Қала тіршілігі

Отандық өнімнің өрісі кең

Кеше Отандық тауар өндірушілерінің форумы өтіп, шараға Астана қаласы мен Қарағанды облысының тауар өндірушілері және елордалық құрылыс компанияларының өкілдері қатысты.

Астана қаласы Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту бас­қармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыровтың жетекшілік етуімен өткен жиында қос өңірдің кәсіпкерлік саласындағы әлеуеті мен өзара қарым-қатынасы жайлы сөз болды. Алғашқы болып сөз алған Қарағанды об­лысы әкімінің орынбасары Ал­мас Айдаров елорданың қарқынды құрылыс алаңы екенін атап өтіп, қарағандылық тауар өндірушілердің бас қаланы құрылыс материал­дарымен қамтамасыз етуде мүмкіндігі мол екенін жеткізді. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары екі өңірдің алыс-берісі мен барыс-келісі бұрыннан берік орнағанын, Астанада білім алып, қызмет етіп жүрген қарағандылық жастардың өте көп екенін тілге тиек етті.
Шара аясында «BI-GROUP» холдингі мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Завод Металл Профиль» ЖШС, «Базис-А» компаниясы мен «Bekem-Plast» ЖШС, «Жакко Караганда» ЖШС сияқты Астананың құрылыс компаниялары мен Қарағанды облысының тауар өндірушілері арасында өзара қарым-қатынас­ты және сауда-саттықты нығайту жөніндегі бірқатар меморандумға қол қойылды. Енді осының арқасында отандық өнімнің өрісі кеңи түспек.
Форум барысында ондаған отандық тауар өндірушілерінің көрмесі болып, келушілерге Қазақстанда жасалған өнімдер кеңінен таныстырылды. Көрмені тамашалаушылар Қарағанды облысының қымызынан да дәм татты.
Сонымен қатар «BI Group», «Астана тазалық» сияқты елордадағы басқа да ірі компаниялардың еңбек ұжымына қысқы және жазғы жұмыс формаларын тігетін «Astana Ютария ltd» ЖШС те көрмеге өз өнімдерін шығарыпты. Жоба менеджері Жазира Дулатованың мәліметінше, аталмыш компанияда 800 адам жұмыспен қамтылған. Айына 150 мыңнан аса, жылына 1,8 млн-ға жуық тауар шығаратын компанияда киімнің 200 түрі тігіледі. Астаналық кәсіпорын енді екі жақты келісім бойынша Қарағанды өңірінің компанияларын да жұмыс формасымен қамтамасыз ететін болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button