Өсімдікті топырақсыз өсіреді

0 58

«Болашақ» бағдарламасының түлегі, химик-зерттеуші, Диас ТАСТАНБЕКОВ өсімдікті топырақсыз өсіретін тың технологиясының арқасында тәулігіне 30 келіден аса өнім алып отыр. Одан бөлек қондырғыларын мектептерге орнатып, оқушылардың ғылыммен іс жүзінде айналысуына жағдай жасайды. Аталмыш бағытта бизнес бастағысы келгендерге оқыту курстарын өткізеді. Еліміздің агромәдениетін өркендетуде елеулі үлес қосып жүрген «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазымен жүздесіп, жыл он екі ай топырақтың көмегінсіз-ақ жеміс алудың жолдарын сұрастырдық.

ЖОБА ЖАСАУҒА ИТЕРМЕЛЕДІ

Ол кезде Диас Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университетінің зерттеу орталығында кіші ғылыми қызметкер еді. Айлап үйде болмауы – қалыпты жағдай. Іссапарларға жиі аттанатын.
«Ұшып-қонып жүргенде, үйдегі өсімдіктер қараусыз қалып, мен келгенше қурап қалатын. Содан бастап гүл суарудың автоматтандырылған әдіс-тәсілдерін іздестіре бастадым. Ғаламторды ақтардым, кітаптар көмекке келді. Нәтижесінде өсімдіктің өздігінен суарылуы былай тұрсын, топырақсыз да өсіруге болатынына көзім жетті. Жеке бастың мәселесі жаһандық технологиямен таныстырып, жоба жасауға итермеледі. Аэропониканы тануға төрт жылым кетті. Бәрін біліп алдым демеймін, себебі бірден меңгеріп кету мүмкін емес. Білім тәжірибемен, ойыңдағыны өз қолыңмен жасап көрген кезде ғана келеді. Оқисың, оны іс жүзінде жүзеге асырасың. Іске аспаса, қайта көресің» деп бастады әңгімесін Диас.
Аэропоника технологиясын 1911 жылы ғалым А.Арциховский өндіріске енгізген. Топырақты пайдаланбай-ақ қоректік заттарды тамырға аэрозоль түрінде жеткізу арқылы өсімдіктерді ауада өсіру әдісі су мен жер тапшылығын сезінетін елдерде танымал. Өнімді шығынсыз өсірудің мұндай баламалы шешімі АҚШ, Корея, Жапония, Сингапур, Израиль, Индонезия және Жаңа Зеландияда кең қолданылады.
Жас ғалым аэропониканы еліміздегі ең алғашқылардың бірі болып қолға алды. Сондықтан жобасына әу баста қолдауға қарағанда күмәннің көп боларын анық аңғарған. Дегенмен бастаған істі аяқтамай тынбайтын ол байқауларға қатысудан оңайлықпен бас тартпайды.
«Ағайыныңызға емес агрономға барып, өсімдік, көкөністерді топырақсыз өсірейік» деп көріңізші. Ойланбай-ақ қарсы шығады. «Қазақстанда не көп, топырақ көп, бос әурешілік» деген сарында жауап аласыз. Бірақ елімізде су ресурсы тапшы екенін ескеріңіз. Қазақстанның аграрлық потенциалы жоғары. Бірақ бізді бейғамдық пен жемқорлық құртады. Біраз байқауларға қатыстым, жеңіліс көп болды. Шетелдерде жобаң ерекше болса, инвестор табу оңай, ал бізде біраз қиындық тудырады» дейді ол.АЭРОПОНИКАНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Дегенмен ол кезекті сапарында кәсіпкер, жас ғалым Арман Тосқанбавпен танысады. Арты әріптестікке ұласып, «Zertis» компаниясы құрылды.
«Арманмен қызығушылығымыз ұқсас болып шықты, мен аэропониканы зерттесем, ол гидропоникамен айналысады екен. Гидропоникамен аэропониканың айырмашылығы неде дейсіз ғой… Екі әдісте де өсімдік топырақсыз өсіріледі. Себебі өсімдікке құнарлы, қоректік заттарды су арқылы ала ма, топырақтан сорып ала ма, бәрібір. Бірақ гидропоникада сіз өсімдікке қажетті қоректік, құнарлы заттарын суда ерітіп, су арқылы оның топырақтарына жеткізесіз. Екінші, инженерлік жұмысы көп. Тағы судың ішіндегі қоректік заттар концентрациясын қалыптастыру қажет. Себебі өсімдіктер қоректік заттарды судан сіңіріп алады. Сол кезде суға қайтадан қоректік заттарын қосуға тура келеді. Екінші, су бір қалыпта тұрып қалмауы тиіс. Әйтпесе түрлі микроорганизмдердің ортасына айналып, иістеніп кетеді. Сол үшін судың айналымы қажет. Гидропоника су, жер ресурстары көп елдерде Малайзия, Сингапур, Израиль, АҚШ-та жақсы дамыған. Ал Қазақстанға су үнемдеу технологиялары қажет. Еліміздің барлық жері бірдей құнарлы емес, кей жерлер көкөніс өсіруге жарай бермейді. Сондықтан аэропоника әдісін елімізде дамытуды мақсат еттік. Барлық өсімдіктердің дамуы мен өсуі үшін бірнеше компоненттер: қоректік орта, су, жарық және ауа қажет. Өсімдіктің тамырын вентиляция­лау өсу процесін жылдамдатуға болады, ешқандай жасанды қоспаларға жүгінудің қажеті жоқ. Біздің жағдайда өсімдіктерді осы әдіспен өсіру арқылы қаражатты, суды, жерді және энергияны үнемдейміз. Мысалы, бұл әдісті қолданғанда, су 10 есе аз жұмсалады. Бұл өз кезегінде өндіріске жұмсалған шығынның азаюына байланысты өнімнің бағасы да арзанырақ болады» деп түсіндіреді Диас.
Аэропондық қондырғыларда өсірілген өнімдер таза әрі қауіпсіз. Оттегіге еркін қол жеткізудің арқасында олар топыраққа егілген өсімдіктерге қарағанда әлдеқайда жылдам өседі және жердегі зиянкестермен байланыста болмағандықтан, ауруларға сезімтал емес. Өнім шаң-тозаңсыз жиналады. Сонымен қатар өсімдікті бірнеше қабатпен вертикалды түрде өсіріп орынды үнемдейді. 1 шаршы метрден әжептәуір өнім алуға болады. Қол еңбегі азаяды, трактор қажет емес, нәтижесінде экологияға зияны тимейді.

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАННЫҢ ДА МҮМКІНДІГІ БАР

Екі ғалымның бизнес жобасы Bolashak Startup байқауынан грантқа ие болып, соның есебінен қаржыландырылды. Нәтижесінде олар Қарағандыда жертөлені жалға алып, ең алғашқы аэропонды жылыжайын ашты.
«Барлық қажетті құрал-жабдық, қондырғыларды өзіміз жасап шықтық. Себебі нарықта бар заттар. Негізгі мақсат – халықты таза табиғи өніммен қамтамасыз ету, еліміздегі тамақтану орталықтарын, кафе, ресторандарды аэропонды құрылғымен жабдықтау. Жылыжайда о баста жұпар иісті базилик пен рукола көкшөптерінің үш түрі өсірілді» дейді ол.
Кәсіпорынға екі маман жеткілікті. Жұмысбастылық жоқ, өсімдіктерді тапсырыс түскен кезде ғана қырқып алады. Тапсырыс болмаса, дәл сол әдемі күйінде жайқалып өсіп тұра береді. Ал виртуалды агроном барлық процесті өз бетінше бақылап, жүйеге онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сондықтан мұндай жүйені мүмкіндігі шектеулі жандар да басқара алады.
Тапсырыс артқан соң жастар кәсібін ұлғайтуды ойға алып, Арқадан Алматыға қоныс аударады. Әуелі оңтүстік астананың іргесіне жайғасып, сол жерде біраз жұмыс істейді. Кейіннен қаланың қақ ортасынан жайлы орын табылып, сол жерде әрмен қарай жалғастырады.

АРА ІЗДЕП ӘЛЕККЕ ТҮСЕСІЗ

«Аэропоника арқылы құлпынай, қарбыз алуға болады. Алайда ол да қаншалықты ұтымды, пайдалы? Алдымен осы сұраққа жауап тауып алу керек. Барлық жеміс-жидек түрін өсіруге болады. Бірақ біз пайда көбірек түсетін және аз уақытта өнім беретін өсімдік түрін таңдаймыз. Құлпынайды үй жағдайында аэропоника арқылы өсіріп, өте үлкен табысқа кенелуіңіз әбден мүмкін. Алайда бұл жидекті өсірудің машақаты көп. Сондықтан біз оны өсірмейміз. Рукола, жалбыз, шпинат, базилик, т.б. бәрі – жоғары бағаланатын, елімізге шетелдерден келетін өсімдіктер. Бір ғана жалбыздың келісі 9000 теңгеден басталады. Бұлардың тұқымын егіп өнім алғанша бір жарым ай уақыт кетеді. Бірақ сол өсімдікті түбімен алмай, жапырақтарын ғана кесіп алып отырамыз. Сонда келесі жапырақтары қайтадан 1 ай күттірмей, 1-2 аптаның ішінде өсіп шығады. Оның жапырақтарын осылайша үш рет қиып аламыз, негізі одан да көп өнім алып отыруға болады» деп атап өтті химик.

ЖЕҢІЛІССІЗ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТУ ЕКІТАЛАЙ

Инновациялық жоба көк шөп өсіріп сатумен шектелмейді, жас ғалымдар топырақсыз өнім алуға қызығушылық танытқандарды оқытып, мектептерде биология сыныптарын жобаға сай жабдықтайды.
«Мектептердегі биологиялық кабинеттерді ­аэропоникамен айналысуға арналған қондырғылармен жабдықтаймыз. Оларды орнатып, кабинет ішінде соған сай жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Аэропониканың әдіс-тәсілдерін үйретеміз. Оқушылар мектепте инновациялық жобалармен танысып, қолдану арқылы технологияның тілін ерте түсінсе екен дейміз» дейді Диас.
Еліміздегі 22 мектепте жоба жүзеге асқан. Ал 23-іншісі Қыр­ғызстанның Бішкек қаласындағы білім ордасы толықтай топырақсыз өнім алуға арналған қондырғылармен жабдықталған. Бұл олардың түрік еліне тартуы екен. Ал келесі бағыт – аэропоника әдісімен өсімдіктерді үйде өсіргісі келетіндерді қажетті қондырғылармен қамтамасыз ету. Үйде, терезенің жақтауында қалаған өсімдігіңізді топырақсыз өсіре аласыз, қондырғылар ас үйіңізде аядай орын алады.
«Қаладағы дәмханалардан сұраныс жоғары. Айына 400 келі өнім алудамыз әзірше. Жылыжай кешенін екінші қаладан ашу жоспарда бар. Дүкенге барғанда көз алдыңызда өсіп тұрған жеміс-жидек, көкөніс­тердің арасынан піскенін үзіп алып, себетіңізге сүңгітіп жіберер күннің ауылы алыс емес. 140 шаршы метрлік жылыжайда жұмыс істеп жатқанымызға көктемде бір жыл болады. Кәсібімізді аяққа тұрғызуда кем дегенде 60 мың доллар қаражат жұмсалды. Көп іздендік, тәжірибе жинадық, ойлағанымыз іске аспай қалған кездер болды, қателіктерге бой алдырдық, соның арқасында ғана тасымыз өрге домалады. Бір емес, екі рет шаһардан шаһарға көшу – екі-үш есе шығын. Сондықтан қателіктен қорықпау керек, сабақ алу қажет» деп қорытындылады сөзін «ZERTIS» компаниясының директоры Диас Тастанбеков.
Бір қызығы, игі іске түрткі болған гүлдері бүгінде автоматты түрде суарылмайды екен. Кәсіп бастағалы ол мәселе өз шешімін тапқан. Қалай дейсіз бе?! Алматыға қоныс аударып, отбасын құрады. Үйдің шаруасы, өсімдіктер жайы автоматты түрде жеңгемізге өткен.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 4 =