Орнымен жұмсаған ұтылмайды

0 296

Қаламқас Маманқызы Сүлейменова – орташа кәсіпкер, Нұр-Сұлтан қаласы ел астанасы болғанда алғашқылардың бірі болып келіп, халыққа қызмет көрсету саласын таңдаған-ды. Оның жеке кәсіпке келу жолы, бәлкім, стандартты болып көрінер: қиындықтар, өсу, өрлеу. Бірақ біз оның жеке табысын әртараптандырып, қаржылық сауаттылыққа қатысты үлкен білім жинауға ұдайы көңіл бөлетініне назар аудардық.– Сақтап, көбейте білу деген тұжырымға қай кезден дайын болдыңыз?
– Мен ең алғаш ауылдас достарымның кездейсоқ бір айтуымен Серік Меделбекұлы деген қаржыгердің құнды қағаздар нарығы және капитал қоры туралы семинарына қатысып, көп ойланып жүрдім. Бұл 2009 жылдың 10 қаңтары болатын. Адамның өз ақшасын басқара білуі, ай сайынғы табысынан үнемдеп ақша жинауы сияқ­ты тақырыптар ол кезде кәсіпкерлікпен айналысып жүрген мен үшін көңіліме бірден қона кетті. Кейбір қатарластарым бөлшектеп жалақыңнан ақша жинап, акциялар алып жүргенше, өзіміз-ақ үйде жинап, ірілендіріп үлкен табысы бар банктерге салмаймыз ба дейтін. Бірақ, осылайша күмәнданатындар бірнеше айдан кейін немесе жылдардан кейін кездестірсең, әлі сол «баяғы жартас – бір жартас» болып жүргені… Ал менің түп санама «100 долларды 3 жыл жинап, алғашқы 4800 долларға жетесің» деген сөздер әбден бекіп қалды, өйткені инвестициялық компания облигация бағасын кесімді етіп үстемелеп беретін. Тек те есепке епті әрі жеке кәсіпке бейім менің миым мұны одан әрі жетілдіріп кетті: яғни, астанадан сол жағалаудан үй алу үшін мұндай облигациялардың 5 пакетін алуым керек, сонда мен 1 доллар 75 теңге болған кезде тәуекел етіп, 5 облигация пакетіне салдым. Одан еш қиналмадым, керісінше, сырттағы жағдайдың бәрі менің жағыма, менің үнемдеп ақша жинай бастағаныма қарайласып тұрғандай еді, өйткені отбасымда біртіндеп қосымша табыс көздері пайда бола бастады.
– Қаржылық сауатты­лық бойынша алғашқы тәжірибелеріңіз балалық шақта өткен болар? Біздің тұлға болып қалыптасуымызға әке-шешенің рөлі үлкен, бұл тұрғыда не дейтін еді олар?
– Туған жерім – Талдықорған облысының Алғабас ауылы. Әкем мейірбан адам еді, жалақы алатын күнін біліп отыратын едік, әсіресе, мен ең сүйікті қызы болғандықтан маған көбірек ақша беріп қоятын. Сөйтіп, 1 кластан ақша жинап, есебін жүргізіп, ағаларыма қарыз беріп қоятынмын.
Кеңестік кездегі көптеген отбасы сияқты менің де әке-шешем Госстрах деген сақтандыру мекемесіне әртүрлі мақсатқа ақша салып жүретін. Еміс-еміс білетінім, маған жеке 18-ге толғанша деп салым жинайтын. Кейін ол ата-­анамның қаржылық сауатты көрегенділігі болған екен, қандай нәрсені айтсам да, әкешім «құба-құп» деп тиын-тебенін бере қоя­тын. Бірақ, әрине, көзсіз шығындарға емес, бізді кішкентайымыздан есеп сауатына үйреткен соң, маған сеніп тапсыратын жиған-тергенін. Бізге ауладағы нәрсені, қорадағы қой-қозыны да санау ермек болатын. Белгілі қаржылық кеңесші Сайлау Абайділданов «түп-тамырымыз бай болған, қазақтың бай болмауға хақы жоқ» дейтінін енді түсініп жүрмін.
– Акция, облигацияларды отандастарыңыз танып, білуі үшін не істеуі керек деп ойлайсыз? Расында өте қарапайым әрекет қой, солай ма? Әлде бұған үлкен білім жи­нау керек, мүлдем тәуекелсіз, яғни қауіпсіз келетін нәрсе емес деп қорқа ма адамдар?
– Әлбетте, акция, облигацияларды сатып алу өте оңай. Айналаңда қаржылық сауатты әйтеуір бір адам табылады. Отбасыңда, жұмыс орныңда болуы мүмкін немесе достарыңның досы, таныстар деген сияқты, солардың кеңесіне жүгін. Ең бастысы, құнды қағаздар сатып алып, сатып үйренейін деп ниет етсеңіз, брокерлік компаниялар көмекке келеді. Ал жастардың қолданатын ең оңтайлы әдісі – интернеттен тәуелсіз сарапшылардың, беделді қаржылық кеңесшілердің кеңесі, тексерілген кәсіби сайттардың қорытындылары, кейбір брокерлік компаниялардың ашық мобильді дүкендері де бар. Кезінде Халықтық ІРО өте қажетті жұмыс жасады: КEGOK, Қазтрансойл, Казахтелеком… кейінгі кезде Казатомпром, барлығының пайдасын бөлісуге, яғни дивиденд алуға, сондай-ақ өзің алған акция­лардың құны жоғарылап кеткенде сатып, айырма бағасын алуға құқыңыз бар. Сонда жердің асты мен үсті – ен байлық, біздің еншіміз деп жалаң айтқаннан гөрі нақты іспен дәлелдейсіз.
– «Жақсы оқып, білім жинасақ бай боламыз» немесе «ата мұрасын – төрт түлік малды бағып бай боламыз», әйтпесе үй, көлік, жер сатып тез көтерілуге болады деген түсініктердің қайсысы қазақ баласына жақындау? Инвестиция саласы мен кәсіпкерлікті тең алып жүру табыс­тылықты еселей ме?
– Білім, мал бағу, жыл­жымайтын мүлік, акция­лар – барлығы жақсы инвестиция. Қазіргі қазақ баласына ешқайсының бөтендігі, алыстығы жоқ деп ойлаймын. Міне, 12 жыл болды, құнды қағаздар нарығында көп білім жинадым. Осы ретте қазақ тілінде халыққа «Қаржылық сауаттылық» және «Отбасылық капитал» тренинг-сабақтарын өткізіп жүрген Сайлау Абайділданов деген ұстазымды айрықша айтып өткім келеді.
– Сіз отбасының шырағысыз, өзіңіздің ұл-қызыңызға қай жас­тан бастап табыскер адам­дар, байлық туралы әңгіме айтуға болады?
– Ұлым – 16 жаста, ал қызым 20-да. Оларға кішкентай кезінен «копилка» жинатып, қызықтырдым. Қазір екеуі де ата-анасынан бөлек, инвестициялық компанияның жинақтау бағдарламасы арқылы алғашқы миллиондарын жинап жатыр. Табыскер адамдардың кітаптарын көп оқығаны жақсы, байлық деген ақшадан да бөлек бойы­ңа сіңірген гендік рухани құндылықтар екенін ұғынғаны өте маңызды.

Әңгімелескен
Қарлығаш ИСИНА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды