Орта толсын, оқырман!

0 168

Бейсенбі күні Оқушылар сарайында елорда тыныс-тіршілігінің айнасына айналған  «Астана ақшамы» газеті  оқырмандарымен  жүздесіп, концерт- акция өткізді. Шараға зиялы қауым өкілдері, астаналық ардагерлер мен Еуразия ұлттық университетінің болашақ журналистері қатысты.


Технология мен интернет қарыштаған заманда сөзінің қадірі кетпеген мерзімді басылым үшін   көзі қарақты бір  оқырман жүз оқырманға татиды. Тарихы тәуелсіздігімізбен тұстас, шыға бастағанынына 23 жыл болған «Астана ақшамы» да оқырманын бағалайтын байсалды басылымның бірі. Жиында сөз алған газетіміздің бас редакторы Ерболат Қамен көпшілікті  газеттің арғы-бергі тарихынан хабардар етті.
Газетіміз ұрпақтар сабақтастығының жібін үзбей, журналистер ұстаханасымен ұдайы шығармашылық байланыс орнатып келеді. Соның бір дәлелі – бүгінде  газетімізге араласып, мақала жазып жүрген қабілетті, шығармашыл екі студентке  арнаулы шәкіртақы тағайындалды. Ай сайын 25 мың теңге степендия  сертификатын Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті Есбол Социалхан мен 3-курс студенті Мәдина Жақыпқа   басылымның бұрынғы басшылары – белгілі журналист Кенже Жұмағұлов пен филология ғылымының докторы  Амантай Шәріп,  бас редактордың бірінші орынбасары Талғат Батырхан ағалары табыстады.
Сондай-ақ, газеттің осынау игі бастамасын көтермелеу үшін төңірегіне топталған авторлардың  арасынан  Мемлекеттік сыйлықтың иегері,  жазушы, түркітанушы Әнес Сарай шығып, шығармашылық байланыс орнатқан басылымға ақсақалдық батасын берді.
Баспасөзге жазылу маусымы басталысымен газетімізде  «Тіл жанашыры – тірегіміз» атты акция жарияланған еді.  Алғашқы болып Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов  тілеулестік танытып, 30 шақты зиялы қауым өкілін өз қаражаты есебінен «Астана ақшамын» жаздырып берді. Жиында сөз алған ол барлық оқырмандарды қазақ баспасөзінің дамуына атсалысуға шақырды.
Айта кету керек, жоғарыдағы акцияға үн қосқан демеушілердің арқасында газетімізді 300-ге жуық  ардагер, көп балалы отбасылар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, басқа да қалың оқырманымыз бір жылға жаздырып алатын болды. Мәселен, «Шеврон» компаниясының өкілі Найля Ескендірқызы өз сөзінде 100 оқырманға жаздыртуға көмек  беретіндіктерін жеткізді.  Осындай тілеулестік ниетін «Астана» халықаралық әуежайының атынан сөйлеген  инспектор Сәуле Үсенова, «Алаш аманаты» қоғамдық қорының төрайымы Қарлығаш Қожамұратова,   кәсіпкер азамат Азат Кәрім де білдірді.
Шараның ең қыздырмалы да қызықты тұсы – оқырмандар арасында ұйымдастырылған викторина болды. Астананың арғы-бергі тарихына қатысты сауалдарға дұрыс жауап берген қатысушылар арасынан  ең зерек атанған оқырмандарға ұялы телефон, фотоаппарат, шаңсорғыш, шырын сыққыш секілді бағалы сыйлықтар тарту етілді. Көпшілігі  газетке бір жыл тегін жазылу сертификатына  ие болды.


Кеш көрігін  жас өнерпаздар қыздырды. Оқушылар сарайының «Жетігеншілер» тобы күй төгілтті, филармония әншілері Жазгүл  Данылбаева  мен  Рахат Бегасыловтар халық әндерін нақышына келтіріп орындады. Жас домбырашы Нұртөре мен флейтада Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» құйқылжытқан Рахиля Құмарова көпшілікті  өнерімен  тәнті етті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 3 =