Отандық екпе – Отанымыздың жетістігі

0 471

 Дүниені дүрбелеңге салған пандемия әлемді «коронавируспен күрес» деген бір мақсатқа біріктірді. Адамзат тарихында бұрын-соңды ауа арқылы тез жұғатын мұндай вирус болмаған. Күресе жүріп ауруды басты зерттеу нысанына айналдырған елдер індетті тоқтататын тиімді жол екпе деп қорытындылады. Қазір жаңа аурудың жайына біраз қанығып қалсақ та, көкейде күмәнді сұрақ көп. Сол сауалдарды былтыр коронавирустың екпіні жаман екенін пандемиядан бір ай бұрын ескертіп, күні бұрын жасаған болжамы дөп келген ҚазҰАУ профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы, ҚР ҰЖҒА академигі Батырбек АЙТЖАНОВҚА қойдық.

Жаңа вирус болса да, жақсылап таныды

– Былтыр пандемияның болатынын бірнеше ай бұрын болжадыңыз. Тіпті сол туралы сұхбат беріп, мақала жаздыңыз. Дерттің әлемге таралатынын алдын ала қалай білдіңіз? Осыны тарқатып айтып беріңізші.
– Иә, рас, пандемияның болатынын алдын ала білдім. Ең бірінші бұл туралы мақалам газетке былтыр 6 ақпанда шықты. Негізі, сұхбат одан бұрын алынған. Басында редакция баспай жүрді де, артынан әлемде ауру көбейіп бара жатқаннан кейін шығарды. Ал ДДҰ өткен жылы 11 наурызда коронавирус пандемиясын жариялады. Өз бетімше интернет материалдары арқылы және осыған ұқсас жұқпалы аурулар туралы жиған біліміме сүйене отырып зерттеуді 2019 жылы қараша айында бастап кеттім. Тәжірибемде түрлі жұқпалы ауруларды зерттеп көргендіктен, бұл вирусты «тану» аса қиын болмады. Табиғатта ауру тудыратын микроорганизмдер өте көп, олар бактериялар, коккалар, бациллалар, рикетсиялар, хламидиялар, саңырауқұлақтар, микроплазмалар, вирустар деп тізбектеліп кете береді. Ал бұл аурудың қоздырғышы – вирус. Ол – ең күрделісі. Вирустар басқа микробтарға қарағанда ең ұсақтары, басқа микробтарды микроскоппен ғана көретін болсақ, вирустардың ұсақтығы сонша, оларды тек электронды микроскоппен ғана көруге болады. Бұл – бір. Сосын вирустың экзотикалығы, яғни жаңа екендігі, ауа арқылы тез жұғатыны қауіпті жақындата түседі. Аурудың біліне қоймайтын инкубациялық кезеңі өте қысқа, 6-14 күн аралығында, ал ауру адамнан адамға жұғатын болса, тіптен қысқа болып, 5-6 күннен әрі аспайды. Мұндай қысқа мерзімде аурудың белгілері толық пайда болып үлгермейтіндіктен диагноз қоюда қиындықтар болады. Вирустың мутацияға тез ұшырауы, бір түрден екінші түрге жылдам ауысып кетуі, тұмау, суық тию сияқты асқынуларға ұқсастығы да дұрыс диагноз қоюға кедергі. Диагноз дер кезінде қойылмағандықтан, емдеу шаралары кеш басталып, көп жағдайда емдеу оң нәтиже бермейді. Симптомсыз өтетіні, яғни дертке шалдыққанын білмеген соң емделмей, оқшауланбай, біреуі екі адамға, екеуі төрт адамға, әрі қарай солай бәріне жұқтыра беретіні де күдігімді ұлғайтты. Ең жаманы, эпидемияны пандемияға ұластырып жіберетіндер – осы симптомсыз ауыратындар. 80 пайыз адамдар симптомсыз түрімен ауырады, 15 пайызы ауыр, 5 пайызы өте ауыр жағдайда өткізеді. Тыныс алу, ас қорыту жолдары мен жүйке жүйесін зақымдайтынын да, адамдардың жынысына, жасына қарамай жұғатынын да ескердім. Коронавирустың пандемияға ұласып кетерін болжауыма тағы бір маңызды фактор – ауру ошағы Қытайда халықтың тығыз орналасқандығы болды. Адам саны жөнінен әлемде бірінші, ал жер көлемі жағынан үшінші орын алатыны, оның үстіне халық саны көп Үндістанмен, Шығыс Азия елдерімен жақын жатқандығы, әлемдегі адамдардың жартысы, яғни 4 млрд халықтың осы аймақта Қытайды айнала өте тығыз орналасуы да індеттің асқынуына оңтайлы фактор еді. Соған қоса, Қытайдың 14 елмен іргелес орналасып, әлемнің көп елімен өзара сауда қарым-қатынасының, теңіз, әуе, темір жолдары арқылы байланысының күшті дамығандығы, жер шарындағы елдердің бәрінде қытайлардың тұратындығы және тағы басқа факторлар аурудың дүниені тез-ақ шарпитынын алдын ала аңғартты. Әрі қазіргідей тест жүйесінің де, емдеу жолдарының да жоқтығы, статистикалық зерттеулер мен эпидемияға қарсы шаралардың аздығы бұл дертті пандемия деуіме негіз болып, «Эпидемия емес пандемия» деген мақала жаздым. Халықты неге дүрліктіріп жүрсің, нең бар бұған араласып дегендер көп болды. Бірақ сол мақала шыққаннан кейін бір ай, бір апта өткенде, әлемде пандемия жарияланды. Егер ауру бір елдің едәуір бөлігін қамтыса, оны «эпидемия» дейді, ал дерт бірнеше елді қамтитын континенттік деңгейге дейін жетсе «пандемия» деп аталады. Жалпы бұл салада елу жылдық тәжірибем бар. Вакцина шығаратын ірі комбинатты да басқарғанмын. Қазір зейнеткерлік жаста болсам да, Қазақ аграрлық университетінде сабақ беремін.

Қауесетке емес, кәсіби маманға сену керек

– Вакцина туралы да аңыз бен ақиқат көп. Бастапқыда салғызбаймыз дегендер қазір екпе алып жатыр. Биолог маман ретінде екпелердің адам ағзасына әсері туралы не айтар едіңіз?
– Жұққыштығы өте жоғары коронавирус тәрізді індетті аурулармен күресудегі ең негізгі шара – организмді вакциналық препараттардың көмегімен иммундау. Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаған. Вакцина деген – аурудың алдын алу үшін қолданылатын биопрепарат. Кезінде екпе жоқ кезде де қазақтың тәуіп-емшілері шешекпен ауырған адамның жарасынан материал алып, сау адамға сепкен. Ауырған балалардың киімдерін ауырмаған балаларға кигізген. Сонда ол ағзада иммундық жүйе оянып, ауруға қарсы тұра алатынын білген. Антидене келген вирусты жеп өлтіріп тастайды. Себебі ауырып болған адамның бойындағы вирус әлсіреген, оны сау адам ағзасына жұқтырғанда ол адам ауырмайды, бірақ әлсіз вирус иммундық жүйені оятады. Қазіргі дайындалып жатқан вакциналар иммуногенді штамдардан және әлсіретілген вирустан жасалады. Міне, соны ата-бабаларымыз вакцинаны ойлап тапқан Луи Пастерге дейін-ақ біліп қойған. Сондықтан вакцинадан қорқудың қажеті жоқ. Екпенің арқасында әлемде 2 млн адам түрлі жұқпалы аурулардан аман қалып отыр. Қазір қарасаңыз тек екпе емес, елдегі кез келген жақсы-жаман оқиғалар туралы әңгіме көп. Ғаламтор арқылы ақпараттарды оңды-солды сапырып, дұрыс-бұрысын ажыратпай сіңіре бергеннің кесірі тиіп отыр. Баяғыда Алматыда болған оқиға ауылға екі-үш айдан кейін жететін еді. Қазір тіпті әлемнің бір түкпірінде болған жайт сол мезетте бүкіл елдің құлағына жетеді. Әлеуметтік желіде біреудің негізсіз жазған пікірін, бір-екі жерден оқығанын жаттап алып, елдің көбі саясаткер, ғалым, дәрігер болып кеткен. Диванда жатып алып ақыл айтатындар көбейді.
– Отандық екпенің өзге елдердегі баламаларынан айырмашылығы қандай? Аллергиясы бар адамдарға өзіміздің екпені салдырған жөн дейді. Жалпы оның басқа қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар?
– Қазір әлемде екі жүзден астам екпе әзірленіп жатқан болса, соның жиырма шақтысы ғана ДДҰ-да тіркелді. Ал қолдануға рұқсат берілген он шақты вакцинаны 5-6 ел ғана шығарады. Америка, Америка мен Германия, Америка мен Бельгия, Ресей, Қазақстан, Ұлыбритания, Қытай, Қытайдың лицензиясы бойынша БАӘ өндіріп отыр. Үндістан да Оксфорд университетінің AstraZeneca екпесін лицензия арқылы шығаруға келісім алды. Соның ішінде Қазақстанның да тек түркітілдес елдер арасында ғана емес, мұсылман елдері бойынша да бірінші болып екпе шығаруы – үлкен жетістік. Өйткені вакцина дайындап шығару, оны өндіру оңай шаруа емес. Вакцинаның тірі, инактивацияланған, әлсіретілген, РНҚ вакцина, векторлық деген және тағы басқа түрлері көп. Ал мына COVID-19 вакцинасы – инактивацияланған түрі. Ол нені білдіреді? Бұл оның активтілігі төмендетілген, дайындауға өлі вирус қолданылған деген сөз. «Уды у қайтарады» демекші, коронавирусты емдеу үшін де сол вирус өлі күйінде қолданылады. Жоғарыда айтқанымдай, өлген вирус ағзаға барып ауру тудырмайды, тек ұйықтап жатқан иммундық жүйені оятады, «әй, тұрыңдар, ояныңдар, жау келе жатыр, бәріміз жабылайық» деп аттан салады. Біздің екпені дайындаған Отардағы институт 1958 жылдан бастап малға арналған вакцина шығарып келеді. Сондықтан екпені дайындауда бұрыннан келе жатқан технология пайдаланылды. Сосын екпе жергілікті штаммен жасалған, яғни былтыр Алматыда вирус жұқтырып ауруханаға түскен бір пациенттің ағзасындағы пат материалдан алынды. Жергілікті штамм бойынша жасалған вакцинаны оған қарсы қолдану жақсы нәтиже береді. Тағы бір қолайлылығы – отандық екпенің бір флаконында бір ғана доза бар екендігі. Ал «Спутниктің» бір флаконында бес доза бар, демек бес адам толғанша салмай, күтеді. Бізге олай күтудің қажеті жоқ. QazCovid-in екпесінің тағы бір артықшылығы – сақталуы, тасымалдануы оңай, басқа екпелерді сақтау үшін 70 градусқа дейінгі арнайы мұздатқыштар керек болса, отандық екпе тіпті үйдегі тоңазытқышта да 2-8 градус салқын температурада сақтала береді. Қазақстандық екпе басқаларға қарағанда арзан. Сонымен қатар қосалқы жанама әсерінің аздығы да оны өзге екпелерден ерекшелейді. Ал антиденелердің сақталу мерзіміне келсек, қазір әлемде қолданыстағы екпелердің бірде-бірі зерттеудің үшінші кезеңінен толық өтіп болмағандықтан нақты осылай деп тұжырым шығаруға әлі ерте.

Отандық екпенің озық тұстары көп

– Екпенің теріс әсері бірден емес, бірнеше жыл өткен соң барып білінеді, гендік негізде өзгерістерге ұшыратады, бедеулікке әкеледі деген қауесет те бар. Осы тұрғыда екпе құрамындағы заттардың нақты қандай әсері болуы мүмкін екенін айтып бере аласыз ба?
– Жалпы өзгерістерден қорықпау керек. Қайта кейбір өзгерістердің оң әсері болады. Бірақ гендік тұрғыда өзгерістер болуы мүмкін емес, себебі вакцинада қолданылатын антигендер тек жасушаға салынып, иммундық жүйеге ғана әсер етеді. Жасушадан әрі қарай оның ядросына кіре алмайды. Ал біздің генетикалық материалымыз ядроның ішінде орналасқан. Ядро өте тығыз және мықтап қоршаулы. Сол себепті екпе адамның ДНҚ-сына әсер етеді деген – бос сөз.
– Ұжымдық иммунитет қалыптасқаннан кейінгі өмір қандай болуы мүмкін, расымен, маскасыз қалыпты өмір сүре аламыз ба?
– Бұған қатысты ғалымдар пікірі әртүрлі. Бірі халықтың 60 пайызы вакцина алса ұжымдық иммунитет қалыптасады десе, екіншісі 80 пайызы екпе салдыру қажеттігін мәлімдейді. Бірақ ешкім де нақты мына көлемде алу керек деп дөп басып айта алмайды. Дегенмен де неғұрлым көп адамға екпе егілгені жөн. Алайда ұжымдық иммунитет пайда болса, енді ауырмаймын, масканы лақтырып тастаймын деген сөз емес. Әуелде мұның аңысын байқап, пандемия 4-5 жылға созылады деп ем. Ал былтыр көбі осы жылы жойылады деп үміт етті. Қазір, қарасаңыз, кетпек түгіл, әлі өршіп тұр. Жалпы пандемиялық аурулардың басталып, аяқталуы ұзаққа созылады, он жылға дейін барады. Бірақ бұл індет олай созыла қоймас, не дегенмен дамыған дәуірде өмір сүріп жатырмыз ғой.
– Өзіңіз екпе салдырдыңыз ба? Қай екпені таңдайсыз?
– Әлі салдырған жоқпын. Бірақ өзім отандық екпені таңдаймын. Себебі ол – басқа вакциналарға қарағанда қосалқы жағымсыз әсері жоқ инактивацияланған вакцина. Аллергиям күшті болғандықтан отандық екпені салдырғаным жөн деп отырмын. Бірақ оның ағзадағы иммунитетті ұстап тұру мерзімі қысқалау болуы мүмкін. Бітіп жатса бір жылда бірнеше рет салдырсақ та ештеңесі жоқ. Қант диабетіне шалдыққандарды көрсеңіз, олар өздеріне инсулинді күн сайын салады. Қауіптен аман болу үшін екпе алудан қашпау керек. Мүмкін оған дейін антиденелердің титрын анықтайтын тест жүйелері де жетілдірілер. Негізі, вакцина салардан бұрын ағзадағы антидене мөлшерін анықтап алу керек, егер онсыз да антидене мөлшері өз деңгейінде болса, екпе салмаған жөн. Себебі ол шектен тыс көбейіп кетсе, анафилактикалық шок, цитокинді шторм және басқа да келеңсіз реакциялар болып, соңы адам өлімімен аяқталуы мүмкін.
– Отандық екпе өндірісінің өткені мал шаруашылығынан басталыпты, енді оның алдағы дамуы қалай болады?
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл Отарда вакцина жасайтын зауыт салынып, іске қосылды. Бірақ оның өндірістік қуаттылығы айына тек 50 мың доза екпе шығаруға жетіп тұр. Жыл соңына дейін 500 мың дозаға жеткізу көзделіп отыр. Соның өзі бізге аздық етеді. Сондықтан осы кәсіпорынға ерекше көңіл бөліп, ковидтен басқа да ауруларға екпені сонда жасау керек. Ірі жобалар мен бағдарламалар әзірлеп, елге қажетті иммундық препараттарды өзіміз шығарып, шетелдік өндірушілерге тәуелділікті жойсақ жөн. Мамандардың саны мен олардың жалақысын көбейтіп, жағдайын жасасақ, отандық екпе өндірісінің болашағы дұрыс болады. Кезінде вирусология мамандығын оқу орындарынан керегі жоқ деп алып тастады, енді соны қайта жандандыру керек. Себебі бізде вирусолог мамандары 20 жылдан бері оқытылмайды, бүгінде бар аз вирусологтың ізін басатын жаңа буын кадрлар дайындау ісі үзіліп қалған. Тағы бір айта кетерлігі – Қазақстандағы екпелердің авторларының бәрі – ветеринарлар. Осы ғылым жетістіктерін дамытуға болашақта дәрігерлер де атсалысса нұр үстіне нұр болар еді. Коронавирус және басқа да экзотикалық және эмерджентті аурулармен күресу кешенді, жедел және жан-жақты, ең бастысы ғылыми-зерттеу жұмыстарына негізделген болса, ауру тез ауыздықталып, еліміздің биологиялық және осыған негізделген басқа да қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілетіндігі сөзсіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + two =