ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

0 572

Жаратқанға ет пен сүйектен қалыптаған жұмырбасты пендесiнiң бәрi бiрдей ғой, академик болсын, арбашы болсын, адам баласының туабiттi – атаның қанымен, ананың сүтiмен бойына сiңген қайталанбас қасиеттерi танылып тұрады. Жүре келе жұғысқан, тiршiлiктiң тезi мен тәжiрибесiнен дарыған нәрселерi де кiсiнiң болмысын түрлi нақышпен толықтыра түседi. Пешенеге бұйырмыс, маңдайға жазылмыш дейтiн тағдырды тақталайтын ұғым тағы бар. Кей кезде атақ, дәреже, марапат, тағы сол сияқты шарапатты шарттылықтарға көз жұма қарағанда ғана кiсiнiң шынайы кейпi көзге көрiнетiндей ме, қалай? Абайша айтқанда – «өзiңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден». Ол ретте адамның жалқы есiмi мен жанкештi еңбегi, «жалаңаштанған» жан сыры, жүрек сезiмi таразыға тартылады. Сол жосыққа жүгiнсек, алдымен айтарымыз айқын: қазақ руханияты әлемiн Серiк Қирабаевсыз, Серiк Қирабаевты қазақ руханияты әлемiнсiз елестету мүмкiн емес (әлбетте, оның өзiне әбден лайықты ғұмырлық мерей-мансабының мәлiметi кез келген энциклопедияда немесе ғылыми анықтамалықта тұнып тұр). Докторлық диссертация қорғағанымда, жұмысыма баға беретiн сарап комиссиясына жетекшiлiк жасағаны және ара-тұра жолыққан жерде әңгiмесiне ұйып қалатыным болмаса, өнемейiн жанында жүрмеген жақсы аға туралы шешiле сөйлеу, шырқай сапыру – қиын да қисынсыз харекет. Сондықтан көбiне адамшылық ажары жөнiнде сырттай бақылаған, сырттай байыптаған пiкiр мен пайымымды, сондай-ақ әдеби шығармашылығы тарапындағы кейбiр көзқарасымды бөлiсiп отырмын.

Менi ең алдымен қайран қалдыратыны – Серiк Қирабаевтың жүйрiк жады, яки «құйма құлақтығы». Ертеде, ХII ғасырда өмiр сүрген парсы әдебиетшiсi Низами Арузи Самарқанди «кез келген ақын кемелдiк кезеңiне жету үшiн өзiне дейiнгiлерден 20 мың жыр жолын және замандастарынан 10 мың өлең қатарын жатқа бiлуi қажет» деген екен. «Қырымның қырық батырын» таңды таңға ұрып тайпалтатын жампоз жыраулары бар байырғы алаш жұрты үшiн бұл таңсық та емес-тi. Берiдегi қағаздың бетiне қараған заманға осы қабiлеттiң тек жұқанасы жеттi. Дәрiс оқып, сабақ өткiзген ұстаздарымыздың арасынан… әй, ешкiм еске түсер емес… Ал өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ҚазПИ-дiң аудиториясында жас оқытушы (бүгiнгi академик) Серiк Смайылұлы Қирабаевтың қазақ әдебиетiнiң тарихынан шертiлген әуезесiне елтiген үшiншi курс студентi (бүгiнгi академик) Сейiт Асқарұлы Қасқабасов ұстазының Махамбет, Шернияз, Сүйiнбай өлеңдерiн жатқа оқығандығын ризашылықпен еске алады. Ол – ол ма, Қирабаевтың сүйiктi жары – сексеннiң сеңгiрiне шыққан академик апамыз Әлия Бейсенова: «…Сер-ағаңның менi баурап алған игi қасиеттерiнiң бiрi – батырлар жыры мен лиро-эпостық жырларды жатқа оқуы болатын. «Қыз Жiбек» пен «Ер Тарғынды» заулатқанда, көп қыздар аңтарыла аузына қарайтын», – деп ағынан ақтарылыпты газеттердiң бiрiне берген сұхбатында. ХХ ғасыр басындағы ардақты ақындарымыз жайында сөз сабақтай келе, Серiк ағаның өзi де: «Олар ақталмай тұрып-ақ, Сәкеннiң «Көкшетауын», Мағжанның «Батыр Баянын», Шәкәрiмнiң «Еңлiк-Кебегiн» жатқа бiлетiнбiз», – дейдi. Сондай-ақ, Қасым Аманжоловтың «Құпия қыз», «Жамбыл тойында» поэмаларын, «Дауыл» жинағына кiрген көп өлеңiн әлi күнге дейiн жатқа айтады. Былтыр, Қарағандыда сол аяулы ақынның туғанына 100 жыл толуына арналған ұлан-асыр тойдың барысында өткен ғылыми конференцияда баяндама жасаған профессор Серiк Қирабаевтың өлеңдерден мысал ұсынатын тұстарға келгенде, алдындағы параққа үңiлмей, басын көтерiп, жұртшылыққа қарата жырды жатқа заулата жөнелгендiгiнiң куәсi болдық…
Мiне, өзi ақындықтың жолын қумаса да, кеудесiн поэзия көмбесiне айналдырған академиктiң бiр дарқан даралығы осында. Бұл – оның еш-кiмнен еншiлеп алмаған, тумысынан табиғат сыйлаған зерде-зейiнiнiң арқасы деп ұғамыз. Сайып келгенде, марқұм, салиқалы әдебиетшi Жұма-ғали Ысмағұлов жазғандай, ол – «кең өрiстi терең теориялық бiлiм иесi ғана емес, хрестоматиялық багажы да өте мол бiрегей ғалым».
Әдебиеттегi «жанпида жанр» (Ә.Кекiлбаев) – сыншылықты таңдаған, «сөзi мен iсi ылғи бiр жерден шығатын» (З.Қабдолов), «қазақ педагогтарының педагогы» (Ш.Елеукенов) атанған Серiк Қирабаев жайында жазылған мақалаларды оқып отырсаң, ең жиi кездесетiн сипаттамалар – кiсiлiк, парасат, ұлағат. Оның арғы жағында, әлбетте, Абай айтқандай, «ақыл, ғылым, ар, мiнез деген нәрселермен» озғандықтың, «ақырын жүрiп, анық басқандықтың» имани да инабатты ишарасы жатыр. Осы орайда Қирабаевтың ұстаздық қызметiнiң тек-тамырын саралағанда, назардан қағыс қалған бiр жайт бар секiлдi. Әдетте бiз оның Спандияр Көбеевтiң шығармашылығын әдеби-ғылыми айналымға бiрiншi болып қосқандығын, революцияның аласапыранында автордың өзi жоғалтып алған «Үлгiлi тәржiма», «Үлгiлi бала» кiтаптарын тауып, ыждаһатпен түгендеп-түптегенiн, тәлiмдi дүниелерiн талдағанын сөз етемiз де, ең бастысы – Ыбырай Алтынсариннiң тiкелей iзбасар шәкiртiмен көзi тiрiсiнде қарым-қатынас құрып үлгергенiне ден қоя бермеймiз. Задында, Серiк ағаның күндердiң күнiнде: «Ыбырай бiзге әрқашан кеңеске келедi, ақыл бередi», – деп жазуы бекерден-бекер емес. Асыл сабақтастықтың, ағартушылық сарындастықтың негiзгi төркiнi осы беласар байланыста, зерттейтiн тақырыбына саналы, сарабдал мақсатпен бiлiп барғандықта емес пе?! Бөгде жол да жоқ – Алаштың басқа ардақты бiлiмпаздары тыйым мен түнек iшiнде едi. Спандиярдың дүниеден қайтқан жылы – 1956. Межелi мезгiл, бетбұрыс бастауы… Партияның атақты ХХ сиезi… Жылымық ескен сәулелi сәт… Қирабаевтың докторлығына дем берген Сәкен Сейфуллиннiң ақталуы – сосын… Ал өзi қалам толғап, құнарын қазған Жүсiпбек Аймауытовтардың жазбалары «қайта құру мен жариялылық» жылдары жетiп, ортаға оралғанша, ордалы жұмыстарды орындаған Әдебиет және өнер институтының директорлығына әдiл баламалы жолмен сайланғанша – Күннiң көзi көкжиектен әлi отыз жылдан астам уақыт көтерiлмек…
Осыншама қоғамдық сiлкiнiстер мен серпiлiстердi көзбен көрiп, ақылмен айқындаған, ешқашан асыл мұраты мен адал мiндетiнен айнымаған, ең ақырында тәуелсiздiктiң тұғырлы төрiне шыққан әзиз әдебиетшiнiң көкейiндегi талай арманы орындалған-ақ шығар! Ғұмырының 55 жылын ұстаздыққа арнаған Спандияр Көбеевтiң мемуарлық шығармасы нақ солай – «Орындалған арман» деп аталушы едi. Ал Серiк ағамыз осы «мерзiмдiк рекордты» әлдеқашан «жаңалап» тастады…
Зейнолла Қабдоловпен (ол да болашақ академик) және Айқын Нұрқатовпен (жастай бақиға озған аса талантты ғалым) тiзе қоса түзген, орта мектептiң 9-сыныбына арналған әдебиет пәнi оқулығының жарық көргенiнiң өзiне 60 жыл толыпты. Қадiрмендi ұстаздары Қажым Жұмалиев пен Есмағамбет Ысмайылов содыр саясаттың салқынымен ұсталып кеткен кезде олқылықтың орнын толтырудағы талпыныстың нәтижесi едi бұл. Қылшылдаған жиырма бестiң о жақ, бұ жағындағы өскелең жiгiттердiң әдеби-тарихи миссиясын сол заматта өздерiнiң қаншалықты сезiн-гендiктерiн бүгiн айтып бере алмаспыз, бiрақ осыны нақ солардың мойын-дарына жүктеген бiр тылсым, бiр тұспал күштiң пәрменi болған сынды. Жақсы әдеби оқулықтың өзi – ұлттың, ұрпақтың ұстазы. Өйткенi оның өн бойына бiлiмдi де бiлiктi, ойшыл да оқымысты жандардың сөзi мен санаткерлiгi сiңген. Жалпы, бұрынғы кәсiби әдебиетшiлердiң көбiнiң бүгiнгi кәсiби әдебиетшiлердiң көбiнен бiр артықшылығы – ұстаздық етуден жалықпай жүрiп, ел ертеңiне қажеттi оқулық жазумен арнайы айналысқандықтары ма дерсiң. Алаш дәуiрiнде өрiстеген сол данагөй дәс-түрдiң iзi сұйылып, сиырқұйымшақтанып қана қоймай, сапасы да сетiнеп, селдiреп бара жатқан тәрiздi. Айдынды оқулықтардың авторы Серiк Қирабаевтың баспасөз бетiндегi кейбiр толғаныстарынан осы мәселеге жаны ауыратындығы сезiлiп қалады.
Жылтыраққа жаны жат, өтiрiк өзеурегендi өңiнде жақтырмайтын әдебиетшi Қирабаевтың эстетикалық талабы мен талғамы да шыншылдыққа тоғысар төңiректен табылса керек-тi.
Қазiр бiр ақынды мадақтап-мақтағымыз келсе, теңеу таппай тебiренiп, «көрнектi», «танымал», «белгiлi», «ақиық», «дарынды», «iрi», т.б. анық-тауышпен азырқана айдарлап жатамыз ғой. Ал әсiреқызылға әуестiгi жоқ академиктiң осы тұрғыдағы тұжырымы дәл де дәйектi: «Ақын деген бiр ауыз сөзге қазақ үлкен мағына сыйғызған. Және оны екiнiң бiрiне қолдана бермеген. Өлеңшi мен шын ақынның салмағын айыра бiлген халықтың өлеңшiлер мен жыршыларды құныға тыңдаса да, оларға ақынға табынғандай мiнез көрсетпейтiнi тағы бар…». Бүгiнгi «сөз бенен бөздiң құны – бiр» тұстарда ақындыққа аблығып жүргендердi «абайлайыншы», соларды көтермелегiш сыншыларды «сап, сап, сабыр» дегiзерлiк қарапайым, бiрақ түсiнiкке қонымды қағида емес пе?!
Адамның безбенi – ең алдымен өз iшiнде. Өзге замандастары секiлдi, Серiк Қирабаевтың өмiр жолы жаймашуақ, жайсаң шақтарымен қоса, өрт шарпыған өткелекке толы болды. Әсiресе күйдiрген, күйiндiрген кез – елуiншi жылдардың еншiсiнде. «Осындай қым-қиғаш заманда әдебиетке жаңа келген бiз де асыра сiлтеп айтқан сынға қатысқанымыз жасырын емес», – дептi Серiк ағамыз бiр мақаласында. Қасым Аманжоловқа қатысты әуелгi сынын меңзеп отырғанын түсiнемiз. Азулылардың айтақтауымен қиғаш тарта жазып жiберген жағдайы бары рас. Онысын сол сәтте-ақ түсiнiп, кезектi бiр талқының тұсында қатесiн тез түзеткен. Бүгiн сонысын ашық айтып, қинала қамығып еске алады. Бұл – алдарқата ақталу емес, адал ниетпен арылу. Қирабаевтың кiршiксiз, кiлтипансыз мiнезiн бiлетiндердiң бәрi мұны мойындайды. Қасым Аманжоловтың 1991 жылы жарыққа шыққан «Нұрлы дүние» кiтабына алғы сөз жазып қана қоймай, баспаға кетiп бара жатқан шығармаларының текстологиясына түпнұсқаға сәйкес өте маңызды түзетулер енгiздi. Содан берi де ақынның өлеңдерi туралы мақалаларды жүйелi жазып келедi.
Серiк Қирабаев – даңғыл диапазонды зерттеушi. ХIХ-ХХ ғасырлардағы қазақ әдебиетiнiң өрiсi мен өресiн көркемдiк тенденциялар және көрнектi тұлғалар арқылы жан-жақты таразылаумен бiрге, қазiргi заманғы әдеби үрдiстiң бағыт-бағдарлары мен қозғалыс-құбылыстарын жiтi қадағалап жүредi. Он бестен астам оқулық пен оқу құралының, отызға жуық монографиялық зерттеудiң, сегiз жүзден артық ғылыми мақаланың иесi. «Әдебиеттiң ақтаңдақ беттерi», «Ұлт тәуелсiздiгi және әдебиет», «Тәуелсiздiк рухымен» атты кейiнгi кiтаптары – әбден кемелiне келген академиялық ғылым ардагерiнiң жаңа талаптарға жүгiнген тегеурiндi топтамы. Тәуелсiз елiне тартуы.
Сексеннiң бесеуiн сергек бағындырған Серiк ағамыз қашаннан әр iсте ыждаһаттылық пен ықтияттылықты ұнатады. Құндылығы бар қағаздың архив қорында немесе көпшiлiкке арналған кiтапхана сөресiнде қатталып, жұрттың игiлiгiне жарағанын қалайды. Сол тәртiпке сүйенiп, бiрнеше жыл бұрын өзiнiң жиған-терген рухани дүниесiн Еуразия университетiнiң «Отырар кiтапханасына» тапсырды. Қазiр атшаптырым бiр бөлменi сәнiмен де, мәнiмен де толтырып тұр.
Барыңыз, көрiңiз.
Қирабаевтың қазынасының үстiнен шығасыз.
Керегiн iздеген кезде өзi де бұл жерге бас сұғып тұрады екен…

Амантай ШӘРIП,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
«Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 19 =