Отандық туризмді дамытудың әлеуеті зор

0 63

Кез келген мемлекетте туризм саласы, оның әлеуеті мен қызмет көрсету сапасы өте маңызды орын алады. Елге келуші туристер мен меймандардың саны артқан сайын қазынаның бүйірі толады. Бұл – экономиканың қуаттануына бірден-бір оң әсер ететін фактор. Қазіргі кезде қоғам өкілдері, әсіресе жастар, туризмге үлкен қызығушылық танытып отыр. Бұл таңғаларлық жағдай емес. Уақыттың да талабы осы болар?..Туризмді әр адам әрқалай түсінетіні сөзсіз. Кейбіреулер туризм демалыс уақытын қызықты өткізу, жақын адамдарымен саяхаттау деп түсінеді. Ал енді біреулер үшін өзге ел көру, жер көру, өзі үшін ешқашан көрмеген жаңа тарихи жерлерді ашу. Әрине, екі түсінік те өзінше дұрыс. Туризмі жақсы дамыған мемлекет – экономикасы жоғары мемлекет. Ал дәл осы туризм Қазақстанда қандай деңгейде? Еліміздегі туризм дамуының деңгейі қолда бар туристік әлеуметті толығымен пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Әлем бойынша туризм жақсы дамыған елдер арасында бірінші орында – Франция, екінші орында – АҚШ, үшінші орында Испания екен. Ал Қазақстанға келсек, отандық туризм деңгейі аса керемет деп айтуға келмейді. Ұлы дала елі жер көлемі бойынша дүние жүзінде 9-орын алады. Кен байлықтарының қоры мен әралуандығы жағынан Жер шарындағы бай аймақтардың бірі. Табиғат көркі, тарихы, ескерткіштері мүлде бөлек әңгіме болары сөзсіз. Ендеше не себепті Қазақстан туризм дамуы бойынша алғашқы ондыққа да кірмейді? Менің ойымша, мемлекет өз мүмкіндіктерін дұрыс қолдана алмай отыр. Ендеше саралап көрейік. Біздің еліміздегі басты проблемалардың бірі – транзиттік мәселе. Яғни жол мәселесі. Бүгінде еліміздің барлық шаһарларында, аудандар мен ауылдарда дәл осы проблема бар. Ал ел ішіндегі осындай мәселені біржақты ете алмаған мемлекет көп туристерді қабылдауы оңай болмайтыны шындық.
Келесі бір мәселе – бұл туристік ұйымдар мен нысандардың аздығы мен қызмет сапасының төмендігі. Алайда «көш жүре түзеледі» деген бар. Кең-байтақ Қазақстанның жауһар табиғаты кімді болсын еліктіреді. Бір айта кетерлігі, еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 турис­тік бағыттың қатарына қосылуды көздеп отыр. Демек, олқылықтардың орны толады. Туризм саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, оған бөлінетін қаражаттың 70 пайызы жеке инвестициядан келеді. Осындай шаралардың арқасында шетелдік туристер ағымы үш есе артып, 9 миллионнан аспақ. Бұл ретте елорда туризмді дамытудағы негізгі қала болмақ.
Алатаудағы Шымбұлақ, ­Елбасы пәрменімен қайта түлеген ­киелі Түркістан, шырайлы Шарын шатқалы, берекелі Балқаш, қазақ­тың інжу-маржаны Бурабай, шығыстың Қатон-Қарағайы сынды мақтанышпен айтатын жерлер көп бізде. Әрқайсысында тұнып тұрған тарих бар. Әрқайсысы әр өңірдің мақтанышы. Олай болса кемел келешекке ұмтылған Қазақстанның туристік әлеуеті де әлі талайларды таңғалдырары сөзсіз.

Дариға ДАРЫН,
№22 мектеп-лицейдің
11-сынып оқушысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 3 =