Отандық фармөндіріс қашан өрге шығады?

0 13

Барлық негізгі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар Қазақстанда өндірілуге тиіс. Бұл – ұлттыққауіпсіздік мәселесі. Келесі жылдан бастап осы бағытта нақты нәтиже күтемін.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Дерт дендеген кездегі дәрі тапшылығы тудырған дүрбелең әлі есте. Тосыннан келген індет сырт елмен байланыс тоқтап, импорт ағыны үзілсе, Қазақстан өзін-өзі дәрімен қамтамасыз ете алмайтынын көрсетті. Өйткені отандық өндірістің елді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейі небары 13% ғана. Елде 8 мыңнан аса дәріхана болса, оларды 87% импорттық дәрілер толтырып отыр. Күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселе ақыры нарықты дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз етуді Мемлекет басшысының тікелей өз бақылауына алуына әкелді.

Бұл жайды Президент биылғы Жолдауында көтеріп: «Барлық негізгі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар Қазақстанда өндірілуге тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Келесі жылдан бастап осы бағытта нақты нәтиже күтемін» дегені есімізде. Енді мемлекет сырттан келетін дәріге тәуелділікті жойып, отандық фармацевтиканы қалай да аяқтан тұрғызуға бағытталған түбегейлі шешімдер қабылдауға көшті. Үкімет тұрғындарды амбулаторлық және стационарлық деңгейде препараттармен қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдады.
Қазақстанда бүгінде фармацевтика өнеркәсібінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндіретін 96 кәсіпорын бар. Оның ішінде дәрілік заттар өндіру бойынша 33, медициналық мақсаттағы бұйымдар өндіруден 41 және медициналық техникаларды өндіру жөнінен 22 компания жұмыс істейді. Фармацевтика индустриясы Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы және Қарағанды облыс­тарында жақсы дамыған. Олар дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндірісінің 75 пайызын қамтамасыз етеді.
«СҚ-Фармация» ЖШС баспасөз қызметінің берген мәліметі бойынша, жоғарыда аталған компаниялар арасынан олар 36 отандық тауар өндірушімен арада 996 дәрілік зат пен 4 018 медициналық бұйым атауына 88 ұзақ мерзімді өнім беру шартын жасаған. Солардың ішінде ірі 6 зауытқа Қазақстанда шығарылатын дәрілердің 90 пайыз­дан астам үлесі тиесілі. Олардың қатарында антибиотиктер, алколоид­тар, антисептиктер шығаратын «Химфарм» АҚ, «Нобел АФФ» АҚ, «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС, сондай-ақ жеке қорғану құралдары мен хирургиялық мақта өндіретін «Kelun Kazpharma», «Қарағанды фармацевтикалық кешені», «Dolce» ЖШС-тері бар.
Мамандардың айтуынша, елімізге импорт арқылы негізінен онкология, қант диабеті, гемофилия ауруына шалдыққандарды емдеуге арналған қымбат препараттар келеді екен. Бірыңғай дистрибьютор шетелдік компаниялармен 2020 жылға елімізде баламасы жоқ 168 дәрілік зат пен медициналық бұйымдарды жеткізу бойынша 29 шарт жасаған. Қазақстан дәрі-дәрмектерді әлемнің 80 елінен сатып алады. Солардың ішінде дәрі-дәрмекті бізге импорттаушы негізгі елдер – Германия, Франция, Ресей, Үндістан, Швейцария, Италия, Словения, Түркия және АҚШ.

Отандық өндірушіге не кедергі?

Фармацевтика өндірісінің негізгі мәселесі – айналым қаржыларының жетіспеушілігі. Бұл фармацевтерге кәсіпорынды жаңғыртып, олардың өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндік бермейді. Оның үстіне Қазақстанның фармацевтика өнеркәсібі шикізат, жабдықтар мен қаптаушы материалдар импортына да тәуелді.
Салада білікті кадрлардың жетіспеуі де – оның дамуына тежеу. Бүгінде аталған бағытта өндіріс технологтары, талдау жүргізетіндер, клиникалық фармакологтар, фарминспекторлар тапшы. Бұл мәселені шешу үшін халықаралық сапа стандарттары талаптарына жауап бере алатын кәсіпорындарда, заманауи фармацевтикалық ұйымдарда жұмыс істей алатын, бәсекеге қабілетті, жоғары білікті кадрлар дайындауға мемлекеттік тапсырыс беру мәселесі орынды көтеріліп отыр.
Статистикаға сүйенсек, биыл қаңтар-маусым айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда негізгі фармацевтикалық өнімдер мен дәрі-дәрмектердің өнеркәсіптік өндіріс индексі 123,6%-ды құрады. Қазақстандағы ірі дәрі өндіруші – Шымкент қаласында орналасқан «Химфарм» АҚ-тың жылдық қуаттылығы 600 млн тонна таблетка мен капсуланы, 193,8 млн инъекциялық ерітінді ампуланы, 2,6 млн сұйықтық ерітінді құтыны, 4,5 млн сұйық пероральді дәріні, 35,4 млн цефалоспорин тобындағы антибиотиктердің ұнтақ түріндегі құтыны құрайды. Одан кейінгі Алматы қаласындағы «Нобел АФФ» АҚ-тың қуаттылығы – жылына 750 млн таблетка, 250 млн капсула, 20 млн шырын мен суспензия құтылары, 10 млн туб кремдер мен гельдер. Бұл отандық компаниялар пандемия жағдайында жұмыстарын екі есе қуатпен жоғары деңгейде атқарды. Оны ерекше бағалауға болады. Бірақ ішкі нарықты толықтай қамтамасыз ету үшін бұл кәсіпорындар аздық етеді. Мәселені толықтай шешу үшін тағы осындай 10 ірі фармацевтикалық компания керек. Ал оларды ашу оңай болғанымен, кәсіпорынды мамандармен, шикізаттармен қамтамасыз ету – күрделі жұмыс.
Жалпы фармацевтика әлемде қару-жарақ сатудан кейінгі ең табысты, жоғары сұранысқа ие сала саналады. Дәрі өндірісінен мол пайдаға кенеліп отырғандардың көшбасында АҚШ пен Еуропа елдері тұр. АҚШ-тың «Johnson & Johnson» фармацевтикалық компаниясының нарықтағы капиталы 372 млрд долларға бағаланады екен. Қазақстан фармацевтикадан бұлай пайда таппақ түгілі өзінің ішкі нарығын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмай отыр. Осыдан 10 жыл бұрын қабылданған ҚР фармацевтикалық өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламада ішкі нарықты 50% отандық өнімдермен қамту жоспары айтылған еді. Ал содан бері жеткен жетістігіміз соның жартысына да жетпейді. Бағдарламада көтерілген міндеттер толық жүзеге асырылса, отандық фармацевтиканың да аяқ алысы бүгінгіден тәуір болар еді.
Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша, Қазақстанның фармацевтика индустриясының даму әлеуеті зор. Ол үшін қорды жеткілікті етіп, номенклатураны кеңейту қажет. Сол арқылы дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісіне серпін беруге болады. Қазақстандықтар үшін сапалы медициналық өнімдер сонда ғана қолжетімді болады.

Пандемияның өндіріске әсері

Пандемияның ықпалынан бүгінде вирусқа қарсы, антипиретикалық, иммуномодуляциялық препараттар мен дәрумендерге ғана емес, сонымен қатар антисептикалық, дезинфекциялық және жеке қорғану құралдарына да сұраныс артқан. Отандық өндірушілер елдің осы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қажеттілігін жабу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Жалпы індет басталғалы ел өңірлеріне 16,6 млрд теңге болатын СOVID-19 дәрілік заттардың қосымша қажеттілігі туындады. Бұл елдегі медициналық ұйымдарда дәрілік заттар қорын жасақтау қажеттілігін туғызды. Бірыңғай дистрибьютор биыл 22 шілдеден бастап республикадағы барлық медициналық ұйымдарда, инфекциялық және провизорлық орталықтарда айлық қор қалыптас­тыру туралы шешім қабылдады.
Жақында Үкіметтің селекторлық отырысында еліміздің фармацевтикалық өнеркәсібін дамыту мәселесі қаралғанда ҚР Денсаулық сақтау министрі
Алексей Цой жаһандық дерт бо­йынша дәрі-дәрмектердің 48%-ын отандық тауар өндірушілер шығаратынын жеткізді. «Бұл бүгінгідей эпидемиологиялық жағдайда өңірлердің қажеттіліктерін жылдам өтеуге мүмкіндік береді. Жыл басынан бері Қазақстанда фармацевтика өндірісінің көлемі 39,8% өсті. Сондай-ақ соңғы жылдары отандық тауар өндірушілер экспортының 4,3 есе артқаны байқалады, оның 57,2%-ы – Ресейге, 32%-ы Қырғызстанға экспортталуда» деді министр.
Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты дәрі-дәрмектерге деген шұғыл сұраныс отандық фармацевтикалық өндірушілер үшін сынаққа айналды – олар 24/7 жұмыс режиміне көшті және өндіріс қуаттылығын коронавирустық инфекцияны емдеуде талап етілетін дәрілерді көбірек қамту үшін қайта бөлуде.

Тегін дәрі кімдерге?

Биыл міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде тегін дәрілік заттардың тізбесі 3 есе ұлғайтылды. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде халықты дәрімен қамтамасыз ету ҚР ДСМ бұйрығы шыққаннан кейін 2020 жылдың тамыз айының ортасында басталды. Сол мерзімнен бастап азаматтарға коронавирустан үйде емделу үшін дәрінің 5 түрі тегін беріледі. COVID-19 емдеу үшін амбулаториялық деңгейдегі дәрі-дәрмек тізімі кеңейтілді. Медициналық ұйымдардың өтініміне сәйкес, шамамен 2 млрд теңге сомасына 1 млн-ға жуық адамды тегін дәрімен қамту жоспарлануда.

Қорғану құралдарыныңқоры қанша?

Елімізде медициналық ұйымдарда жеке қорғану құралдарының 3 айлық қоры құрылды. Отандық кәсіпорындар күн сайын 900 мың маска шығарып жатыр. Кепілдендірілген сатып алу кезінде отандық кәсіпорындар медициналық маска өндірісін 1,5 млн-ға дейін ұлғайтуға дайын.
Сондай-ақ Қазақстанда тәулігіне 330 мың жұп медициналық қолғап шығарылады. Қоймаларда 7 миллион жұптан асатын қолғап бар. Биылғы қараша айында өндіріс қуаты тәулігіне 530 мың жұпқа дейін артады. Сонымен қатар 6 отандық компания ай сайын 504 мың қорғаныс костюмін шығарады. Жыл соңына дейін оның өндіріс қуаты 1 миллионға дейін арттырылмақ. Індеттің екінші толқыны келсе фармацевтикалық кәсіпорындар қажетті көлемде дәрілік заттармен қамтамасыз етуге дайын.

Кешенді жоспар келешегі

Отандық фармацевтика өндірісі үлесін арттыруда жаңа өндіріс­терді іске қосып, қолда барды жаңғырту, сондай-ақ шетелдік әріптестерді тарту қажет екені белгілі. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Үкімет 2020-2025 жылдарға арналған фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдады. Құжат 62 іс-шарадан және 8 бөлімнен тұрады.
Жалпы Кешенді жоспардағы барлық шаралардың алдағы бес жылда жүзеге асырылу сомасы 180 млн доллар тұратын 30 жаңа өндірісті іске қосуға мүмкіндік береді екен. Соның ішінде 297 дәрілік зат және 2348 медициналық бұйым түрлерін шығару ісі жолға қойылмақ. Осының нәтижесінде фармацевтикалық сала өндірісінің көлемі 2,5 есе, яғни, 92-ден 230 млрд теңгеге дейін, ал экспорт 3 есе, яки 58-ден 174 млн долларға дейін өспек.
Жоспарда қарастырылған барлық шаралар отандық өндірушілердің Қазақстанның ішкі нарығындағы үлесінің ең қажетті дәрілік заттар бойынша қазіргі 39-дан 50 пайызға дейін өсуін қамтамасыз етеді. Бұл – ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес келетін меже.

Фармацевтика өнеркәсібінде 96 кәсіпорын бар

Фармацевтика өндірісінің негізгі мәселесі: айналым қаржыларының жетіспеушілігі  білікті кадрлардың жетіспеуі

Қазақстандағы ірі дәрі өндірушілер: 1. «Химфарм» АҚ  2. «Нобел АФФ» АҚ

Қазақстан дәрі-дәрмектерді әлемнің 80 елінен сатып алады.

Жыл басынан бері фармацевтика өндірісінің көлемі 39,8% өсті.

Соңғы жылдары отандық тауар өндіру­шілер экспортының 4,3 есе артқан

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 6 =