«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Отанның тірегі – отбасы

0 330

Астана қалалық мәслихатының депутаты Мәжит Шайдаровтың пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің алдын алуға бас қаланың барлық ведомстволары, департаменттері мен басқармалары атсалысуы тиіс. Оның себебі – отбасылық жанжалдар өзінен-өзі туындамайды, оған итермелейтін бірнеше фактор бар. Мәселен, жұмыссыздық, баспананың жоқтығы, ішімдікке салыну және нашақорлық.

Бірінші жағдайда Жұмыспен қамту, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы, екінші мысалда Тұрғын үй басқармасы, ал үшіншіде Денсаулық сақтау басқармасы отбасындағы ахуалды алдын ала зерттеп, қайғылы оқиғаларды болдырмауы тиіс. «Біздің басты мақсатымыз – отбасындағы бірлік пен берекені сақтау. Отбасындағы жағдай бала тәрбиесіне де әсер ететіні сөзсіз. Ынтымағы ұйыған отбасында бәрі дұрыс болады, дені сау, психология­лық ауытқушылығы жоқ ұрпақ өседі» деді депутат.
Бұл мәселе тегіннен-тегін көтерілмеді. Кеше өткен Астана қалалық мәслихатының Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылық жайы талқыланды. Жергілікті полиция қыз­меті бастығының орынбасары Ғосман Жакиннің келтірген мәліметтері бұл тарапта, шынымен де, алаңдатарлық жағдай қалыптасқанын көрсетті.
Оның айтуынша, биыл отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысы бар 561 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал жыл басынан бері бұл бағытта 16 қылмыс жасалды. Соның 10-ын ер адамдар әйелдерге қарсы жасаса, алтауын әйелдер жұбайларына немесе азаматтық некедегі ер азаматтарға қарсы жасаған. Оның негізгі себептері – отбасындағы берекесіздік, тұрмыстық проблемалар. Алты жағдай адам өлімімен аяқталған. Ең өкініштісі, осы жылы өткен жылмен салыстыр­ғанда отбасылық жанжалдар көбейіп, сол себептен жасалған қылмыстар саны да артқан. Мәселен, былтыр осындай 12 қылмыс тіркелді.
«Меніңше, отбасылық жанжалдардың түбі адамның әлеуметтік-экономикалық жағдайынан шығады. Жұмыссыз, қарны аш адам неге бармайды?! Жергілікті полиция қызметі отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың нақты себептерін анықтауы тиіс. Сосын Жұмыспен қамту, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы, өзге де басқармалармен бірігіп шешу керек» деді мәслихат депутаты Зұлпыхар Ғайыпов.
Астанада әйелдерге арналған үш дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Оның екеуі – жекеменшік, біреуі – мемлекеттік. Астана қаласы әкімдігінің «Зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қаупі салдарынан қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған дағдарыс орталығы-панасы» мекемесінің директоры Ғалихан Куканбеков орталық жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша, онда 50 төсек орны бар. Күніне 4 мезгіл тамақ беріледі. Оған отбасында зорлық-зомбылық көрген 18-58 жас аралығындағы адамдар кәмелеттік жасқа толмаған балаларымен қабылданады. Алайда қабылдау тәртібі учаскелік инспектор арқылы өтеді. Мәслихат депутаты Қарақат Әбденнің сөзінше, оны жеңілдету керек. «Күйеуінен зорлық көріп, кішкентай балаларымен далада қалған әйел учаскелік инспекторға шағымдануды ойламайды. Сонда ол қайда барады?» деді депутат.
Ал келтірілген статистика отбасында ер адамдарға да қарсы қылмыс жасалатынын көрсетіп отыр. Депутат Қайырлы Таукенде ер адамдарға арналған осындай орталық бар ма деген сұрақ туындады. Баяндамашылар «жоқ» деп жауап берді.
Осы отырысқа төрағалық еткен Мәжит Шайдаров «Мен бірнеше мемлекетті араладым. Сол мемлекеттердің барлығында дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Оның ішінде еркектерге арналған осындай орталықтар да бар. Астанада ерлер үшін дағдарыс орталығын ашу туралы ұсыныстарыңыз болса, жазбаша түрде нақты дәлелдерді келтіріңіздер. Бұл ұсыныс қолдау табады деп ойлаймын» деген пікірін әріптестеріне бағыттап, отырысты түйіндеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды