©2020 Астана Ақшамы
Орыс көлігі опық жегізіп…
Редакцияға Азамат Жарқынбеков хабарласты.
«Осыдан бірнеше ай бұрын Ресей машиналарын сататын Астанадағы «Бипек-Авто» салонынан су жаңа «Лада» сатып алдым. Қанша дегенмен, жаңа көлік қой, кемі үш жыл үздіксіз жүремін-ау деген қуанышым көпке созылмады. Жүргеніне екі апта болмай жатып, әлгі темір «тұлпардың» моторынан ши шықты. Сыртқы қабы шытынап кетіпті. Үш жылға берілген кепілдік талонын алып, көлікті жөндейтін орталықтың табалдырығын тоздырғаныма біраз болды. Мұндағылар мотордың блогын Ресейден алдыртады екен.
«Әне келеді, міне келеді» деп жүргеніме үш айдан асты. «Осы кепілдік талоны деген – тауардың сапалы екенін білдіретін құжат емес пе? Әлде жай көзбояушылық па?» дейді ол күйініп.
Соңғы жылдары елімізде өтімді көліктердің қатарына осы «Лада» жатады. Себебі, бағасы арзан. Әрі ресейлік машиналарға кедендік баж салығы салынбайды, шекарадан еш кедергісіз өтеді. Бірақ, көлік зерттеушілері Ресейдің көліктері кейде сапасыз материалдармен жасалатынын, бағасы да соған сай екендігін айтады. Ал оқырман сауалына орай, біз Астанадағы «Бипек-Авто» мекемесіне хабарластық. Ондағы менеджерлер бұл мәселе бойынша жауап беру міндетіне жатпайтынын айтып, «Пионер» техникалық қызмет көрсету орталығына жөн сілтеді.
Расул Қамзин,
«Пионер» орталығының кепілдік жөніндегі инженері:
– Рас, бұл мәселе бойынша аталған азамат келді. Біз қажет бөлшекке тапсырыс берген болатынбыз. Тиісті уақытында бөлшек келгенімен, ол азаматтың көлігіне сәйкес келмей қалды. Каталог бойынша тапсырыс бергендіктен, кейде мұндай жағдайлар болып тұратыны заңдылық. Сондықтан біз азаматқа мәселені түсіндіріп, тағы да күтуін өтіндік. Тапсырыс келген бойда тұтынушыға жедел хабарласатын боламыз.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ