Отаншылдығыңыздың «дозасы» қандай?

0 105

6

Сауда тілі – қоғам тілі деген ұғым бар. Яғни, кез келген басқа салалар секілді, қызметте, саудада сіз қай тілді тұтынсаңыз, сол тілдің қазығын тереңірек қағып, қоғамды сол тілге арқандайсыз деген сөз. 

Осы қағиданы ұстанған­дықтан, ұлттық идеологиясы мықты елдерге барсаңыз, ол елдер өздері бекіткен тілде сөйлемейінше сізге жауап бермейді. Мәселен, Францияға барсаңыз, өз тілін әлемге үстемдік ете бастаған ағылшын тілінен қорғауды мақсат еткен француздар сіз «халықаралық тіл ғой» деп, ағылшыншалап «мынау неше тұрады» деп сұрасаңыз да, кез келген дүңгіршектегі сатушы сізден теріс айналып жүре беруі мүмкін…
Иә, сауданың тілі – қоғамның тілі. ХVІІІ ғасырда сонау шалғайдағы Тройцкіге қазақ тілінің кең тарауына да Мұнанай базарына апарып малын сатқан қазақтар сеп болғаны мәлім.
Ендеше жайшылықта ел, тіл, отан туралы емірене ай­тып, ұлтшылдығы мен отаншыл­дығымен елді емірент­кен кейбір замандастары­мыздың кәсіп бастаса, жарнамасын орысша жасап, қызмет көрсетуде орыс тілін қолданып, өз ұстанымына сатқындық жасап кете беретіні неліктен? Қандай кәсіп бастасақ та, неге жарнамамызды түгел орысша жазуға құмартамыз?..
Кәсіпкерліктен түсетін пайда мен тіл мәселесі қатар келгенде пайданы ойлап, тіл ахуалына көз жұмып кете беретінімізден бе? Бұл «алтын көрсе, періште жолдан таядының» кері емес пе?
Иә, рас, әркім өз арбасын өзі сүйресе, мемлекетке азаматтығын міндетсімесе, масылдық мінезге бой алдырмаса, оның өзі – отаншылдық, қарапайым ғана отаншылдық. Оның өзі мемлекетке пайда. Алайда, бұл пайда қай пайда? Біз өз кәсібімізді өрге домалату үшін мемлекеттік тіліміз туралы ел мүддесін аяққа таптап кетіп отырған жоқпыз ба?
Кейбір жарнаманы «ресми тілде» жазбасақ, ел түсінбейді делік. Біздегі қоғамдық тенденция солай екені де анық. Бұл – құлдық психология қалыптастырған үрдіс. Ал біз сол үрдіске дем беріп, көш ортасында үріп жүре беретін болсақ, өзгерісті кім жасайды, тілдік ахуал қалай оңалады? Біз қоғамдағы жағдайға, ал қоғамдағы жағдай бізге тәуелді болса, жауапкершілік кімге жүктелмек?
Хош. Тіл мен табыс қатар келгенде кәсіпкерлік заңы бойынша әрбіріміз табысты таңдадық. Ал енді біздің іскерлігіміздің бәрі орыс тіліне ғана келіп тіреліп тұр ма? Жарнамаңды орысша жазсаң, опырып ақша табасың деген кепілдеме бар ма? Тапқан табысымыз тілімізге сатқындық жасап, мемлекеттік тіл мүддесін аттап өткен арсыздығымызды «ақтай» ма?
Сонда тұтынушы алдымызға көрсеткен қызмет пен ұсынған өніміміздің сапасына емес, орыс тілінде құлақтандырып, шақырғанымызға қарап келеді деп ойлаймыз ба?
Онсыз да еліміздегі әртүрлі жарнамалық басылымдар мен сайттардағы жарнамалардың 97 пайызы – орыс тілінде. Ал жеке кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарымыздың ешқайсысы да өз кәсібінің алдына тілдік мүддені қоса қоюға мүдделі емес. Бұған мүддесі, ұстанымы, идеясы, ұлтжандылығы өзімізге шамалас аза­маттар қосылған соң не үміт қалды?..
Осы мақаланы жазып отыр­ғанда жайшылықта «тіл, тіл» деп жүріп, өз немерелерімен орысша сөйлесетін ағаларымыз көз алдыма келді. Сол мінездің кейінгі толқын-жастардың бойына да жұғып бара жатқаны өкінішті.
Белгілі ақын, Мемлекеттік сый­лықтың иегері Ұлықбек Есдәулет ағамыздың бір сөзі ойыма оралды. Қайсыбір сұхбатында ағамыз: «Әр адам ақын. Әр адам­ның бойында ақындық бар. Бірақ оның «дозасы» әркімде әрқандай» деген еді. Менің түсінгенім, ұлтжандылықтың, отаншылдықтың, адал азамат­тық­тың «дозасы» да әркімде әр­қалай болады екен. Кейбір заман­дастарымыздың ұлттық мүддені, азаматтық қоғам құру мәселесін ту ете жүріп, мәселе өз басына келгенде ұстанымынан айнып, солқылдақ мінез танытып шыға келетіні содан.
Ал біз отандастарымыздың тауда да, сайда да елдік мүддеге аса адал болғанын қалар едік.

Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + 8 =