Өрт сөндіру бөлімдерінде қандай түйткілдер бар?

0 43

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының алда өтетін кезекті сессиясында елордада табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланады. Кеше соған дайындық аясында депутаттар осы іске жауапты бірқатар нысандарды аралады. Соның ішінде Орталық саябақтағы орталық жағажай аумағындағы судан құтқару стансасына, бірнеше өрт сөндіру бөліміне барды. Осы кейінгі аталған нысандарда біраз түйткілдер анықталды.

Депутаттарға қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов нысандарды таныстырып, жұмыс жайын баяндады. Ең алдымен қазір қалада өрт сөндіру бөлімдерінен үлкен тапшылық болып отыр. Оның айтуынша, елорда сияқты миллионнан аса тұрғыны бар қала үшін 30 осындай бөлім болуы керек. Бірақ қазір бар болғаны 11 бөлім ғана жұмыс істеп жатыр. Ал соның алтауында проблемалар жеткілікті. Олардың көбісі әбден ескірген. Материалдық-техникалық базасының жаңартылмағанына да біраз болды.
Мәселен, №16 өрт сөндіру бөлімінің ғимараты 1979 жылы салынған. Қаланың өндірістік аймағында орналасқан бұл нысанның электржелілері тозған, жөндеуді қажет етеді. Ғимарат орталық сумен қамту және су бұру жүйелеріне қосылмаған. Оған келу жолы да салынбаған.
№7 өрт сөндіру бөлімінің жағдайы да осыған ұқсас. Бірақ бұл нысан жақсы ауданда орын тепкен. Маңайының бәрі – жаңа көпқабатты үйлер. Соған қарамастан, бөлімде судың болмауымен қатар орталық жылу жүйе­сі тартылмаған. Бөлім бастығы Асхат Құсайынов депутаттарға жанындағы үйлерден тиісті инженерлік инфрақұрылым тартылса екен деген тілегін жеткізді.
Жолдың салынбағанының салдарынан өрт сөндіруші көліктері діттеген жерге жету үшін уақытты жоғалтып жатады. Шаңы бұрқыраған, ойдым-ойдым жолмен асфальтқа дейін 700 метрдей жүреді. «Бұқар жырау көшесінен №44 көшеге апаратын жолдың құрылысын аяқтау керек. Одан кейін құрылысты «Саранда» тұрғын үй кешеніне дейін жалғастыру керек. Сонда жолда жүру уақытымыз орташа есеппен алғанда 5-10 минутқа қысқарады» дейді А.Құсайынов.
Елордада кейінгі жылдары салынған өрт сөндіру бөлімдері де бар. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов болашақта өртке қарсы бөлімдерді осындай үлгімен салу керек деп есептейді. Соның алғашқысы – жергілікті бюджет қаржысына былтыр салынған өрт сөндіру бөлімі. Жақында ресми ашылуы жоспарланған нысанда жұмыскерлерге барлық жағдайлар жасалған. Киім ауыстыру, жуыну орындары бөлек-бөлек орналасқан. Өрт сөндіру техникасы жаңа. Нысан ішінде жұмыскерлер тұруға арналған бөлмелер де қарастырылған. Отбасылы, бала-шағасы бар адамдарға екі бөлме, бойдақтарға бір бөлме беріледі. Бірақ олар үш жыл тұрған соң, бөлмелерін басқа жұмыскерлерге босатып беруге міндетті.
– Өрт сөндірушілердің әлеуметтік жағдайын осылай шешіп жатырмыз. Қолдан басқа ештеңе келмей тұр. Жалақы да аз. Өрт сөндірушінің жалақысы еңбек өтіліне байланысты 65 мың теңгеден басталады, – дейді Б.Сыздықов.
Жеті жыл бұрын ашылған №6 арнаулы өрт сөндіру бөлімі Керей-Жәнібек хандар көшесінде орналасқан. Нысан республикалық бюджет қаржысына бой көтерді. Қазір Есіл ауданының әкімдігі де тиісті көмек беріп тұрады. Мәселен, бөлім аумағында спорттық алаң салып берді. Осы өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері тұратын жатақхана да бар. Ол нысанның аумағында орын тепкен.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов түйткілді нысандардың жақсартуға бюджеттен қосымша қаржы керек деп отыр. Мәслихат депутаттарының да көзі соған анық жетті. Бұл мәселенің шешілу немесе шешілмеуі – алдағы күндердің еншісінде.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + 16 =