Отан үшін от кешкен

0 151

 

 

 

 

 

 

 

 

Келе жатқан теңеліп,
Алаңсыз жатқан ел едік.
«Ұлан-байтақ елімді,
Жау шабады» демедік.

Қара бұлт қаптап аспанды,
Алапат соғыс басталды.
Аттандырды майданға,
Елдегі түгел жастарды.

Соғысқа кетіп баласы,
Аңырап қалды анасы.
Астан-кестен боп кетті,
Дүние мынау, қарашы.

«Ақыр заман» орнады,
Қайғының бұлты торлады.
Отқа оранды елімнің
Даласы менен орманы.

Қиратты бомба қаланы,
Бөктірді қанға даланы.
Келіп жатты күн сайын,
Соғыстың суық хабары.

Жауға олжа болмады,
Бресттің берік қорғаны.
Жан аямай әскерлер,
Отанын жаудан қорғады.

Бермедік теңдік неміске,
Қорғады Құдай, періште.
Арқасында ерлердің,
Жеттік-ау, шүкір, Жеңіске!

Ысырылып қара түн,
Маздаттық рух алауын.
Рейхстагқа әне қадады,
Рахымжан елдің жалауын!

Отан үшін өлген көп,
Намысты қолдан берген жоқ.
Ойлап жүргін әрдайым,
Бұл жеңіс оңай келген жоқ.

Шәйітті Аллам көтерер,
Қаһармандығы да өтелер…
Батырдан қалған көп ерлік,
Ұрпағын мәңгі жетелер.

Кеңейтсін Құдай өрісті,
Ісіміз болсын жемісті,
Жетпіс бес – тәуба, тағылым,
Бейбіт күн әркез жеңісті.

«Жеңіс күні келді!» деп,
Жүректер тұрсын елжіреп.
Мәңгілік алау сөнбесін,
Байрағым тұрсын желбіреп!

Әзімхан қажы Қуанышбекұлы,
тыл және еңбек
ардагері

Түркістан облысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen + 4 =