ОТАН – ОТТАН

0 273

«Еліміз кейде маған ашық-шашық қора секілді көрінеді.Қалағаны кіреді, қалағаны шығады…» дегенді естідік жуырда. Әрине, ел іші болған соң, жан-жаққа алаңдай, абайлай қарайтыны рас. Қажет. Жөн-ақ. Жыл он екі айымызда шекара қызметіне қатысты екі бірдей қаралы күн жарияланғаны ойлантпай қоймайды. Алайда елдің елдігін ескерген ерлер қамсыз қалмас. Оған сенеміз. Сенгендіктен, бүгін алғаш рет Отан қорғаушылар мерекесін атап өткелі отырмыз.

Отан деген не өзі әлде кім? Қорғаушы ше?

«…Құдай деген кім десе, Отан дер ем» деген Мұқағали ақын. Қазіргі қып-қызыл діншіл дүние бұл төңіректе әлен-пәлен дау айтып көрер, бәлкім. Бірақ Отан – құдай! Құдайдың бергені!

Оны қорғайтыны несі? Өйткені… «Отан оттан да ыстық» – қашан екені қайдам, қадірін ұққанымыз бір бүгін емес.

Ал оны кім қалай қорғап жүр?

Жауап іздегенсіп қиыр жерді шиырлап шаба беруге болар. Бірақ теріп-теріп тезистеп қана қайырайық:

– Өз басымды орта мектептерде еркек кіндік мұғалім аздығы, азайып кеткендігі жиі мазалайды. Қазіргі оқушының тақта алдында шапалақ дәмін сезбейтіні, сезе қалса, тырағайлап әке-шешесіне жүгірері жыныңды келтіреді. Бесінші сыныптың бас кезі болса керек, сүйікті мұғалімім «жегізген» сақинаның жарқылы көз алдымда. Соны әлі іштей мақтан тұтам. Жеке жетістігім ретінде құрметпен ойға алып қоям.

Дәл бүгін мұндай «үлгілі» шәкірттер барына күмәнім кәміл;

– Бізде шет елге «білім қуып барған» баланың лайықтығы қаншалықты? Айдың, күннің аманында ауыл-елде отырып ап айналаңның тыныштығына, ар-ұятына алаңдайсың. Ал мемлекет қаржысына шекара асып, аттап басқандардың көбінің моральдық құндылығы сын көтере ме? Олар айналасы, ауыл-елінің айнасындай қабылдауға тұра ма? Сұрағымыз шығыстанушы Ғалым Боқаштың жақында «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «Лондонда оқып жүр» мақаласымен тығындалар деймін;

– Отан – мемлекет. Оны қорғау – мемлекетшілдік. Әр ірілі-ұсақты ісің, ойың осынау айналайын «оттан ыстығыңның» қамына қайшыласпауы, одан асса, мүддесін беркіте беруі керек-ақ. Бірақ кейде «махровый национализм» деген бейшаралықты аңғарып қалатынымыз – шындық. Мұның өлшемі – «Артық қылам деп, тыртық қылу». Яғни, «Отан қорғау» ұғымына «Отан қорлау» түсінігі жақындау жүретіні ықтияттылықты қажетсінеді.

Отан қарумен ғана қорғалмайды. Өмірдің өз заңы көрсетердей, қорғаныс түрі сан-алуан. Бірінің нәтижесі аса шұғыл білінер, бірі – стратегиялық, «асықпас арбамен қоян қуғандай». Қысқасы, бәріміз де – Отан қорғаушымыз. Оның алғышарты – іңгәлап дүние есігін ашуымыз. Одан кейінгісі – өзіңе аманат.

«Отбасы – шағын мемлекет». Мемлекет – алып отбасы.

Халқымызда «от» сөзінің мағынасы кең де, терең де. Есік пен төр арасындағы әулетті де, етек пен төс арасындағы жасыл жазираңды да қамти алады. Ендеше, Отан оттан басталады. Оны қорғау, қорлатпау жолында, Махамбетше қайтарсақ:
«Қабырғасын қаусатып,
Бір-біріндеп сөксе де,
Қабағын шытпас ер керек
Біздің бүйткен бұл іске».

Ерболат ҚАМЕН,
ermen@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − 4 =