«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Орны бөлек Орбұлақ

0 388

Өткен аптада Оңтүстік өңірде шашасына шаң тимес тұлпарлардың тұяғындай дүбірлеген бірегей шараның байрағы желбіреді. Ол тарихымыздағы ерен жеңістердің бірі – Орбұлақ шайқасына 375 жыл толғанына арналды. Соған орай, шырайлы өлкеде «Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы: ұлы жеңістің ақиқаты және маңызы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп, Қазығұрт ауданы Шарапхана ауылында осы жеңістің қаһармандары Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрге арнап еңселі ескерткіш орнатылды. Бұл айтулы шара Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Алдымен келелі конференцияға тоқталайық. Оған еліміздің іргелі тарихшылары мен зия­лы қауым өкілдері қатысты. Сондай-ақ, көршілес Өзбекстан мен Қырғызстаннан да ат арытып ғалымдар келді. Жиын шымылдығын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ашты.
– Мемлекет басшысы «Тарихты танып, зерделеу керек, тарихты таразылау қажет, сонда тағдырыңды, бүгінгі тұрпатыңды танисың, келешегіңді бағдарлайсың, алдағы жүрер жолыңның сілемін табасың» деген болатын. Тарихта ерекше із қалдырған ұлы жеңіс­тердің бірі және бірегейі – Орбұлақ шайқасы. Бұл ұлттық тарихтың жауынгерлік даңқ шежіресінің өнегесі болып қалды. Біз өткенімізге құрметпен қарап, болашаққа сеніммен көз тастайтын жұртпыз. Орбұлақ шайқасында қазақ жасақтары бірлік пен жанкештіліктің арқасында жауға тойтарыс берді. Бұл тарихи оқиға әлі де тереңірек зерттеліп, тың деректермен толықтыруды талап етеді. Бүгінгі конференцияда маңызды мағлұматтар айтылады деп сенемін, – деді облыс басшысы.
Конференция тізгінін Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов пен «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев ұстады. Жиында сөз алған ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, сенатор Әли Бектаев, Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков, Амангелді Айталы, Бүркітбай Аяған, Сейілбек Шаухаманов, Толобек Абдырахманов секілді азаматтар тарихи оқиғаның маңызына тоқталып, ғибратты сөз қозғады. Рес­пуб­ликалық «Ардагерлер ұйымы» тө­рағасының бірінші орынбасары, профессор Өмірзақ Озғанбаев Салқам Жәңгір ханның күрескерлік тұлғасын тарихи деректермен жеткізсе, өзбекстандық ғалым Эркин Мусурманов Жалаңтөс баһадүрдің ерен ерлігін әспеттеді. Осы оқиғаны ұзақ жылдардан бері індете зерттеп жүрген қабырғалы қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеев Орбұлақ шайқасын көпшіліктің әлі де жіті түсінбей жүргендігін айтты.

– Бұл шайқас – ұлттық бірлігіміздің жарқын үлгісі. Бабаларымыз дауылдай ұйтқып келген жауға қарсы тұрып, әскери шеберлікті керемет пайдаланып, оларды айламен тізе бүктірген. Жәңгір хан Орбұлақтың маңын жіті зерттеп, алдын ала жоспар құрған. Арнайы оқпаналар қазып, жаужүрек 700 жауынгермен 50 мың әскерге қарсы төтеп берген. Біз тарихымыздағы бабалардың осы ұлы жеңістерін дәріптеу арқылы ұрпақты тәрбиелейміз, – деді жазушы.
Осы оқиға қалай болған өзі? Ол жайында қария тарихқа жүгінейік.
Бұл соғыс 1643 жылдың жазында Салқам Жәңгір хан мен жоңғар қолын басқарған Батыр қонтайшы арасында өткен. Қазақ шежіресінде шайқас Жоңғар Алатауындағы Орбұлақ деген жерде болғанын айтады. Жәңгір хан 20 мың қолды бастаған Жалаңтөс баһадүр көмекке келгенше 600 сарбазымен жоңғардың он мың әскерін жер жастандырады.
Белгілі заңгер, меценат Бекет Тұрғараев Орбұлақ шайқасының тарихта орны бөлек екеніне тоқталды. «Уақыт өте келе Орбұлақ шайқасына қатысты ұшқары пікірлер де бой көрсетті. Оны әркім өз деңгейінде бағалап, халық ерлігінің қадірін түсіруге дейін барды. Солардың дені көрші империялардың кезіндегі басқыншылық саясатын жүзеге асыру үшін қазақ даласына жүргізген барлау әрекеттерінің негізінде қағазға түскен екіұшты деректерге сүйенді. Бұл көзіқарақты азаматтарды бейжай қалдырған жоқ, әрине» деді елжанды азамат. Ал тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтай Салқам Жәңгірдің зираты Орбұлақ өзені бо­йында емес, оның қабірі Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» пантеонында болуы керек деген ой айтты.
Сол жиын болған күні Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Шарапхана ауылдық округінде Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрге арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Онда облыс әкімі аппаратының басшысы Әуелхан Тұрғымбеков, қоғам қайраткерлері Қуаныш Айтаханов, Мұхамедқасым Шәкенов сөз сөйледі. Халық ақыны Әселхан Қалыбекова жырдан шашу шашты. Еңселі ескерткіштің бой көтеруіне ардақты азамат Бекет Тұрғараев қолдау көрсеткен. Ескерткіштің биіктігі – 11 метр. Ат үстінде отырған Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүр бейнеленген ескерткіштің қасында қос тұлғаның өмірбая­ны мен ерліктері жазылған. Орбұлақ шайқасы туралы мәлімет берілген. Жиын соңында батыр бабалар рухына ас беріліп, дұға бағышталды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды