Отанға құрмет отбасынан басталады

0 71

«Аралас мектеп ада қазақтар мен шала қазақтардың жыл асқан са­йын еселене көбеюінің фабрикасына айналып кетті» деп ғалым Мекемтас Мырзахметұлының дабыл қағуы орынсыз емес. Білім саласындағы аралас мектептер қазақ тілі мен ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға кедергі болып отыр.Бүгінгі Қазақстанда 7514 орта бiлiм беретiн мектеп бар. Қазақ мектептерінің саны – 3845, орыс мектептері – 1673. Аралас мектептер (қазақ-орыс) – 2083. Сондай-ақ 65 өзбек мектебі, ұйғыр тiлiнде тәрбиелейтін 14 мектеп бар.
Қазақстанда мемлекет құрау­шы қазақтар саны 63 пайызды құрайды. Өз елінде тұрып қазақ балаларының 25 пайызы орыстілді мектептер мен аралас мектептерде білім алуда. Бұл дегеніңіз таяу арада туған тіл тұғырға қонбайды дегенді білдіреді. Аудан, қала орталығынан орыс мектеп-интернатын ашып, ауылдағы аралас мектепті азайтпасақ болмайды.
«Тіл жоқ жерде ұлт та жоқ» десек, тәрбие жоқ жерде білім де жоқ. Таяуда қабылданған 2020-2025 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасындағы (бұдан әрі – БДМБ) деректер осыны дәлелдейді.
Біріншісі, «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институтының зерттеу деректері бойынша «қазақстандық патриотизмді» маңызды құндылық ретінде сауалнамаға қатысқандардың 13 пайызы ғана атап көрсетті.
Екіншісі, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы білім алушылар арасында отбасылық қарым-қатынасты анықтау мақсатында әлеуметтанушылық зерттеулер жүргізді. Зерттеу деректері бойынша ата-аналардың 62 пайызы өз балаларына жеткілікті уақыт бөлмейді, 43 пайызы балаларының проблемаларына аз мән береді екен. Тәрбиедегі бұл олқылық әлем назарына ілігіп отыр. Таяуда Американың жаңалықтар сайтында «Бала тәрбиесіндегі үздік елдер» рейтингін жариялады. Сегіз түрлі көрсеткіштердің нәтижесі бойынша Қазақстан соңғы 73-орынды иеленді» деп жазады. Осындайда дамыған 50 елдің қатарына кіретін елдің өскелең ұрпағы қалайша намыссыз әрі тәрбиесіз болды деген орынды ой туады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деп білім беру саласына тәрбиенің жаңа бағыт-бағдарын айқындап беріп отыр. Бірақ жуырда қабылданған 2020-2025 жылдарға арналған БДМБ-да осы ескерілмеген.
Бағдарламадағы негізгі міндеттердің бірі «жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбие­леу және оқыту» болып бекітілген. Елбасы айтқан ұлттық құндылыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «Құндылықтарға негізделген білім беру» жобасы еніп отыр. Жоба – алыс­тағы Америкадан алынған көшірме. Жобадағы жалпыадамзаттық құндылықтар шетелдік данышпандардың аузымен айтылады. Тіпті мешітке барсақ та осындай жағдай. Жалпыадамзаттық құндылықтарды құлақ естіп, көз көрмеген әлдебір арабтың атынан айтылады. Қазақ халқында адалдық, еңбекқорлық, әділдік сияқты құндылықтарды
айтатын адам жоқ сияқты. Бұл – тұтас ұрпақты тура жолдан адас­тыру деген сөз.
Неге біз мешіт пен мектепте жалпыадамзаттық құндылықтарды ұлы Абайдың атынан айтпаймыз? Оның асыл сөздері тұнып тұрған құндылық емес пе?!
Менің ойымша, Елбасы айтқан ұлттық кодты сақтау үшін мешіт пен мектепте құндылықтардың барлығы Абай ілімінен алынуы керек. Біз мұны бүгіннен бастап қоғам болып қолға алуымыз керек. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі 2020 жылға арналған бағдарлама мынадай шараларды қамтығанын қалаймын:
1. Латын қарпіне көшу. Төл дыбыстарды жаза алмайтындардың жолын кесу.
2. Білім беру жүйесіне ұлттық құндылықтарға негізделген бірың­ғай тәрбие жобасын енгізу. Орта білімдегі ұлттық құндылықтар қаншалықты тереңде болса, білім де соншалықты тереңде болады. Мектеп қабырғасында білім алушылар ата мен әже, әке мен ана, аға мен жеңге мектебінен өтіп, ұлттық құндылықтары қалыптасуы керек.
3. Отбасылық құндылықтарды қалыптастыратын ата-аналар қауымдастығын құру. Егер баласы ұлттық құндылықтарға құрметсіздік танытып, халықтың ашу-­ызасын тудырса, ата-ана әкімшілік айыппұл төлеп, әлеуметтік желілер арқылы қоғамнан кешірім сұрасын. Бұл қадам бала тәрбиесіндегі үлкен олқылықтың орнын толтыруға көмектеседі деп ойлаймын.
Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие – бұл барша халқымыздың бақуатты да табысты болашағының кепілі. Сол себепті де отбасының бала тәрбиесінде алатын орны айрықша. Ел өкіметі осыны жедел қолға алмаса, «айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» өзі болмақ.

Болат БАЙҚАС

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − 5 =