Отандық өнімге қолдау керек

0 63

Елордада Қазақстан Халық партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында ірі сауда орындарында «Халықтікін сатып ал» акциясы ұйымдастырылды.

ҚХП атынан Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткерлер супермаркеттер мен сауда орталықтары желілеріне барып, отандық өндіріс тауарларының түрлерімен танысты. Олар ең алдымен қаладағы «Әлем» сауда орталығына ат басын бұрды. Акция барысында үміткерлер қазақстандық өндірушілердің өнімдерін сатып алды.
– Өздеріңізге белгілі, азық-түлік қауіпсіздігі – Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. Жергілікті жерде өндірілетін тауарлар бағасы қымбаттамауы керек, ол уәкілетті органдар тарапынан бақыланып отыруы тиіс. Себебі биыл пандемия кезінде отандық өндірушілердің ең қажетті тауар және азық-түлік өнімдерінің бағасы көтеріліп кеткенін бәріміз де көрдік, тіпті күнбағыс майының 1 литрі 700 теңгеге дейін жетті, бұл ретте отандық тауар өнімдері туралы айтып отырмыз. Қанттың бағасы келісіне 300 теңгеге дейін барды. Мемлекеттің азаматтарды қолдау ретінде берген 42500 теңгеге көп ештеңе келмейтінін де түсінеміз, – дейді Жамбыл Ахметбеков.
Осы ретте ол елдің осал топтарын әлеу­меттік қолдау ретінде бөлінген қаржы тым мардымсыз екенін, сондықтан әлеуметтік төлемдер мөлшерін көтеру керектігін айтты. Тұрақтандыру қорларының мүмкіндіктерін көтеріп, қазақстандық өндірушілердің тауарларына бағаның артуына жол бермеу керек. Халық партиясы өнеркәсіптік қауіпсіздікті және қазақстандықтардың тең құқығын қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жеке меншікке сатуға заңды түрде тосқауыл қою мәселесін көтеруде. Партия мүшелері осы мәселе бойынша референдум өткізу қажет деп санайды. «Ең бірінші кезекте қажет тауарлар мен өнімдердің сапалы болуына қол жеткізбекпіз. Партияның басты мақсаты – алдымен елімізді ең қажеттімен толық қамтамасыз ету, сосын барып біздің өнімдерді сыртқа шығару» деп атап өтті Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер Ж.Ахметбеков.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 2 =