ӨРТ ЖАЛЫНЫ ӨРШІП ТҰР

0 88

Әне-міне, қыс таяп қалды. Сарыарқаның сақылдаған аязында өрт жалыны арта түсетінін мамандар растайды. Ал, төтенше оқиғаның орын алуына көбіне тұрғындар себепкер көрінеді. Өйткені, қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайды. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт қауіпсіздігі қызметінің баспасөз жетекшісі Аягөз Фазылова редакциямызға хабарласып, арнайы айлық басталғанын айтты. Департамент өкілімен тілдесу барысында бірнеше сауал қойған едік.

– Өрт оқиғаларының көпшілігі қандай орындарда болады?

– Статистикаға сүйенсек, өрттің көбі тұрғын үй секторларында орын алады, әсіресе, пеш жағуда қауіпсіздікті сақтамағаннан. Бір айта кетерлігі, төтенше жағдайлардың көпшілігі өрт бақылау инспекторлары жетуі қиын нысанда орын ала­ды. Биылғы жылдың 8 айында елордада 461 өрт тіркеліп, салдарынан 16 адам қаза тапты.

– Арнайы өрт қауіпсіздігі айлығы басталғанын айттыңыз. Шара барысында қандай іс-қимылдар жүзеге асырылады?

– Күз түсіп, қыс жақындай бастағаннан Төтенше жағдайлар департаменті қайғылы жағдайға әкеліп соқтыратын тұрмыстағы өрттердің қауіптілігін қалай төмендету туралы ойластыра бастайды. Мәселен, 1 қыркүйектен 1 қазанға дейін өрт қауіпсіздік айлығы басталды. Мемлекеттік өрт бақылау инспекторлары аулаларды аралау арқылы жөндеусіз пештерді анықтап, ақыл-кеңес беріп, жаднамалар таратуда. Бірақ кейбіреулер, тіпті есіктерін ашпайды, біз айыппұл салу үшін емес, ақыл-кеңес беру үшін келеміз. Жұртшылық осы­ны түсінсе дейміз. Былтыр ақпан айында пештің дұрыс салынбауынан бір отбасы түтінге уланып қалған.

– Ал қыс мезгілінде өрт көбіне неден шығып жатады?

– Қараша айынан ақпан айына дейінгі кезең өрттің көп болатын кезі. Осы кезеңде электроқондырғылардан, тұрмыс құралдарын дұрыс қолданбаудан шығатын өрттер саны артады. Сонымен қатар, жекеменшік үйлердің аулаларындағы қора-жайлар мен моншалардың жану жағдайлары көбейеді.

– Осындай жайттарды азайту үшін астаналықтарға ескертеріңіз бар болар…

– Өртке қарсы қызметі барлық азаматтарға өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауды қатаң ескертеді. Пештерді салу кезінде өртке қарсы шегіністерді сақтау керек және мұржаларды жанбайтын зат­тан жасау керек. Егер осы ережеге немқұрайлы қарайтын болсақ, өзімізге де, өзгелерге де қауіп-қатер төндіреміз. Егер өрт қауіпсіздігі бойынша сауалдар болса 21-74-83, 21-59-61, 21-74-68 телефондарына хабарласып, кеңінен жауап алуға болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − 8 =