.
Қазақстан – татулығы жарасқан шаңырақ. Осы шаңырағымызды құлатпау үшін егеулі найза қолға алып қорғаған да – ата-бабаларымыз. Бүгінгі жарқын болашаққа да сол батыр бабаларымыздың арқасында жетіп отырмыз. Бұл күнге халқымыз небір қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешіріп, тарих сынынан өтіп, мың өліп, мың тіріліп жетті.
Тәуелсіздіктің туы басында ­Тәуке, Абылай, Кенесары хандар, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Қарасай, Барақ, Райымбек сынды батырлар, берідегі Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Сәкен секілді зиялыларымыз тұр.
Тарих тегершігі мың сан айналып барып, ақыры тәуелсіздігімізбен қауыштырды. Отарлық жүйеге қарсы кеудесінде ұлттық намыс оты лаулаған жастар 1986 жылы желтоқсан айында, сірескен көк мұздың үстінде ерлікке, жасықтықтарын ұлағаттылыққа бастап, тәуелсіздікті ту етіп алып шықты. Шындық үшін шырылдаған Қайрат, Ербол, Ләззат сияқты аға-әпкелеріміздің есімі тарихқа алтын әріппен жазылып қалды…
Тәуелсіздік – елдің ең биік тұғыры. Шүкір, Қазақстан мемлекет ретінде дүниежүзілік қауымдас­тықтан өз орнын алды. Қазақ елінің елдік белгілерін аңғартатын ұлттық рәміздері мен нышандары қалып­тасты. Азат Отанымыздың ар-намысы болатын, қарапайым азаматтың құқығын қорғайтын, өркениетті елге тән Ата заңымыз қабылданды. Ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды.
Елбасымыз Нұрсұлтан ­Назарбаев: «Бостандық пен тә­уелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз, оны табанды түрде қорғап, нығайтып, ұрпақтарға қалдыру қажет» деп атап өткендей, Қазақстанның келешекте дамыған, өркениетті ел боларына кәміл сенеміз.
«Рухы күшті ел – алынбайтын қамал» дейді халық нақылы. Бұл үшін әрбір ұрпақ өз елін, өз жерін, оның адамдарын жан жүрегімен сүюі тиіс.
Қазақ даласынан күмбірлеген күй, әсем саз, қасиетті қазақ халқының ұлттық аспабы – домбыра үні естіледі. Мың бұралған биіне көзің тоймайды. Әндерінің құдіреттілігін тілмен жеткізе алмайсың.
Елім менің… Халқымның кешегі тарихы қара түнек, бүгінгісі жарқын, болашағы одан да жарқын бола бергей!

Ақсәуле БАЙҒАЗЫ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университетінің студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 4 =