ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

0 196

Амантай Әубәкіров,  Астана қаласы ІІД бастығы, полиция генерал-майоры: ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың және халқымыздың тұтастығының арқасында бір ширек ғасырда еліміз экономикада, әлеуметтік даму жолында аса зор серпіліс жасап, халықаралық аренада жоғары мәртебеге ие болды. Республиканың құқықтық саясатын жүзеге асырушы ішкі істер органдары да мемлекеттік жүйеде өзінің маңызды рөлін атқаруда.

aubakirov1

Жан-жақты жағдай жасалған
Мемлекетіміздің қалыптасуындағы қиын-қыстау кезеңінде қоғамдық тәртіпті қорғау бойынша бірнеше міндеттерді қатар орындай алатын құқық қорғау органын құру жөнінде шешім қабылданды. Сол тұстағы жүйе мен іріктеу қағидасы, оқыту, полиция қатарына білікті мамандарды қабылдау шаралары еліміздің ішкі істер органдарын дамыту және нығайтудың іргетасы болып табылды. Қазіргі таңда қазақстандық полицияның өзіне жүктелген міндеттерді орындауына толыққанды қызмет атқаруына барлық қажетті жағдай жасалған.
Мемлекеттік және жергілікті қол­даудың арқасында елордалық ішкі істер департаментінің материалдық-тех­никалық жабдықталуы жоғары деңгейде. Соның дәлелдерінің бірі – ол астаналық полицейлердің кеудеге ілінетін бейнетіркегіштерді қолдана бастауы. Бейнетіркегіштерді пайдалану құқық бұзушылықтарды тіркеп қана емес, оған қоса жемқорлық әрекеттерге жол бермеудегі ұтымды құрал болып саналады. Мұндай тәжірибе оң нәтижесін беріп, бүгінде мемлекеттің бүкіл аумағында қолданылады.
Халық сенімін арттыру мақсатында Жедел басқару орталығының «102» пультіне қоңырау шалатын абоненттерге күнделікті хабарласып, орталық­тың қызмет көрсету деңгейін осындай тәсілмен бағалау тәжірибеге енгізілді. Жемқорлық қатер фактілерін анық­тау үшін біз 2011 жылдан бері үміткер­лерді қызметке қабылдау кезінде полиграф («детектор лжи») құралын қолданудамыз.

«ЭКСПО-2017» – маңызды шара
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге орай тәртіп сақшы­ларына үлкен жауапкершілік артылып отыр. Сол себепті қазіргі таңда ІІМ, әкімдік пен «Астана ЕХРО» ұлттық компаниясымен бірлесіп, жоғары деңгейде қауіпсіздікті және нысан­дар­дың антитеррористік қорғауын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешені жүргізілуде.
Осы орайда, қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар тәуліктің кез келген уақытында елордамызда өздерін қауіпсіз сезіну мақсатында құқықтық тәртіпті қорғау тек қана көрме нысандарында ғана емес, Астананың барлық аумағында қамтамасыз етіледі. Жақын күндері көрме қалашығының аумағында учаскелік полиция пунктісі қызмет атқарып, оған қоса EXPO аумағында Есіл аудандық полиция бөліміне арнап қызметтік ғимараттарды бөлу жоспарға енгізілген.
Қонақтардың жайлылығы үшін біз­дің бастамамызбен көптеген қонақ үйлерде шетелдік азаматтарды тіркеуде электрондық жүйе іске қосылды. Халық­аралық көрменің мәртебесін ескере отырып, тәртіп сақшыларының қызметтік және кәсіби дайындығының деңгейіне үлкен назар аударылған.
Ішкі істер департаментінің 200-ден астам полиция қызметкері ағылшын тілін меңгеру курсынан өтіп, сертификаттарды иеленді. Қазіргі уақытта «интермедия» деңгейінде әлі де мыңға жуық қызметкер тілді меңгеруде. Оған қоса, шетелдік аза­маттармен тілдесу кезінде қолай­лылық үшін арнайы жадынамалар мен үш тілдегі сөздіктер дайындалды.
Еуропадағы Қауіпсіздік Ынты­мақтастық Ұйымының өкілдері ІІД қызметкерлеріне жаппай адамдар тобын басқару бойынша сабақтар өткізді. Сонымен қатар, біз көпшілік іс-шараларды өткізу кезінде «профайлинг» тәсілін қолдану бойынша семинар-тренингтерді жүргіземіз.
Елордалық департамент тұрақты негізде түрлі халықаралық форумдарға шақыртылады. Мәселен, өткен жылы Астана қаласы ІІД делегациясы Будапешт және Бейжің қалаларында өткен конференцияларға қатысты.
Тәртіп сақшыларының әлеуметтік мәселелерін шешуде қалалық әкімдіктің көрсететін қолдауын атап кеткен жөн. Өткен жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан ІІД қызметкерлеріне 50-ден астам пәтерлер мен коттедж сипа­тын­дағы 10 үй бөлінді. Жатақханалар құры­лысының аяқталуы да таяп қалды.

Айбынды қызметкерлер аз емес
Қызметтік міндеттерін орындау кезінде полицейлер бастарын түрлі қауіп-қатерге тігетіндігі жасырын емес. Сондай экстремалды жағдайларда тиімді әрекет ету ғана адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Біздің қызметкерлердің оқыс оқиға жағдайларында ерлік пен батылдықтың көрсеткен бірнеше мысалдарын айтуға болады. Соңғы жылдары қылмыскерлерді қолға ұстау барысында бір қызметкер көз жұмып, алтауы пышақ және қару жарақаттарын алған. Өткен жылы қару­ланған қылмыскерлерді құрықтау кезінде көрсеткен ерлігі үшін Елбасы жарлы­ғымен елордалық депар­таменттің үш қызметкері «Айбын» ордені мен «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Кадрлық саясаттың маңызды бағыты – отбасылық династия. Әрбір ата-ана үшін баласының ізін қуып, таңдаған мамандығын жалғастыруы – қуантарлық жайт. Дәл осындай отбасыларда қызмет, міндетке деген сый-құрмет, адалдық бала кезден бастап-ақ қалыптасады. Елордалық ішкі істер департаментінде 20-дан астам полициялық династия бар, оның ішінде кейбіреуінің құқық қорғау органдарындағы тәжірибе жинағы 120 жылдан асады.
Қазақстан Республикасының мем­лекеттік мереке күндеріне орай, біз дәстүрге айналып кеткен жаппай спорттық іс-шаралар ұйымдастырып, онда полиция қызметкерлері, отбасы мүшелері және ішкі істер органдарының ардагерлері белсене атсалысады. Өс­келең ұрпақпен де тығыз жұмыс істеп, біздің бастамамызбен балаларға арналған аула клубы ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының Тәуел­сіздігінің 25 жылдығына арналған балалар декоративті-қолданбалы өнер байқау өтіп, оған полиция қызметкерлерінің 3 пен 17 жас аралығындағы 60-тан астам балалары қатысты. Болашақта байқауға ұсынылған барлық суреттер түрлі патриоттық бағдар ұстанған акцияларға, көрмелерге пайдаланып, арнайы альбомға да енеді.

erm_3508

Қайырымдылық – ізгі қасиет
2014 жылдан бастап елордалық ІІД Астананың балалар үйінің тәрбие­ленушілерін қамқорлыққа алып, түрлі мәдени және спорттық іс-шараларды ұйымдастырады. ІІД бөліністері ашық есік күндерін өткізіп, мектеп демалысы кезінде балалар ІІД спорт кешеніндегі бассейнге барады.
Осы тарапта аға буынды да назардан тыс қалдырмаймыз. Мерекелерде қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын медициналық-әлеуметтік мекемелерге барып, кон­церттік бағдарламамен көңілдерін көтеріп, сыйлықтарды табыстаймыз. Балалар үйін қамқорлығымызға алғандай аталған мекемені де елеусіз қалдырмаудамыз.
Астаналық тәртіп сақшылар сондай-ақ, әлеуметік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуге бағыт­талған түрлі акцияларға дәстүрлі түрде атсалысып тұрады. Мысалы, 2016 жылы «Мектепке жол» акциясының шеңберінде әлеуметтк жағынан аз қам­тылған 500 жанұяның балаларына де­меушілік жәрдем жасалынды. «Астана – мейірімді қала» қайырымдылық акциясының аясында Тәуелсіздіктің 25-жылдығының құрметіне елордалық полиция қызметкерлері онкологиялық дертке шалдыққан балаларға арнап қан тапсырды. Полицейлер әлеуметтік көмек ретінде 500 отбасыға азық-түлікке толтырылған себеттерді табыстады. Жоғарыда аталған осындай көмекті ІІД қызметкерлері өз қаражаттарының есебінен жасайды.
Еліміздің көрікті әрі бас қаласында аза­маттардың қауіпсіздігі мен тыныш­ты­ғының қорғаны болу – тәртіп сақшы­лары үшін бір жағынан абырой болса, екінші жағынан жауапты іс болып табылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × five =