ОРЫН ТАПШЫЛЫҒЫ ОЙДАҒЫДАЙ ШЕШІЛУДЕ

0 93

Астанаға жыл сайын 40 мыңдай адам көшіп келеді. Күн сайын мыңдаған сәби дүние есігін ашатын қалада халық саны ұдайы ұлғаяды. Мұндай демографиялық өсім, әрине, түрлі әлеуметтік мәселелер туындатады. Соның бірі – мектептердегі орын жетіспеушілігі. Ол туралы толығырақ Астана қаласы білім басқармасының басшысы Әсима БИМЕНДИНА айтып берді.

 

– Астанадағы білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығының себебі неде?

–Туу көрсеткішінің өсімі жоғары әрі халықтың материалдық, әлеуметтік ахуалы жақсара түсті. Сонымен қатар, елордаға жан-жақтан көшіп келіп жатқан мектеп жасындағылар көп. Елорданың күннен-күнге өсуі, өркендеуі қалаға қызығушылардың санын арттырып отыр.

– Қазір қалада қанша балабақша бар және қанша балаға орын жетіспей отыр?

 – Балалардың жағдайын жасау отбасының ғана емес, қала әкімдігінің, оның ішінде білім басқармасының жіті назарында. Бұл мәселенің шешімі іздестірілуде. Астанада 138 балабақша бар. Мемлекеттік меншіктегісі – 77, жеке меншіктегілері – 60. Қалған біреуі – ведомстволық. Қазір мектепке дейінгі білім беру мекемесіне 33 мың 575 бала барып жүр. «Балапан» бағдарламасымен 3-6 жас аралығындағы 61,9 пайыз бөбек қамтылған. Жыл басында 800 орындық үш балабақша, ал ақпан айында 720 орындық үш балабақша пайдаланылуға берілді. Шілдеде 520 орындық екі балабақша ашылды. Қазір 480 орынды 2 балабақшаның құрылысы аяқталып қалды. Тағы 920 балаға төрт балабақша құрылысы жалғасып жатыр. Таяуда басталған жеті балабақшаның құрылысы аяқталса, 1680 бүлдіршінге орын табылады. Білім ұйымдарының көптігі орын тапшылығы мәселесін шешуге оң ықпалын тигізіп, кадрлар да жаңа орындармен қамтамасыз етілетін болады.

– Мектептердің құрылысы жөнінде не айтасыз?

– Биыл біткелі отырған 3500 орындық үш мектептің құрылысы әне-міне аяқталады. Одан бөлек, тағы 6 мың орынға шақталған бес мектептің құрылысы басталды. Алдағы уақытта орын тапшылығы болмайды деп ойлаймыз. Жалпы, қаламыздағы 82 мектепте 86 мың 663 оқушы білім алады. Шыны керек, орын жетіспей жатқандықтан кейбір мектептерде, атап айтсақ, №8, 13, 28, 31,37,57 мектептерде үш ауысыммен оқиды. 15 мың 728 оқушы далада қалмас үшін осылай амалдауға мәжбүрміз. Қалалық Білім басқармасы осынау тапшылықпен күресіп, жұмысты үйлестіріп отыруға тырысамыз. Елордалық балалардың білім сапасымен қоса, оларды барлық қажеттілікпен қамту, талаптарды үйлестіру жайын қадағалаймыз. Жұмыс неғұрлым қарқынды жүрген сайын, талап та соғұрлым өсіп барады.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × two =