Отандастардың оқу залы ашылды

0 25

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының жанынан «Отандастар оқу залы» ашылды. Игілікті бастаманың ашылу салтанатында жақында жарық көрген «Қазақ әлемі» кітаптарының тұсауы кесілді.«Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығының қолдауымен ашылған бұл оқу залына шетелдегі қазақ қаламгерлерінің шығармалары қойылған. Жақында еліміздегі және шетелдердегі оқырмандардың электронды кітап оқуына мүмкіндік жасау мақсатында «Отандастар цифрлы кітапханасы» құрылған болатын. Қор қыз­меткерлері бұл кітапхананың қоры қазір 2000 кітаптан асқанын атап өтті.
Қонақтарға «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының құрылғаннан бері істеген жұмыстарын қысқаша таныстырған «Отандастар қоры» мәдени-гуманитарлық жобалар департаментінің менеджері Серік Әбдуәли шетелдегі қандастарға қазақ тілін үйрету мақсатында «Зерделі» ақыл-ойды дамыту орталығымен бірлесіп, онлайн жүйеде сабақ өтетін интернет сыныптары ашылғанын жеткізді. «Ғаламтор арқылы оқытылатын бұл сыныптарда қазір әлемнің АҚШ, Иран, Түркия сынды 12 мемлекетінің 23 қаласынан 400-ден астам қандасымыз сабақ алуда. Әр елдің уақыт белдеуіндегі айырмашылығына қарай бір тәулікте 4 мәрте сабақ жүргізіледі» деді ол.
Шара аясында Нұр-Сұлтан қаласы Суретшілер одағы қоғамдық бірлестігінің қолдауымен қандас қылқалам шеберлерінің көркемсурет көрмесі де өтті. Оған 6 суретшінің 30-ға жуық туындысы қойылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды