Өрт өтіндегі өмір

0 347

Жедел-құтқару қызметтеріне оңай жатталып, тез терілетін телефон нөмірлері берілген. Солардың ішінде өрт сөндіру қызметі «101» (бұрынғы «01») болып бірінші тұр. Бұл демде лаулап, дес бермей кететін қызыл жалынның қауіптілігін ғана емес, өмірі өрт өтінде жүретін жандардың жұмысы қаншалықты қиын екендігін де айғақтаса керек. Бұл жолы біз Алматы ауданы Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты өрт сөндірушілердің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. 

Отпен ойнама, опындырады

– Атам қазақ өртті «тілсіз жауға» бекерден-бекер теңемеген, – дейді бізбен әңгімесінде Алматы аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, өртке қарсы қызмет подполковнигі Марғұлан Аманбаев. – Қызыл жалын тосыннан тұтанады. Өрт көбінесе адамдардың бейқамдығынан, ұқыпсыздығынан шығып жатады. Өрт қауіпсіздігін қатал сақтауға қанша шақырсақ та, жұртшылықтың оған мән бере бермейтіні өкінішті. Мұның соңы кейде қайғылы оқиғаға әкеліп соғады.

Басқарма бастығының айтуынша, Алматы ауданы Төтенше жағдай басқармасы аумағында былтыр 313 жерден өрт шығыпты. Соның 53 пайызы тұрғын үй секторында болған. Тек автокөліктердің өзінде 88 өрт тұтанған. Қызыл жалын 7 адамның өмірін қиып кеткен. Соның ішінде бір бала бар. Материалдық шығынның көлемі – 225 млн теңгені құраған.

– Біз халық арасында түсіндірме жұмыстарын жиі жүргіземіз. Ішкі істер департаменті қызмет­кер­лерімен бірге, тар бөлмеде ты­ғы­лысып отырған тұрмысы нашар отбасыларды аралап, оларды есепке аламыз. Былтырдың өзінде осындай 70 отбасыны тіркеуге алдық. Тұрғын үйлерге кіреберіс аумағында орналасқан шлагбаумдарды тексеру де – біздің құзырымызда. Жақында жүргізген рейд кезінде заңсыз орнатылған 28 шлагбаумды алып тастадық, – дейді Марғұлан Аманбаев.

Жүргізілген талдауға сәйкес өрт туындауының негізгі себептері – отты дұрыс қолданбағандықтан, электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан екен. Сондықтан, мамандар өрт қауіпсіздігін сақтап, пешті, электрге қосылған барлық заттарды қадағалап, дер кезінде өшіріп отыруды және кішкентай балаларды мүмкіндігінше қараусыз қалдырмауды сұрайды. Әрине, апат айтып келмейді. Дегенмен де, «Сақтанғанды құдай да сақтайды».

Кәнігі мамандардың кәсіби ерекшелігі

– Өрт сөндіруге әбден маман­дан­ған жандардың қандай қа­сие­тін айрықша атар едіңіз? деп­ сұрадым басқарма бастығы кабинетінен өрт сөндірушілер бөліміне келе жатып Марғұлан Тапашұлынан.

– Біз түтіннің иісінен не жан­ға­нын бірден айырамыз. Өрттің оша­­ғын анықтау да кәнігі өрт сөн­­ді­рушіге қиын емес. Кәсіби ерек­шелігіміз де осы шығар.

– Сонда «тілсіз жаудың» қай жерден бастап тұтанғанын қалай білесіздер?

– Өрт басталған жер ағарып не­ме­се сұрғылт тартып тұрады. Мұны жай адам аңғара бермейді. Бірақ, тәжірибелі өрт сөндіруші түгі қалмай өртеніп, күлі қалған жерден де өрт ошағын оңай табады…

Алматы аудандық Төтенше жағ­­дай­лар басқармасы орналасқан ғимараттың ең төменгі қабатына келдік. Өрт сөндірушілер де, олардың құрал-саймандары мен мі­­нетін көліктері де осы жерде.

Біз барғанда жауынгерлер кезекті жаттығу үстінде екен.

Аудандық мамандандырылған өртке қарсы қызметінде 9 өрт сөн­ді­ру бөлімі бар. Ондағы жауын­гер­лердің саны – 1143.

Мұнда да әскери тәртіп. Коман­дир­дің әр сөзі – заң. Бұлжымай орын­далады. Төтенше оқиға бол­ма­­са да өрт сөндірушілердің әр ми­­нуты, әр секунды санаулы. Жұ­мыс кестелері тығыз. Жауынгер­лер­ әрқашан қандай жағдайға да са­­қадай-сай болуы керек. Бұлардың күнделікті өмірі спорт десек бо­ла­ды. Тәулік бойы жаттығады. Ғи­­мараттың ішінде де, сыртында­ да жедел-құтқару шараларына үз­дік­сіз дайындалады. Бұған қо­­са, арнайы әзірліктен өткен же­­тек­­ші офицерлердің дәрістерін тыңдап, теорияны практикамен ұштастырады. Өрт қауіпсіздігі ережелері мен тәлімдерін қайта-қайта пысықтап, техникалық құрал-саймандарының толыққандығын ыждаһатты тексеріп отырады. Қыс­­қасы, шұғыл шақыруға тап-тұй­­нақ­тай дайын жүреді.

«Біздің күшіміз – бірлікте»

Мамандандырылған өртке қарсы қызметі төрт ауысым бойынша жұмыс істейді. Әр ауысымның өз жетекшісі бар. Біз барған кезде кезекті ауысым өртке қарсы қызмет капитаны Арман Серға­зиннің жетекшілігінде екен. Жа­уын­герлерді «тілсіз жаумен» айқасуға жол бастайтын – осы ауысым жетекшілері. Олар – на­ғыз от майданының ортасында жү­ре­тін­дер.

Арман Серғазиннің қолы сәл қалт еткенін күтіп тұрып, әңгімеге тарттық:

– Өртке қарсы қызметінде жұмыс істегеніңізге қанша болды?

– 2000 жылдан бері осындамын.

– Өрт сөндірушілерге қандай мінез тән?

– Қызыл жалынды ауыздықтау – бүкіл бір команданың жұмысы. Сондықтан, біздің күшіміз – бірлікте, бір-бірімізге деген нық сенімде. Ең басты қағидат – осы. Бұған қоса, өрт сөндірушілерге шапшаңдық, жү­ректілік, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен де хабардар болуы керек. Улы газға тұншыққан, күйік шалған адамдарға жәрдем бере алатындай қабілеті болғаны жөн.

– «Тілсіз жаумен» арпалысқан уақытта қандай сезімде боласыз?

– Қызыл жалынның ортасына кіргенде біздің бар аңсар-назарымыз от ортасында қалған адамды құтқаруға, өртті сөндіруге ауады. Басқа әлемді мүлдем ұмытамыз.

– Жүрексінетін кездеріңіз болды ма?

– Оттан қорықсам, өрт сөндіруші болмас едім…

– Өрт сөндіру барысында қандай кедергілерге кездесесіздер?

– Кедергілер жоқ емес. Айталық, жаңадан салынған тұрғын үйлер­дің­ кіреберісіне өрт сөндіру машинасының кіруіне ешқандай жағдай жасалмаған. Автокөлік иелері де машиналарын қалай болса солай қойып, жолымызға кедергі болады. Қожайыны келіп, көлігін алып болғанша техникаларымыз біраз тұрып қалады. Көшелердегі кептеліс те – көп бөгеттің бірі. Өрт сөндіру машинасы дабылдатып келе жатыр-ау деп жол беретін көлік иелері болмай тұр.

– Өрт сөндірушілердің уақы­тынан кешігетіні, машиналардың дайын болмай, қайта-қайта су тол­тыруға кететіні кейде сынға ұшырап жатады…

– Әрине, барлық мәселе біздің қолымызда болса, көзді ашып-жұмғанша-ақ оқиға орнынан табылар едік. Бірақ жоғарыда айтып өткенімдей, жолай көлденең шығатын кедергілер көп. Ал су толтыру мәселесіне келсек, арнайы техникаларымыз «майданға» әрқашан да сақадай сай тұрады. Алайда, олардың суы өлшеулі. Мысалы, кәдімгі өрт сөндіру автомашинасына 4 тонна су сияды. Былайша мол көрінгенімен, бұл суыңыз бес минутта жоқ болады. Яғни, өрт сөндіру кезінде секундына 40 литр су шашамыз. Ал, 7 тонналық су сия-тын үлкен «КамАЗ» техникалары секундына 100 литр су жоғалтады. Су біткеннен кейін гидранттардан қайтадан толтырып аламыз.

– Техникаларыңыз жеткілікті ме?

– Ол жағынан өкпе жоқ. Техникалардың жалпы саны – 128. Олардың ішінде кептелістерден қиналмай өте алатын шағын өрт сөндіруші автомобильдер, өрт сөндіру сатылары, арнайы жабдықталған көліктер, бәрі бар.

– Өзіңізге ерекше әсер еткен, көптен бері ұмыта алмай жүрген оқиғаңыз бар ма?

– Бірде Ықылас Дүкенұлы көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатында болған өртті сөндіруге бардық. От тұтанған пәтердің іші күйіп тұр. Жанымда өрт сөндіруші Данияр Сейітов деген жігіт бар. Екеуміз бірден жатын бөлмеге тарттық. Есікті ашып қалсақ, бір әйел дәл босағада есеңгіреп құлап жатыр екен. Бөлменің іші қою түтін. Әлгі әйелді екеулеп сыртқа шығардық. Оның денесінің жиырма пайызы күйіп үлгеріпті. Сәл болмағанда әйелдің жанын арашалап қала алмайтын едік. Осы оқиғадан кейін көпке дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. «Сәл кешіккенде… бірден өрт болған бөлмені таппағанда, әлгі әйелдің күні не болар еді?» деген ой көпке дейін көңілімді күпті етіп жүрді.

«Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман»

Өрт шыққандығы жөніндегі дабыл бірыңғай диспетчерлік орталықтан осы мамандандырылған өртке қарсы қызметіне келіп түседі. Біз барған күні бөлім тыныш болды. Бірақ, өрт сөндірушілер төтенше оқиға бола қалған кездегі өздерін қалай ұстайтынын, қанша мерзімде әзірленіп үлгеріп, өрт болған жерге қанша уақытта баратынын көріп-білу мүмкіндігіне ие болдық. Өртке қарсы қызметінде жауынгерлердің дайындығын сынау үшін жалған дабыл аракідік қағылып тұрады екен. Бұл жолы да солай болды. Қатер дабылдың құлақ тұндырар «құлын дауысы» шырқырай салысымен өрт сөндірушілер бірден іске кірісті. Бір сәтке де қарап қалған жоқ. Олардың әр секунды есептеулі екендігін байқадық. Қимыл-қозғалыстары мұнша жылдам болар ма?! Алдында ғана менімен әңгімелескенде әр сөзін баптап, ойланып айтып тұрған Арманның өзін танымай қалдық. Шалт қимылдаған ол сөздің емес, істің адамы екендігін дәлелдеп берді.

Дабыл қағылған сәтте кезекші жауынгерлер 20 секундтың ішінде арнайы киімдерін киіп, белдігін тағып, көліктеріне отырып, өрт болған жерге қарай шығып үлгеруі тиіс. Ал, тұрған жерінен «ұша жөнелетін» өрт сөндіру машинасы орташа есеппен 5 минуттың ішінде тиісті нүктеге келіп жетуі керек.

Жауынгерлер ауысым жетек­шісінің тактикасымен қимылдайды. Сондықтан, басшы дер кезінде дұрыс шешім қабылдай алатын қырағы болуы керек. Өртті тез ауыздықтау да ауысым жетекшісінің шеберлігіне көп байланысты.

Өрт сөндірушілердің бас­ты міндеттерінің бірі – оқиға ор­нын­да­ғы адамдарды қауіпсіз жерге кө­­шіру.

Барлау жасауға және адамдарды құтқаруға кемі үш адамнан құралған газ-түтіннен қорғау қызметі аттанады. Өрт сөндірушілер қою түтін оранған аумаққа отқа күймейтін болат арқанмен тізбектеліп кіреді. Ең алдында және соңында көпті көрген тәжірибелі жауынгерлер жүреді. Жалынды өшіру уақыты оттың деңгейіне, өрт шалған аумағына қарай бірнеше минуттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін.
Әрине, жауынгерлердің жұ­мы­­­сы өртті сөндірумен ғана шек­­­телмейді. Олар өртке қарсы қыз­мет бөліміне оралғаннан кейін өрттің қалай өршігені, кімнің қай жерде қателік жібергені, қабыл­да­ған шешімдерінің қайсысы дұ­рыс болғаны жөнінде кеңінен мә­­жіліс өткізеді. Мұндағы мақсат – жі­бер­ген қателіктерден қорытынды шы­­ғарып, шеберлікті одан әрі шың­дай түсу.

Иә, өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Олардың қызметі әлемдегі ең ауыр, күрделі маман­дық­тардың бірінен саналады. Ла­уа­зымдарының өрт сөндіруші-құт­қарушы болып өзгеруі де тегін емес. Олардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Өрт сөндіруші сөзі абырой, батырлық, өжеттілік сөздерімен қатар естіледі. Осындайда орыс жазушысы Владимир Гиляровскийдің мына сөзі тілге оралады: «Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман, өмірі үнемі соғыстағыдай және әр минут сайын басын қатерге тігеді».

Нағыз ерлердің ісі

Өрт сөндіруші нағыз ерлердің мамандығы саналады. Үміткер азаматтарға қойылатын талап та жоғары. Қызметке жасы 18-32 жас аралығындағы тепсе темір үзетін, денсаулығында ешқандай кінәраты жоқ жастар алынады.

Өрт сөндіруші болғысы келген адам міндетті түрде әскер қата­рында азаматтық борышын өтеген бо­луы керек. Жүрегі қалаған адам же­р-гілікті Төтенше жағдайлар депар­таментіне келіп, тіркеледі. Қызметке қабылданғандар бір­ден Алматыдағы үш айлық арна­йы кәсіби дайындық курсына жі­беріледі.

Қызметінің қауіптілігі еске­ріліп, өрт сөндірушілерге 45 жасында зейнеткерлікке шығу жеңілдігі берілген. Олардың мамандығы мемлекеттік қызметке теңестірілген. Демек, тұрғын үй бағдарламасы бойынша да жеңілдік бар.

Қызметкерлердің денсаулығы да ұдайы қадағалауда болады. «Өрт сөндіру, қайғылы жағдайларға куә болу адамның жүйке жүйесіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан, бізге келем деушілердің жүйкесі темірдей болуы керек. Бұрынғыдай емес, соңғы кездері өрт сөндіруші болғысы келген азаматтар қатары артып келеді. Әсіресе, жастардың талпынысы қуантады», – дейді басқарма бастығы Марғұлан Аманбаев.

***
Өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар. Бұл – «өрт болмасын» деген сөз. Лайым солай болсын!

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + twenty =