Отандық өндіріске он қадам

0 13

Сарапшылар биыл мұнай бағасы, ақша бағамы, инфляция, ҚР Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесі туралы болжам жасады.

Дегенмен әр институттың баға­лауында азын-аулақ ауытқушылықтар бар. Сарапшылардың 72 пайызының пікірінше, экономикалық ахуал көп кешікпей жақсарып кетуі тиіс. Оған коронавирусқа қарсы вакцинаның табылуы, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының індетке бейімделуі әлемдік нарықтың белсенділігін арттырып, ел экономикасының да жедел қалпына келуіне септігін тигізбекші.
«Кейінгі кезде мұнай бағамы вакцина туралы әлемдік жаңалықтарға жағымды нышан білдіріп отыр. Әйтсе де әлі COVID-19 аяқ астынан өршіп кетуінен сақтану керек» дейді Сентрас Секьюритиз басқарушы компаниясы талдау департаментінің директоры Маржан Меланич.
Ұлттық банктің пессимистік сценарий бойынша, егер Brent маркілі мұнайдың баррелі $30-ға дейін төмендесе және әлем экономикасы қалпына баяу келсе, онда отандық экономиканың өсу қарқыны 2,9-3,2 пайызды құрайды. Оптимистік сценарий бойынша, ОПЕК+ келісімін қатаң сақтаған жағдайда және Brent маркілі мұнайдың баррелі $50-ге жетсе, өсім 4-4,3 пайызды құрауы тиіс. Дегенмен көпшілік респонденттер мұнайдың баррелі 40-54 доллар диапазонында болады деген тоқтамға келген.
Әлемдік қаржы ұйымының болжамы бойынша Қазақстанның биылғы экономикалық өсімі 2,5-3 пайыз шамасында болмақ. Бұл болжамдарға COVID-19-ға қатысты белгісіздік кері не оң әсерін тигізуі мүмкін.
Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (AERC) еліміздің ­макроэкономикалық дамуына жасаған сараптамасында биыл ІЖӨ 4,1 пайызға өсетіні айтылған.
AERC сарапшыларының айтуынша, 2020 жылы төлем теңгерімінің шоты $-9,7 млрд немесе ІЖӨ-нің -7,3 пайызына тең болған. Яғни ағымдық операциялар шотының тапшылығы 2019 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге ұлғайған. Оған энергия ресурс­тары, оның ішінде мұнай мен газ конденсаттары өндірісінің қысқаруы да, саудадағы әріптес елдерде экономикалық белсенділіктің баяулауына байланысты қазақстандық экспорттық өнімдерге деген сыртқы сұраныстардың төмендеуі де әсер етті.
2021 жылы Қазақстанның және саудадағы әріптес елдердің экономикасы қалпына келсе, экспорт көлемі 5,7 пайызға артуы тиіс. Дегенмен базаның шектеулілігін, экспорттың нақты деңгейін ескере отырып, оның бәрібір 2019 жылғы көлемнен төмен болатыны сөзсіз.
AERC биыл ағымдық операциялар шотының тапшылығы $6 млрд-қа ІЖӨ-нің 3,3 пайызына дейін азаятынын болжайды. Сондай-ақ сауда теңгерімінің профициті артып, қызмет көрсету тапшылығы жақсарады.

Әлеуметтің ахуалы қалай болмақ?

Енді қарапайым халықтың тұрмысы үшін маңызды тағы бірқатар көрсеткіштер туралы атап өткен жөн. Инфляция қалай болады? Жалақы өсе ме? Теңгенің доллар мен рубльге шаққандағы бағамы қандай болмақ?
«2021 жылы елімізде экономикалық белсенділіктің біртіндеп қалпына келуіне және Ұлттық банктің монетарлық саясатының қатаңдануына байланыс­ты инфляция 6,1 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде (2020 жылы – 7,9 пайыз)» дейді AERC сарапшылары.
2020 жылы індеттің кесірінен нақты жалақының өсімі екі есеге азайып, 6 пайыздық өсімді көрсетсе, 2021 жылы ол былтырғы межемен салыстырғанда 2 пайызға артады.
Теңгенің шетел валютасына қатыс­ты айырбас бағамы бұрынғысынша биыл да мұнайдың сыртқы нарықтағы бағасы мен USD/RUB бағамына байланбақ. AERC сарапшылары 2021 жылы рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы – 5,77 теңгені, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 421,8 теңгені құрайды деп жобалап отыр. Теңге долларға шаққанда бір жыл ішінде 10,2 пайызға құнсызданады.

Отандық өндіріс қалай дамиды?

«Қазақстан алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіпті дамыту, өз өнімдерін өңдеу және инвестиция тарту бойынша жұмыс күшейтіледі» деген еді Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегінде халыққа арнаған Жолдауында.
Осыған орай, Премьер-министр Асқар Маминнің айтуынша, 2021 жылғы республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында отандық өндірісті дамытуға 46,7 млрд теңге қарастырылған. Бұл шаралар Өнеркәсіпті дамыту қоры (ӨДҚ) арқылы жүзеге асырылады. Қор үдемелі өңдеу кәсіпорындарын жетілдіру, жаңа өндірістер мен импорт алмастырушы кәсіпорындарды ашу үшін 3 пайыздық мөлшерлемемен қолжетімді несие бөледі.
«Қазіргі күні Президент әкімшілігінің қарауында «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы жатыр. Онда қордың мәртебесі, қаржыландыру көзі, сондай-ақ негізгі қызметтері туралы тәптіштеп айтылған. Одан бөлек, отандық өндіріске инвестициялық мақсаттар үшін көрсетілетін қызметтер аясын кеңейту, айналым ақшасын толықтыру және экспортқа қолдау көрсету туралы жұмыстар қолға алынды» деді премьер А.Мамин.
ӨДҚ-ның басқа институттардан айырмашылығы – оның қоршаған ортаны қорғауға, жоғарғы технологиялық жобаларды қолжетімді және ұзақмерзімді қаржымен қамтамасыз етуге бағытталғандығы. Сондықтан қаржылық қолдауға мүдделі жобалардың экологиялық талаптарға сай болуы міндетті. Өйткені сыртқы нарықта, әсіресе өркениетті елдерде экспорттық өнімдердің бірінші кезекте экологиялық тазалығына мән берілетіні ескерілген.
«Қазіргі күні қордың қарауында машина жасау саласы бойынша алты жоба жатыр. Жаңа өндірістерді қолданысқа енгізгенде 7 мың тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Бұл жобалар импорт алмастыруға, өндірісті жергіліктендіру мен цифр­ландыруға, еңбек өнімділігін арттыруға, сондай-ақ бәсекеге қабілетті және жоғарғы технологиялық өнімдер экспортына бағытталған» деді Үкімет басшысы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + sixteen =