Өрт сөндірушілерді не алаңдатады?

0 48

Нұр-Сұлтан сияқты бір миллионнан астам тұрғыны бар қалаларда тиісті талаптар бойынша отыз өрт сөндіру бөлімі болуы керек. Бірақ елордада қазір небәрі он екі осындай бөлім жұмыс істеп жатыр. Олардың өзінде бірқатар түйткілдер бар. Кеше қалалық мәслихат депутаттары соның бірнешеуіне барып, жағдайды өз көздерімен көрді.

Қаланың өнеркәсіп аймағында орналасқан №16 өрт сөндіру бөлімі 1979 жылы салынған. Алайда нысанға ауызсу мен техникалық су әлі күнге дейін сырттан жеткізіледі. Кәріз жүйесі де жоқ. Тиісті желілер тартылған. Бірақ олар 3-ЖЭО (ТЭЦ) пайдалануға берілгеннен кейін ғана қаланың сумен қамту және кәріздің орталық жүйелеріне қосылады деп жоспарланып отыр.
Бөлімнің ішкі электр желілері де тозған. Оларды ауыстыру керек. Трансформатор қосалқы стансасы көршілес нысанның аумағында тұр. Мұны өрт сөндіру бөлімінің аумағына көшіру қажет. Себебі стансаның қазіргі орнына өндірістік ғимарат салынбақ.
Өрт сөндіру бөлімінен көлікпен шығу да бір мұң. Асфальт төселген жолға дейін 160 метр жүру керек. Өрт сөндірушілер киім ауыстырып, демалатын бөлме де бір жерде.
Осыған ұқсас жағдайды мәслихат депутаттары сол жағалаудағы №23 өрт сөндіру бекетінен де көрді. Бұл нысанның айналасында Тұңғыш Президент кітапханасы, «Тельман», «Заречный» тұрғын алаптарындағы «Адал-2» сынды жаңадан бой көтерген тұрғын үй кешендері, «Саранда» Vip-қалашығы орын тепкен. Өрт сөндіру бекеті көппәтерлі тұрғын үйлердің ортасында қалған. Қазір 1987 жылы салынған бұл нысанды сүру туралы мәселе көтеріліп жатыр. Бірақ Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Базарбаевтың пікірінше, оны сүруге болмайды. Себебі бұл аумақта құрылыс жұмыстары әлі де қарқынды жүргізіліп жатыр. Нысан сүрілетін болса, үлкен бір аумақ өрт сөндіру бөлімінсіз қалады.
«Сондықтан сүргеннің өзінде оның орнына жаңа шағындау келген өрт сөндіру бөлімін салу керек. Қазіргі орнындағы жер теліміне қызығушы кәсіпкерлер көп. Егер жер оларға берілсе, болашақта осы аумақта өрт сөндіру бөлімін салуға орын таба алмаймыз» дейді Қ.Базарбаев.
Оның пікірімен мәслихат депутаттары да келісті. Мәслихаттағы Nur Otan партиясы фракциясының төрағасы Владислав Сергеев бұл мәселені жоғары деңгейде көтеруге уәде берді.
Айтқандай, алда елордада тағы үш өрт сөндіру бөлімін салып, олардың санын он беске жеткізу жоспарланып отыр. Аталмыш мақсаттағы жаңа нысандар «Көктал», «Ильинка» тұрғын алаптарында және көптеген көппәтерлі үйлер бой көтеріп жатқан «Нұрлы жол» теміржол вокзалының аумағында салынбақ.
«Қазір қалада өрт сөндіру бөлімдерінің аздығынан төтенше жағдай туындаған жерге жеткенше уақыт жоғалтып жатамыз. Біз Нұр-Сұлтан қаласына ғана емес, Ақмола облысына қарайтын Жібек жолы, Қосшы, басқа да кенттерге барамыз. Жалпы қаланың айналасындағы елу шақырым аумаққа қызмет көрсетеміз. Негізі, өрт туындаған жағдайда бес минут ішінде жетуге тиістіміз. Бірақ баратын жер алыс­тау болғандықтан, 10-15 минут, тіпті одан көп уақыт кетіп жатады» дейді Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қ.Базарбаев.
Депутаттар №5 және №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдеріне де барды. Бұл нысандардың алдындағыларға қарағанда жағдайы жақсы. №5 бөлімде спортпен айналысуға барлық жағдайлар жасалған. Күніне мұндағы спорт кешеніне 100-150 қызметкер барады. Өрт сөндіру-құтқару спорты жолға қойылған. Қызметкерлер арасында осы спорт түрінен Қазақстан ұлттық құрамасы мүшелері де көп.
Ал №4 өрт сөндіру бөлімі ЭКСПО қалашығы аумағында орын тепкен. 2016 жылы халықаралық көрме қарсаңында бой көтерген нысан сол аумаққа қызмет көрсетеді. Депутаттар мұнда әр алуан техникамен танысты. Осы нысанда бір ғана мәселе бар. Қазір ол автономды қазандықпен жылытылып жатыр. Жылына 250 мың литр дизель отынын жағып, оған 37 млн теңгеден астам қаржы жұмсалады. Нысанға газ тарту керек. Сол кезде қаржы үш есе үнемделеді. Ал қазандықты газға көшіруге 52 млн теңгеден астам қаржы кетеді екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × one =