ОРМАН ТӘЛІМБАҒЫНДАҒЫ ОҢДЫ ІСТЕР ЕЛОРДАНЫ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКПЕН КӨМКЕРУДЕ

0 160

Рас, Астананың айшығын келтіріп, әсемдігін жарастырып тұрған зәу биікке ұмтылған зәулім нысандардың сәулеті ғана емес, кең көшелерін бойлай өскен жасыл желек пен тал-дарақ. Олардың қатарында жылдың төрт мезгілінде де түсін бұзбайтын шырша да бар, аққұба өңді бұрымды қыздай бұратылған қайың да бар, өзге ағаштармен үйлесім тапқан үйеңкі де, Сарыарқа самалымен тербеліп өсетін терек те бар.

erm_0194

Жарты ғасырдан аса тарихы бар жасыл бақ
Ә, айтпақшы, «Мұны қайдан білдің?» дерсіз. Көпшілігіміз осыған бас қатыра бермейміз-ау. «Астана-көгалдандыру құрылысы» деген мекеменің атын арагідік құлағымыз шалып қалады. Ал оның елу жылдан аса уақыт бұрын ірге қалаған №1 орман тәлімбағы бар екенін естіп пе едіңіз? Қарағанды тасжолымен тура тартып бара жатқаныңызда, сол жақ қапталыңыздан он екі шақырымдай қашықтықта Шұбар деген ауыл орын тепкен. Міне, солай қарай тізгін бұрып, борпылдақ шаң басқан асфальтсіз жолмен үш-төрт шақырымдай жүрсеңіз, қос ауылдың орнындай аумақты алып жатқан орманға кез боласыз. Міне, осы – №1 тәлімбақ. Бұл туралы «Астана-көгалдандыру құрылысы» АҚ-ның басқарма төрағасы Әзілхан Әбелдинов: «…Тәлімбақтың жұмыс істеп келе жатқанына да жарты ғасырдан асты. Жалпы көлемі 349,5 гектар аумақты алып жатқан бұл орман тәлімбағы посткеңестік кеңістіктегі осы мақсаттағы ең ірі орталықтың бірінен саналады.
Елорда орналасқан ай­мақтың күрделі топы­рақ­тық-климаттық ахуалын ескере келіп, біз ағаш егуде мүлде жаңа агротехникалық тәсілдерді қолданамыз. Соң­ғы он жыл ішінде қала­мызда 1 миллион түптен астам ағаш көшеттері мен бұта­лары отырғызылды» деген.

erm_0120

Талай талды жерсіндірген бағбан
Иә, Астана көшелеріне отырғызылатын ағаштардың басым бөлігі «Астана-көгалдандыру құрылысы» АҚ-на тиесілі №1 тәлімбақтан алынады. Компанияның Өндіріс бөлімі басқарма төрағасының орынбасары Бибігүл Бектемісованың айтуынша, бүгінде тәлімбақта ағаштың көптеген түрі өсіріледі. «Жыл сайын бізде жиырма мыңға жуық үлкен және жүз мыңға тарта кіші түп ағаш отырғызылады. Биыл қалаға қырық мың ағаш көшетін отырғызуды жоспарлап отырмыз. Тәлімбақта көбінесе қарағай, Сібір шыршасы, терек, қайың бар.
Жыл сайын жаңа ағаш түрлерін өсіруді қолға аламыз. Оның ішінде Алтайдың жөке және үйеңкі ағаштары бар. Тарихы Кеңес заманынан жалғасатын тәлімбақта елуге жуық ірі ағаштың түрі бар. Олардың жасы шамамен алғанда жиырма жылды құрайды. Сәнді және жеміс беретін ағаштың 34 түрі қамтылған. Олардың биіктігі 9-11 метрге созылады. Олар тек Астана қаласы үшін өсіріледі, жергілікті климатқа бейімделген» дейді маман.
«Астана-көгалдандыру құрылысы» АҚ тәлімбағының басшысы Геннадий Ли аталмыш мекемеде түрлі зерттеу жұмыстары жүргізілетіндігін де атап өтті. «Біз түрлі зерттеу жұмыстарын қолға алғанбыз. Көптеген ағаш түрін басқа өңірлерден алып келеміз. Бірақ олар жергілікті қатал климатқа шыдай бермейді. Сондықтан ағаштарды бес жыл осы аумақта өсіреміз. Жерсінбеген ағаштарды қалаға әкелмейміз. Жеріміз құнарлы, тек қысымыз өте суық. Мысалы, қазір жөке ағашын өсіріп жатырмыз. Біздің шаһарда ол өспейді. Ағаштың тұқымын Ресейден жиырма жыл бұрын алғызғанбыз. Олар біздің климатқа үйренді. Енді оның тұқымын алып, үш жылдан бері үйеңкі ағашымен будандастырып отырғызып жатырмыз.Мақсатымыз – елордада өсетін ағаш түрін көбейту» деді бағбан.
Геннадий 1986 жылдан бастап аталмыш тәлімбақта жұмыс істеп келеді. Тәжірибелі маман Астана қаласының жасыл белдеуін құруға өз үлесін қосып жүргеніне қуанышты екенін жеткізді.
«Біздің ұжымда тоқсан адам жұмыс істейді. Жұмысшы табу қиын. Мұндай қара жұмысты кім істегісі келеді дейсің. Бірақ өмірін осы саламен байланыс­тырған мамандар баршылық. Еңбегімізді адал атқарамыз. Астананы жасыл же­лекті орманға айналдыруға атсалысып жатқанымды мақтан тұтамын» деп ағынан жарылды Геннадий.

erm_0086

«Талдар да оқушы тәрізді»
«Астана-көгалдандыру құрылысы» АҚ Өндіріс бөлімі басқарма төрағасының орынбасары Бибігүл Бектемісовамен әңгімеміз жарасты. Оның да осы тәлім­бақта тер төгіп жүргеніне отыз жылдан асыпты. «Мұндағы жұмысымнан ләззат аламын. Бейнетімен қатар, сезінген жанға зейнетін төгеді еңбек. Тәрбиелеп жүрген шәкірттеріміз де жетерлік.
Өз салама машықтанып алғаным сон­шалық, бағбандарымның қай істі қалай тындыратынын, қай көшетті кімнің отыр­ғыза алатынын бес саусағымдай білемін. Ал Геннадий әріптесімнен осы тәлімбақтың қай жерінде қандай тал өсіп тұрғанын шырт ұйқысынан оятып жіберіп сұрасаңыз да, мүдірмей жауап береді» дейді күліп Бибігүл.
Тәлімбақ бағбандарының айтуынша, бұл – көшеттердің мектебі. «Жоғарыда айтқанымдай, Астананың климаты – суық, жері – сортаң. Кез келген тал көшетінің жерсініп кетуі қиындау. Сондықтан біз өзге аймақтан әкелетін талдың тек дәнін ғана жеткіземіз мұнда. Дәнегінен бастап өнген көшеттердің арасы жиі болатыны мәлім. Арада жыл өткен соң, олардың арасын аз-маз си­ретеміз. Келесі жылы бір метрге, одан кейінгі жылы екі метрге, осылай жал­ғастырып араларын сирете береміз. Бұл оқушының бірінші сыныптан, екінші сыныпқа, екіншіден үшінші сыныпқа өткені сияқты. Көшет есейген сайын жалғыз өсіп, өзіне деген сенімділігі артады. Міне, сол кезде Астананың төріне шығарамыз» дейді мамандар.
Жылдың тоғыз айында тыным таппайтын бағбандардың қатары науқан кезінде мыңға жететін көрінеді. Олардың дені – табиғат-ананы сүйетіндер, жердің қасиетіне бас иетіндер, топырақтың «үніне» құлақ түргендер.
Елордаға тал-дарақтар осылай егіледі, әсем шаһар жасыл желекке осылай оранады екен.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × five =