Орта бизнес жұмысын жандандырады

сауда орталықтары мен 8,5 мың кәсіпорын қайта ашылды

0 28

COVID-19 індеті экономиканың көптеген салаларына әсерін тигізді. Одан, әсіресе, шағын және орта бизнес секторы көп зардап шекті. Қазақстанда бизнестің бұл саласында 3,3 млн адам еңбек етеді, ол жұмыспен қамтылған халықтың 37 пайызын құрайды. Ел экономикасындағы жалпы ішкі өнімнің 30,8 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі. Еуроодақ елдерінде жұмыс орындарының 60 пайызы және жалпы ішкі өнімнің 55 пайызы осы сектордың үлесінде.

Нұр-Сұлтан қаласы шағын кәсіпкерлік саласында карантин жарияланғанға дейін 360 мың адам еңбек еткен еді. Енді оның кесірінен олардың көпшілігі екі қолға бір күрек таба алмай қалды. Аты жаман дерттің қаупіне жұмыссыздықтың ауыртпалығы келіп қосылды. Әлеуметтің көңілі күп болды, баяғы уайымсыз күндер бастан бұл-бұл ұшты.
«Өлмеген құлға өлі балық кездеседі» деген, енді, міне, 17 тамыздан бастап карантин шаралары кезең-кезеңмен алынып, шағын және орта бизнеске ептеп жан кіре бастады. Тек кәсіпкерлік нысандарына, қоғамдық тамақтандыру орындарына, басқа да қызмет көрсетуге рұқсат етілген объектілерге барған кезде тұтынушылар жалпыға ортақ бірқатар сақтандыру шараларын ­(маска кию, қашықтықты сақтау және антисептиктерді пайдалану, т. б.) орындауы міндеттелген.
Бұл шара мемлекеттің отандық бизнеске қолдау көрсету ниетінен жасалып отыр. Әйтпесе, індеттің беті қайтты демесеңіз, оның қаупі әлі сейілген жоқ. Жергілікті әкімдік осы қадам арқылы шағын және орта кәсіпкерліктің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, ішкі сұраныс­ты арттыру, банкротқа ұшырау процедурасын жеңілдету және бизнесті жедел әрі кедергісіз қайта жандандырып әкету мақсаттарын көздейді.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі сауда және қызмет көрсету саласы бөлімінің басшысы Руслан Ыдырысовтың айтуынша, бүгін бас қаладағы барлық сауда, ойын-сауық орталықтары мен 8,5 мың кәсіпорындардың жұмыстары қайта іске қосылған.
Негізінен, қалада 9 мыңдай кәсіпорын болса, олардың біразы ескерту алғандықтан, жұмыстары кейінге шегерілген. Яғни ол жерлерде бетперде режимі бұзылып, әлеуметтік арақашықтық тиісінше сақталмаған.
СОО-лардың тамақтану орталықтары мен балаларға арналған ойын-сауық алаңдарының, кинотеатрлардың есігі әлі де жабық. Тек киім, әшекей бұйымдар сататын бутиктер мен супермаркеттер, фитнес клубтары жұмысын бастады.
Карантиннен кейінгі бірінші жұмыс күніне орай елорда әкімдігінің мамандары мен мониторингтік топ мүшелері қаладағы бірқатар кәсіпорынды аралап қайтты.
Мәселен, жұмыс тобы бас сұққан «Азия парк» сауда, ойын-сауық орталығында сақтандыру талаптарына сай барлық санитарлық шарттар сақталған екен.
– «Азия парк» орталығы әзірге аптаның жеті күнінде күнделікті сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Әрине, әдетте демалыс күндері сауда қызып тұратын, бірақ қазіргі пандемияға байланысты біз халықтың қауіпсіздігі үшін санитарлық талапты сақтаймыз. Мұнда жағдайды барынша бақылап отырамыз. Келушілердің температурасы тексеріледі. Егер адамдардың осында кіргеннен кейін ыстығы көтерілсе, бірден жедел жәрдем шақырылады. Карантиннің бизнеске кері әсері болғанмен, бізде жалға алушы кәсіпкерлердің барлығы 100 пайыз орындарында қалды. Басқа да қатардағы қызметші-жұмысшылар да ешқайда кеткен жоқ, бәрі қайтып оралып жатыр. Әсіресе, тазалық жұмысын күшейттік, – деді «Азия парк» СОО директоры Андрей Чегарев.
Сонымен қатар жұмыс тобы «Азия парк» СОО ішінде орналасқан Fitness First фитнес клубының жұмысын тексерді. Мұнда бұрын күніне 300 адамға дейін жаттығыпты. Енді клуб санитарлық талапқа сәйкес жаттығушылардың 50 пайызына ғана кіруге рұқсат етіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 5 =