ӨРЛЕУ – ӨМІРІМІЗДІҢ ӨЗЕГІ

0 141

КЕШЕ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ӨЗ ЕСІМІН ИЕЛЕНГЕН ОҚУ ОРДА­СЫНДА БОЛЫП, «ҚАЗАҚСТАН БІЛІМ ҚОҒАМЫ ЖОЛЫН­ДА» ДЕГЕН ТАҚЫРЫПТА ШӘКІРТТЕРГЕ ДӘРІС ОҚЫДЫ.

ДӘРІСТІҢ ШЫМЫЛДЫҒЫ ЕЛІМІЗДЕГІ ТҰҢҒЫШ «БІЛІМ» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІМЕН АШЫЛ­ДЫ. «ОТАУ ТВ» ЖӘНЕ САНДЫҚ ТЕЛЕХАБАР ТАРА­ТУ ЖЕЛІЛЕРІНДЕ ТАРАЙТЫН АРНА АЛДАҒЫ УАҚЫТТА КАБЕЛЬДІК ЖЕЛІЛЕР АРҚЫЛЫ ДА ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛМАҚ.

Назарбаев университеті тәлімгерлері бұған дейін де бірнеше рет Елбасымен жүзбе-жүз отырып дидарласқан. Сол жүздесулердің бірінде Президент аталмыш оқу орнынан болашақта Нобель сыйлығы иегерлері шығады деген сенім білдірген. Бұл жолы оқу орнының нақты бағыт-бағдарын айқындап берді.

«Назарбаев Университеті» – интеллектуалды-инновациялық кластерге айналуы тиіс» деді.

Дәрісті онлайн режимінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі 7696 білім ошағы мен 8500 балабақша ұжымы, Еуропа, Азия, және Американың бірқатар елдерінде оқып жүрген қазақ жастары да тыңдады.

Елбасы олармен де тікелей байланысқа түсіп, көкейіндегі сауалдарына жауап берді. Ақыл-кеңесін айтты. Міндет те жүктеді. Тонның ішкі бауындай болуға шақырды.

«140 ұлыстан құралған барша қазақстандықтың бірлігі – біздің басты құндылықтарымыздың бірі. Әлемдік мұхитта табысты жүзіп келе жатқан қайығымызды өзгелердің шайқауына жол бермеуіміз қажет» деді.

«Өзгелер салған сүрлеуге түсіп, бөтен іздің шаңын жұту Қазақстан жастарының таңдауы емес. Тәуелсіз қазақ елінің білімді жастары, өз соқпақтарын салып, оны елдік дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиіс».

Мемлекет басшысының бүгінгінің жастарынан талап етері осы.

Талаптың үдесінен шығу үшін Үкіметке білім беру жүйесіне зама­науи әдіс енгізуді тапсырды. «Білімді балаға 3 жастан бастап сіңіре беру керек» деді сөз арасында.

Соңғы екі жылда мектепке дейінгі мекемелерде балалардың қамтылуы 65 пайызға жетсе, 2020 жылға қарай бұл 100 пайызды құрамақшы.

Республика көлемінде 12 жылдық білім беруді қамтамасыз ететін 522 мектеп салынады.

Орта білім беру жүйесінде үш ауысымда оқу атымен жойылады.

Биылдың өзінде 35 білім мекемесі Зияткерлік мектеп стандарты бой­ынша жұмыс істей бастады.

1998 жылы қазақстандық оқушылар халықаралық сайыстарда бар-жоғы 8 медальді қанжығасына байласа, биылдың өзінде мұндай жүлделердің саны мыңға жетіпті.

Осындай жетістіктердің нәтижесінде соңғы үш жылда ЮНЕСКО- нің білім беру индексі бойынша Қазақстан 130 мемлекет арасындағы көшбасшы елдердің төрттігіне енді.

Ауыл мектептері мен мүмкіндігі шектеулі балалардың электронды оқулықтарға қол жеткізетін күні де алыс емес. Жыл соңына дейін 600 мектепке электронды жүйе енгізілмекші.

Айтпақшы, шахматтан 4 дүркін әлем чемпионы Жансая Әбдімәліктің сауалына орай Елбасы алдағы уақытта елордада Шахмат академиясы бой көтеретінін айтты.

Ғимарат шахмат фигурасы пішінінде салынбақшы екен.

«Таяуда мен әлемдік шахмат қауымдастықтарының басшылары­мен, танымал гроссмейстерлермен сөйлестім. Олар балалары шах­матпен айналысатын елдердегі оқу үлгерімінің жоғары болатынын айт­ты. Өйткені, шахмат адамды бірнеше қадам алға ойлауға мүмкіндік береді екен. Мен мұны қолдаймын. Біз Астанада шахмат орталығын сала­тын болып келістік. Мен де шах­мат ойнаймын, бірақ, Жансая, сен секілді ойнай алмайтынымды мой­ындауым керек» деді Елбасы.

Президент соңғы он жылда азаматтардың табысы 45 есеге, экономика 16 есеге артқанын, кедейліктің 4 есеге қысқарғанын тілге тиек етті. Ниеті бар жанға бір емес, бірнеше жерде қызмет етуге жағдай жасалғанын айтты. Бір қаладан екінші қалаға қатынап жұмыс жасайтын америкалықтардан үлгі алу қажет деді.

Бүгінде халқымыздың орташа жасы 35-тен аспайды. Қазақстандықтар – жас әрі серпінді ұлт. 2005 жылы басталған демографиялық жарылыс 2016 жылға дейін жалғасады деген болжам бар. Халықтың табиғи өсуі әлі де жалғаса береді деген сөз бұл.

«Азия барысы боламыз» деген асқақ арманы бар Қазақстанның әлемді тұрақсыздық жайлаған мына заманда ұстанымы қандай болмақ? Мұхит асып, білім қуып жүрген қазақстандық жас Әбутәліп Мүтәлі Елбасыға осындай сауал жолдады.

«2030 жылға дейін жасаған бағдарламаның 15 жылын артқа тастадық. Осы жылдар ішінде бағдарламада айтылған мәселені біз асыра орындадық деп айта аламыз» деп жауап берді Пре­зидент. Қазақстанның жан басына шаққандағы өнім көлемі Малайзия­дан асып отырғандығын айтты.

Енді, технология мен техника жағынан жарысқа түсе алатындай халге жету керек деді.

Қарағанды қаласындағы Т.Бигелдинов атындағы Республикалық әскери мектеп-интернаттың кур­санттарынан түскен сауалға да Ел­басы қанағаттанарлық жауап берді.

Бұдан былай жоғары әскери оқу орнына түсу кезінде әскери мектепті тәмамдаған түлектер алдымен қабылданатын болды.

Мемлекет басшысы жалпы саны 13 сауалға жауап берді.

Сөз соңын «Біз өрлеуді өмірдің өзегі еткен халықпыз. Біздің алға қарай ұмтылудан басқа жолымыз жоқ. Ел болашағының баянды болмағы баста бұлықсыған білім мен қолда ойнаған еңбекке байла­нысты. Ендеше білімдерің толсын, еңбектерің жансын!» деп қайырды.

Шынар ДОСАН

ПІКІР

ЕҢБЕК ЖОЛЫН ҮЛГІ ЕТЕМІН

Бүгін Нұрсұлтан Әбішұлының сабағына қатыса отырып, өзімді бақытты сезіндім. Неге дейсіз бе? Өйткені, мен біздің Елбасымыз сияқты кәсіби оқу орнында білім алып жүрмін. Президентіміз айтқандай, менің де жолдастарым басқа ұлт өкілдері, біз жақсы доспыз.

Елбасымыздың еңбек жолын үлгі етіп, болашақта еліміздің игілігі үшін қызмет еткім келеді. .

В.Топорковский, 2-курс студенті

ЕЛБАСЫ ДӘРІСІНЕН ҮЛКЕН ӘСЕР АЛДЫМ

Назарбаев университетінде өткен онлайн-сабағына қатысып, Елбасымыздың дәрісінен үлкен әсер алдым. Жастарға арналған дәріс аса тартымды және мазмұнды болды деп санай­мын. Нұрсұлтан Назарбаев білім саласындағы барлық мәселелерге көңіл аударды, әсіресе, кәсіби білімді дамытуға көп жағдай жасалатынын атап өтті. Осы орайда Қазақстанда кәсіптік- техникалық білім беру желісінің ашылуы туралы шешім қабылданғаны мені қатты қуантты. Президентіміз өз баяндамасында жастарды салауатты өмір сүруге шақырды. Шын мәнінде, тек салауатты ұрпақ қана елімізді бәсекелесті мемлекет болуға жеткізе алады. Тілдің үш тұғырлығы бүгінгі күннің болмысы, мектепке дейінгі білім ошағында қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жүргізу керектігін айтты, мен үшін ол өте үлкен қуаныш, өйткені менде мұндай мүмкіндік болмаған. Н.Ә.Назарбаев жастарды еңбек етуге шақырады, ал біздің бүгінгі еңбегіміз – сапалы білім алу. Біз мұны жақсы түйсінеміз.

Вероника Харькова, Астана әкімдігінің Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің 3-курс студенті 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × five =