ӨРТ СӨНДІРУШІ

0 155

Серік Бегімбетов – Астанадағы Төтенше жағдайлар департаментінің №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі. Өзі таң­даған мамандық бойынша елордада ширек ғасырға жуық уақыттан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде ол – өжет өрт сөндіруші, білікті басшы ғана емес, ардақты аға, адал жар, ізетті іні, өнегелі ұл мен ибалы қыз өсіріп отырған бақытты отағасы. 

Өткеннің өшпес өрнегі


Кешегі Ұлы Отан соғысына қатысқан майдан­гердің отбасында алты қыздан кейін дүниеге келген тілеулі баланың бетінен қаққан жан болмапты. Үлкендерге айтқанының бәрін істетіп, ойындағысын жүзеге асырып әдеттенгенімен, қаймағы бұзылмаған қазақы тәрбие оны шектен де шығармаған. Соның арқасында Серік еңбекқор, әділ әрі адамгершілігі мол, ең бастысы, қарапайым азамат болып ер жетті. Ұзақты күнге әкесінің жанынан бір елі қалмайтын. Ойын жасындағы бала айтқанды емес, көр­генін қайталайды емес пе?
Уақыт өте келе ол көп еңбек еткеннің есесі түгел болатынын түйсінді. Сөйтіп, әскерден келісімен, 1992 жылы Серік Целиноградтағы №85 әскери өрт сөндіру бөліміне жауынгер болып қызметке орналасады. Көп ұзамай ақмолалық Гүлмира Далабайқызы Шынтеміровамен көңіл жарастырып, өз алдарына жеке отау құрады. Жұмыстағы белсенділігін ескерген басшылар жас отбасына осы жерден жатақхана береді.
2009 жылдың 8 мамыры дәл кешегідей көз алдында. Өртке қарсы қызмет органында лайықты және мін­сіз қызмет ете жүріп, көрсеткен жан­қияр­лық ерлігі мен кәсіпқойлығы үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сол күні өз қолымен үш бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Бұдан асқан бақыт бар ма! Еңбектің еленгені деген осы екен-ау.

 

Тілсіз жаумен тайталас


Арада қанша жыл өтсе де, алғаш рет кезекшілікке шыққан күні әлі есінде. Өртеніп жатқан жайма тақ­тайдан салынған екі қабатты үй екен. Әдетте, мұндай тақтай шытынап тез жанады ғой. Жол бойы бөлім командирі не істеу керектігін айтып, үйретумен келсе де, отқа оран­ған үйді көргенде абыр­жып, сас­қалақтағаны соншалық, әлгі кісі­нің айтқандарының бәрі тегіс есі­нен шығып кетпесі бар ма?! Кенет есін жинап, жан-жақты жалмап, бет қаратпай бара жатқан тілсіз жаумен арпалысуға кірісіп кетті. Белгісіз бір күш көмектескендей. Бәлкім, бұл жұмысқа деген жауапкершілік сезімі шығар. Әйтеуір, осы жұмыста жүріп ширақтыққа үйренді. Енді, міне, өзінің соңынан ерген жастарды өрт сөндіру тәсілдеріне үйретумен бірге ептілікке, шыдамдылық пен шымырлыққа, қиын сәтте тез шешім қабылдай білуге, батылдыққа бау­лып келеді. Өйткені, күнделікті жұ­мыстың қауіптілігіне қара­мастан өрт сөндірушілер қатарына көбіне жас адам­дар талпынуда. Інісі Ерден де осында еңбек етіп жүр.
Кезінде мұнай зауыты жанып, екі күн дегенде оны әзер сөндіргендерін, бас қаладағы биік ғимараттардың бірін сөндіру кезінде, отыз жетінші қабатқа әп-сәтте жаяу көтерілгендерін, ескі бомбапананы сөндіру кезінде өртке қарсы қызметтің үш офицері қаза тауып, олардың мүрдесін оттан алып шығуға қатысқанын, өз өміріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан, талай рет жарылғалы тұрған газ баллондарын көтеріп шыққанын қалай ұмытсын?! Бәрі-бәрі дәл кешегідей көз алдында. Осыдан жарты жыл бұрын Астанада пластикалық ыдыстар жанғанда өртті сөндіріп болған соң, қасындағы жігіттер: «миың ағып бара ма?» деп күледі. Секең түк түсінбейді. Сөйтсе, өрт сөндірем деп жүріп, басындағы каскасының желке тұсы балқып кеткенін байқамай да қалған көрінеді.
Өткен күндерді ой елегенінен өт­­кізе отырып, Серік Құмарұлы ал­ғаш жұмысқа орналасқан жылдары бір күнде қырық жеті рет ша­қыр­туға шыққан кездері де бол­ғанын, тамақ­тану былай тұрсын, тізе бүгіп, ты­нығатын уақыттың бол­майты­нын еске алды.
Жалпы, өрт сөндіруші – дүние жүзінде ең қауіпті он мамандықтың бірі. Ал, қазіргі заманның өрт сөн­дірушісі қандай болуы керек екенін білу ниетімен кейіпкерімді әңгімеге тарттым. «Өрт сөндіруші лапылдап жанған жалынды сөндірумен айналысып қана қоймай, өз өміріне қаншалықты қауіп төніп тұрғанын сезсе де, алдымен адамдарды құт­қа­руды ойлайды. Сондықтан, жиырма бірінші ғасырдың өрт сөндірушісі тек жағдайды дұрыс бағалай біліп, тілсіз жаудан жапа шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, өз ісіне өте тиянақты, заман талабына сай мобильді бола білуі керек» дейді С.Бегімбетов.

 

Астанамен астасқан арман


Алты алашқа аты әйгілі Астананың ауасын жұтып, осындай әсем ша­һар­да өмір сүріп, еңбек етіп, отба­сымен жарастықта ғұмыр кешіп жат­­қанына тәубе етеді. Балаларының үл­кені – Әйгерім Еуразия гумани­тарлық институтының шетел тілдері факультетінде оқып жүр. Кіш­кен­тайынан өнерге жақын боп өскен қыз мектеп қабырғасында жүр­геннен ән салып, би билейтін. Жо­ғары оқу орнында да қоғамдық жұ­мыстарға белсене араласты. Бү­гінде бірнеше олимпиадалардың жүл­дегері. Одан кейінгі ұлы Дамир Ас­танадағы №5 мектептің 10-сыныбында оқиды. Өзі спортқа бейім, ұшқыш болуды армандайды. Өткен оқу жылында математика мен физикадан өткен олимпиадада жеңімпаз атанғаны үшін жақында жолдамамен Кипрге барып келсе, кенже ұлы Диас бесінші сыныпта оқиды. Орыс тілі пәні бойынша ғылыми жобаның жеңімпазы. Секең отбасындағы жа­расым мен балаларының жетіс­тік­терінде жұ­байы­ның үлесі мол екенін мойындайды. Ақмола пединститутын шетел тілдері бойынша қызыл дипломмен бітірген ол сегіз жыл сол институтта оқытушы болды. Кейін «Ақмола-турист» АҚ-да орыс және ағылшын тілдері бойынша экскурсовод болып жұмыс істеді. Қазіргі кезде Гүлмира Далабайқызы – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында шетел тілі­не аудару бөлімінің меңгерушісі.
Жұбайлық ғұмырларын әдемі ықы­лас, ілти­патпен өткізіп қана қоймай, ортақ мақсат-мүддеге қол жеткізу жолында қол ұстасып, бір-бірін қолдап, бірін-бірі толықтырып келе жатқан жандардың әлі талай жақсы күндер мен қуанышты сәттерге куә болары ақиқат.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 11 =