«ӨРМЕКШІ АДАМ – 1»: ӨНДІРІС АЛЬПИНИСТЕРІ

0 129

Құс ұшар биіктікпен таласқан қала ғимараттарының қабырғаларында өз шаруасын тындырып жүрген «өрмекші адамдарды» бір емес, бірнеше рет көрген боларсыз? Сол көріністі елемей, бей-жай өтіп кеткеніңізге сенбеймін. Сәл болса да кідіріп, әлгілерге қарайсыз. Санаулы ғана секундта сан түрлі ой келеді. Бейтаныс адамдардың өміріне алаңдайсыз, ерлігін мойындайсыз, басын қатерге тіккен жүрек жұтқандарға тамсанасыз. Тіпті, сол мезетте фотоға шырт еткізіп те үлгересіз. Рас қой? Өйткені, жерде тұрып-ақ, басыңызды шалқайтып, биік ғимаратқа көз тастағанда, тынысыңыз тарылып, тізеңіз дірілдеп кетеді. Қорқынышпен бетпе-бет келіп, үрейді жеңе білген альпинистер үшін бұның бәрі қалыпты.

Өндіріс альпинистері жүрген 8-қабатқа көтерілдік. Иә, «соншалықты биік емес» деп мен де ойладым. Тіпті, жіптен ұстап, төбеден төменге өрмелейтінімді елестеттім де. Алайда, жоғарыдан қараған бойда жон арқам шымырлап, басым айналып, ол ойымнан тез айныдым. Тіпті, бізді ерте келген күзетші құлап кетпесін деп тізеден келетін қоршауға еңкейе сүйеніп, жұмыс үстіндегі альпинистерді суретке түсіріп жүрген фототілшіміздің күртесінен мығымдап ұстап тұрды. «Биіктік төменге тартады, жақындама!» деп қауіптене сөйледі.

Шатырдан түскеннен гөрі, дайындығы көбірек уақыт алады екен. Арқанды байлайтын тірек нүктесін табу керек. Оны арнайы металл карабинмен тірейді. Негізгі арқан – альпинистің өзінде, екіншісі – сақтық үшін жанында тұрады. Ал, отырғышты өздеріне ыңғайлы етіп қолдан жасайды. Орындайтын жұмысына байланысты су құйылған шелегі, терезе жуғыш заттары дегендей керек-жарағын да тастамайды. Ең бастысы,  қауіпсіздік ережесінен мүлт кетуге болмайды – өміріңмен жауап бересің. Содан соң асықпай ширақ қимылдап, ұқыпты қозғалу керек.

Бесінші сыныптан бастап альпинизм спортымен айналысып жүрген Саша кезінде Шымкент қаласындағы жас туристер стансасында тау туризмі техникасын меңгерген. «Альпинизм – хоббиім. Денем сыптығырдай, өйткені, бұл жұмыс артық салмақты көтермейді. Сондай-ақ, еңбекақымыз да қалтамызды жүдетпейді. Айына кем дегенде 300 мың теңге түседі. 1 миллионға дейін табыс табатын кездеріміз де бар. Барлығы тапсырыс саны мен қиындығына байланысты» дейді ол. Көктем, жаз бен күзде бұл қызмет түріне сұраныс жоғары, қыста да құр отырмай, жаңа жылдық түрлі-түсті шамдарды, безендірулерді орнатады, баннер іледі.

Әзірге Астанада өндірістік альпинизм бойынша техникалық ұжымды іріктеп, оқытып, қайта даярлайтын жалғыз «PromAlp.kz»  компаниясы ғана бар. Олар ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің аккредитациясынан өткен. Аталмыш компанияның техникалық директоры Арман Хасеновтің айтуынша, альпинизмге келетіндердің дені – жастар. Оларды бір жағынан жалақы, екінші жағынан экстремалды спорт қызықтырады. Жұмысқа кәмелет жасына толғандар ғана алынады. Жаңадан келушілер жарты жыл сынақ мерзімінен өтеді. Негізінен, оқыту қысқы маусымда жүргізіледі. Өздеріне бөлінген жетекшілері оларды істің қыр-сырына үйретеді. Білген-түйгенін іс жүзінде дәлелдесе, өндіріс альпинисінің арнайы аттестатына қол жеткізеді.

–18 жасымнан бастап биіктікте жұмыс жасаймын. Астанаға келгенде алғаш шыққан ғимаратым – «Турист» (қазіргі «Абай») аталатын қонақ үйі еді. Ең биік ғимарат сол болатын. Кейіннен «Интерконтиненталь» салынды. Астанамыз жылдам қарқынмен өсті. Құрылыс дамыған сайын, мамандығымыздың қажеттілігі де арта бастады, – дейді Арман. Ал, Александр «Арқанда өрмелей алуың маңызды емес, маңыздысы – сол арқанда ілініп тұрып, кез келген жұмысты атқара алуыңда. Біз клининг қызметшісі ретінде сыртқы тазалықты сақтап қана қоймай, қабырғаны бояймыз, қымтаймыз, сәулет орындарын жөндеуден өткіземіз, монтаждаймыз,  әйнек орнатамыз, шатырды қар мен қатқан мұздан тазалаймыз. Осыларды орындауға техниканың мүмкіндігі жоқ, ал біздің қолымыз да, батылымыз да жетеді» деп өндірістік альпинизмнің мәнісін ашып берді.

Астанадағы сәулет ғимараттарының қайсысы клининг, яғни, тазалық жұмыстарын жүргізуде ең көп уақыт алатынын да білдік. Әр үлкен ғимарат жылына екі рет тазаланады. Арманның айтуынша, «Ханшатыр» ойын-сауық орталығын тазалауға  бір айға жуық уақыт кетті. Оған 25 адам жұмылдырылған екен. Ал, «Бәйтерек» монументінің клинингі шамамен 8-10 күнде аяқталады. «Қазақстан темір жолы» ғимаратының сыртын тазалауға да 10 күн керек. Ал қала бойынша ең биік ғимараттың бірінен саналатын – 201 метрлік «Гауһартас» кешенінің клинингі 3-4 аптаға созылады. «Үйреніп алғаным сонша, биіктікте еш қалтырамаймын. Бірақ, осы «Гауһартаста» жұмыс істеген өзіме қатты ұнайды. Кәдімгідей адреналин аламын» деп айта келе Саша Астанадағы «Абу-Даби Плазаның» салынуын асыға күтіп жүргенін де жасырмады.

Айтпақшы, жұмысты бастамас бұрын менеджер ғимаратты толықтай зерттеп, шаруаның қаншалықты қиындығын есептейді. Қазіргі баға бойынша клининг әрбір шаршы метр үшін 450 теңгені құрайды екен. «Күтпеген оқиғалар жиі орын ала ма?» деген сұрағыма техникалық директор былайша жауап берді:

– Альпинистердің өмірі ауа-райымен тікелей байланысты. Бекітілген стандартқа сай келмейтін жел тұрса, жұмыс жасауға рұқсат бермейміз. Бірақ, ойламаған жерден ауа-райы күрт өзгеріп, қатты жел соғып кететін кездер де болады. Ондайда жел альпинистерді ары-бері ырғай бастайды, асықпай жерге түсіп, жұмысты тоқтата қоямыз.

Кәсібі қауіпті болса да, олар әрқашан биікте жүруге үйренген. Жұмыстан шаршап, жалығу да байқалмайды. Әрқайсысы өз мамандығын сүйеді, әр ісіне құлшына кіріседі. Жазудың басына қайта оралсаңыз, «Биіктік төменге тартады, жақындама!» деген күзетшінің ескертуін оқисыз.

Сондағы алпинистің жауабы ойландырады:

«Төменге тартатын – биіктік емес, адамның қорқынышы ғана. Тепе-теңдік сақтап, жинақтала білу керек»…

 Мәдина ЖАҚЫП 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + 10 =