«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Отаншылдық балабақшадан басталады

0 7

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында «Депутат күні» аясында «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңының талаптары орындалуы талқыланды. Жиында қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Мемлекеттік рәміздерді зерделеу, насихаттау және қолдану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, қазақстандық патриотизм мен елдің тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарауды қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.

282564672_3185601921711605_501796439630884308_n

Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай қалалық және республикалық деңгейде өткізілетін арнайы іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтып өткен баяндамашы тиісті жұмыстар сол жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді. Одан соң мамыр айында өткізілген, алда өтетін шараларға тоқталды.

Оның айтуынша, Мемлекеттік туды көтеру рәсімі, бір мезгілде әнұранды орындау, конференция, семинар, мерекелік концерт, авто-мото шеру, түрлі танымдық сайыс­тар, суреттер мен шығармалар байқауы сынды жалпы саны 200-ден астам шара өткізу жоспарланған.

4 маусым күні сағат 10.00-де «Атамекен» алаңында Мемлекеттік туды көтеру салтанаты болады.

Сол күні сағат 11.00-де «Тәуелсіздік тірегі» атты ­авто-мото шеру өтетінін айтқан ол оған 50 жеңіл автокөлік пен 10 мотоцикл қатысатынын жеткізді. Мемлекеттік туды алып өтетін шеру «Атамекен» Қазақстан картасынан басталып, Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай 30 шақырымды жүріп өтеді. Бұған қоса, сол күні сағат 10.00-де Қаламгерлер аллеясында «Тіл және рәміз – тәуелсіздік жаршысы» атты патриоттық шара өтеді. Оған 50 ерікті қатысады.

– Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай қала көшелері арнайы тақырыптық безендірілуде. Мемлекеттік туды үлкен көшелердің бойын­дағы көпқабатты үйлердің қабырғалары мен балкондарына ілеміз. Қала даңғылдары мен негізгі көшелердің билбордтарына, LED экрандар мен аялдама пилондарына жалпы 200-ге жуық тақырыптық құттықтаулар, қанатты сөздер орналастырылды.

Мемлекеттік рәміздердің қолданылуын тексеру мақсатында білім мекемелерінде рейдтер өтіп жатқанын айтқан басқарма басшысы осындай рейдтер жыл соңына дейін басқа да мекемелерде жалғасатынын жеткізді. Жалпы Мемлекеттік рәміздер мерейтойына арналған шаралар 4 маусыммен ғана шектелмей, жыл соңына дейін жүретінін айтты.

Қалалық мәслихат депутаты Ерлан Дәкенов алда өтетін шаралар туралы халықты құлақтандыру керектігін айтып, 4 маусым күні Мәдениет және спорт министрлігі елордалық филармонияда патриоттық форум өткізетінін жеткізді. Мәслихат депутаттары ­Ләззат ­Разбекова-Төлеуханова, Нұрдәулет Оразханов баян­дамашыға тақырыпқа сәйкес сұрақтар қойды.

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов, жиынды қорытындылай келе, бірнеше ұсыныс айтты. Соның ішінде Мемлекеттік рәміздерге қатысты мемлекеттік органдардың жүйелі ведомствоаралық бағдарламасы болуы керектігін атап өтті.

– Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттігіміздің, тәуелсіздігіміздің нышаны. Оны қадірлеу, құрметтеу, қастерлеу және әрқашан да биік ұстау – патриоттық сезімнің ең басты үлгісі. Әсіресе балабақшалар мен мектептерге көңіл бөлу керек. Бұл салаға бүкіл мемлекеттік органдар өз үлесін қосу қажет. Рәміздердің 30 жылдық мерейтойымен немесе 4 маусым күнімен ғана шектелмей, тиісті шараларды тұрақты түрде өткізу керек. Рәміздерді қастерлеу – баршамыздың парызымыз, – деген Ерлан Каналимов рәміздерді құрметтеу мен насихаттаудың әлемдік үлгісін, соның ішінде АҚШ пен Біріккен Араб Әмірліктерінің тәжірибесін атап өтті. БАӘ-де әуежайдан жолаушыларды тумен қарсы алатынын тілге тиек етті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды