Салада серпіліс бар

0 33

Елордадағы халық өмірінің орташа ұзақтығы 1,5 жылға ұзарған. Мәселен, 2016 жылы бұл көрсеткіш 75,3 жыл болса, былтыр ол 76,7 жылға артқан. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және қала әкімдігі тарапынан материалдық-техникалық жабдықтау, жаңа құрылыстар мен жөндеу жүргізу жұмыс­тарының қолдау табуының арқасында сала тынысы жылдан жылға жақсарып келеді. Мәселен, соңғы бір жыл ішінде байқалған оң өзгерістердің бірі – медициналық көмектің амбулаторлық-емханалық қызмет деңгейінде кеңейтілгендігі.

Нұр-Сұлтан қаласында жалпы өлім саны 12,3%-ға азайған. Халық денсау­лығын айқындаушы маңызды көрсеткіштерге жататын қан айналым ауруларынан болатын өлім – 23,2%-ға, қауіпті дерттерден қайтыс болатындар – 13,2%-ға, ана өлімі – 2-3 есеге, бала өлімі – 12,1%-ға, өкпе қабынуынан ажал құшатындар 1,6%-ға кеміді.
Қалада қазіргі таңда шамамен 3 мыңға жуық дәрігер мен 6 мыңдай медбике бар. Қоғамның көп саласына тән кадрлық қысқартулар мен оңтайландыру мәселесі мұнда жоқ. Себебі онсыз да медицина мамандары тапшылық етеді. Өз еріктерімен жұмыстан кететіндердің басқа өңірге көшуіне немесе республикалық емдеу орындарына, әлде жеке клиникаларға ауысуына байланысты себептері болады. Былтыр қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты емдеу мекемелерінен 295 дәрігер жұмыстан шығып кеткен болса, олардың орнына 345 дәрігер келген. Медицина саласына кадрлар тарту және тұрақтандыру үшін қалалық әкімдік бірқатар шаралар қабылдап, Жол картасын бекіткен. 2018 жылы әкімдік тарапынан сала қызметкерлеріне 18 пәтер берілді. 2018-2019 жылдары тұрғын үй сертификаты бағдарламасы аясында әрбір медициналық қызметкерге тұрғын үй алуға бастапқы жарна ретінде 1 млн теңгенің сертификаты табысталды. Қазіргі таңда 4 ауданда және Ильинка тұрғын алабында медицина мамандарына арналған жатақхана салу жоспарда бар. Былтырдан бері шағын отбасыларға арналған тұрғын үйлер салынуда. Одан бөлек мекеме басшылығы тарапынан қызметкерлерге қосымша үстемақы беру, ішінара жалдамалы пәтер ақысын төлеу, екі айлық көлемінде бонустық жалақы тағайындау, көліктік карталар үлестіру сынды әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Медицина қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын өсіп отыр, биыл ол 30%-ға көбейтілді. Бүгінгі таңда дәрігерлердің орташа айлығы 245 мың теңге болса, ортаңқол медицина мамандарының жалақысы – 137 мың теңге. Ал еңбек өтілі көп, өте тәжірибелі дәрігерлер 550 мың теңгеге дейін алады.
Елорданың көші-қон жағдайы тұрақты емес, қаладағы жыл сайынғы өсім 50-60 мың адамды құрайды. Сондықтан медициналық инфрақұрылым ұдайы дамытуды қажет етеді. Бұл мәселе медицина саласында қосымша ұйымдар ашу арқылы шешілуде. Осы мақсатта 2018 жылдан бастап «Үй жанындағы дәрігер» жобасы іске қосылды. Мұндай шағын орталықтар әр тұрғын үйдің 1 қабатында орналастырылады. 2018-2019 жылдары бастапқы медициналық, амбулаториялық қызмет көрсететін сондай 18 нысан ашылды. Оның 15-і жеке инвестиция күшімен құрылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + six =