©2020 Астана Ақшамы
Орта Азиядағы ислам діні ортақ күшпен көркейеді
Астана қаласында Дін істері агенттігінің ұйымдастыруымен «Орталық Азиядағы исламның рөлі» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Алқалы жиынға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Египет және Ресей елдерінен келген белгілі сарапшылар, теолог-дінтанушылар қатысып, өзара пікір алмасты. Исламның дамуына айтарлықтай үлес қосқан Орталық Азияның рөлін талқылау мақсатындағы шарада қатысушылар өзге де өзекті мәселелерді қаузап, ойларын ортаға салды.
Іргелі басқосуды агенттік төрағасы Марат Әзілханов жүргізіп отырды. «Орталық Азия – ислам дамуының тарихи орталығы. Бұған осы аймақ ғалымдарының бай мұрасы мен асыл діннің дамуына қосқан зор үлесі куә болып отыр. Дегенмен, атқарылатын іс әлі де көп, себебі, ислам дінінің әлеуметтік-мәдени феномені сан қырлы және пәнаралық зерттеуді талап етеді» деді ол сөзінде.
Отырыста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы сөз сөйледі. Исламның рөлі және ел руханиятын дамытудағы үлесі мен діни экстремизмге қарсы іс-шаралардың ерекшелігі төңірегінде айтқан ол діннің дамуы мен өміршеңдігіне Орталық Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстан жерінен шыққан ғұламалардың қосқан үлесі зор екенін айтты. «Ислам дінінің қазақ топырағына жеткеніне 1250 жылдай болды. Байтақ даланы мекендеген бабаларымыз өз салт-дәстүрі мен болмысына барынша жақын дінді сегізінші ғасырда қабылдаған. Ислам – содан бері жұртымыздың жүрер жолы, бағыт-бағдары, қорғаны, тірегі де болып келді. Асыл діннен қуат алған халқымыз қамыққанға қамқор бола алатын, ұлттар мен ұлт өкілдерін ынтымаққа ұйытқан іргелі елге айналды» деді діни басқарма төрағасы Е.Малғажыұлы. Бас мүфти білім мен мәдениеттің ордасы саналған Отырар, Сайрам, Түркістан, Тараз, Баласағұн, Сығанақ сынды қалалардан шыққан Әбу Насыр әл Фараби, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири секілді даланың дана да дара перзенттерінің ислам өркениетіне қосқан үлесі айрықша екенін де әңгімеледі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы салт-дәстүр, бітім-болмысымызбен біте қайнасқан исламның бейбітшілік, имандылық пен мейірімнің діні екендігіне ерекше тоқталды.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде Қырғыз Республикасы Дін істері мемлекеттік комиссиясының директоры О.Молдалиевтің, Тәжікстан Үкіметі жанындағы Дін істері, ұлттық салт-дәстүр, салтанаттар мен әдет-ғұрыптарды реттеу комитетінің төрағасы А.Холиковтің, Ресей ислам университетінің ректоры, профессор Р.Мухаметшиннің, Мәскеу қалалық орталық мешіттің имам-хатибі Марат Аршабаевтың, еліміздегі Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, профессор Ә.Дербісәлінің, Каир мемлекеттік университетінің профессоры М.Фуадтың және Анкара университетінің профессоры К.Сонмездің баяндамалары тыңдалды.
Алқалы жиын соңында қатысушылардың қолдауымен үндеу қабылданды.
Асхат РАЙҚҰЛ