ӘСКЕРИ ТЕХНИКА ӨЗІМІЗДЕ ӨНДІРІЛЕДІ

0 292

акимБұрын техниканы сырттан тасымалдап келген еліміздің әскери саласы енді көп ұзамай өзімізде өндірілген көліктерді қолданатын болады. Кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов және ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков әскери және азаматтық мақсаттағы арнайы машиналар өндіретін жаңа зауыттың іргетасына капсула қойды.

DSC_3479 Болашақ зауыт «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағына кіретін Индустриалдық парк аумағында орналасқан. ТМД мен Орталық Азия аумағында алғаш рет қолға алынып отырған жобаны жүзеге асыруға Оңтүстік Африкалық «Парамаунт групп» компаниясы және «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы АҚ мен «Қазақстан инжиниринг Дистрибьюшн» ЖШС-ның бірлескен күші жұмылдырылмақ.  Өндірістің негізгі салмағын көтергелі отырған «Парамаунт групп» компаниясы – қарулы күштер саласына заманауи техника өндіру жағынан дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы кәсіпорын. Олардың шығарған әскери техникалары қандай шабуылдарға да төтеп беретін қорғанысы берік, сапасы жоғары екен. Компанияның  брондалған дөңгелекті машиналары еліміздің Қарулы Күштерінің әскери полигонында өткізілген  сынақтан да сәтті өтіпті. Айталық, оңтүстік африкалықтардың танк шабуылдарына қарсы зымы­рандық құрылғысы бар көліктері мен жаяу әскерлерді қару жағы­нан қолдайтын оқ өтпейтін м­а­шиналарының қандай шайқасқа да қарсы тұра алатын қауқары бар. Жарылғыш заттарға қарсы қорғанысы бар тағы бір көлігі «әлемдегі ең жойқын техника» атын алып та үлгерген. IMG_0092 Зауыттың келешекте өндіретін көліктердің нобайымен танысып шыққан Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков бұл жоба Мемлекет басшысы – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «2020 жылға қарай мемлекеттік қорғаныс тапсырысының 80 пайызы отандық өндіріспен қамтамасыз етілуі керек» деген тапсырмасына сәйкес келетінін атап өтті. Себебі, зауыт әскери техникалар өндіріп қана қоймай, оған қажетті қосалқы бөлшектерді, оқ өтпейтін темір тақтайларды кесу, дәнекерлеу, машиналарды құрастыру сынды көптеген шаруаларды атқаратын әмбебап кәсіпорын болмақ. Жылына 120-дан 360-қа дейін көлік шығаруды жоспарлап отыр­ған зауыт келесі жылдың аяғында іске қосылмақ. Ал, оның алғашқы өнімін шығару 2015 жылдың  қаңтар-ақпан айларында жоспарланып отыр. «Парамаунт групп» компа­ниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Майклз Чемберстің айтуынша, зауыт тек әскери-қорғаныс техникаларды ғана емес, жолаушыларға арналған 40, 100 орындық автобустар шығаруды да ойластырып отыр. Бірақ, бұл сұранысқа  байланысты, – дейді ол. Өндірістік кәсіпорын іске қосылса, 150 адамды жұмыспен қам­тамасыз етеді. Оған қоса, зауытта жұмыс істейтін 50-ден астам инженерді алыс-жақын шет елдерде оқыту жоспарланып отыр.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + 7 =