ӨРКЕНДЕУ ӨНЕГЕСІ

0 108

болгар

Меніңше, біздің елдің бірлігі мен келісімінің негізінде қазақ­стандық патриотизм жатыр. Дәл осы алтын діңгек, соңғы он жылдықтарда қазақстандық менталитет қалыптастырды. Ол дегеніміз – халықтардың салт-дәстүріне, мәдениетіне деген құрмет, тату көршілік, толеранттық пен кең­пейілділік, мейрімділікте көрініс табатын жалпы адамзаттық рухани құндылықтардың ерекше қосындысы.

Бұл баға жетпес байлықты ешкім сырттан келіп таңған емес, не болмаса, замана ағымына қарай бір сәтте пайда болған да емес. Оның бастаулары халықтардың өзара қарым-қатынастарының ортақ тарихында, риясыз сыйлас­тығымыздың тамырында жатыр. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, дәстүрімізге сіңген қасиет. Сол себепті де төзімділік, бейбітшілік пен келісім қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Бізді жарқын істерге бастайтын, ортақ игілікке жұмылдыратын Қазақстан халқы ассамблеясы жұмыс істейді.

Ассамблея республикамыздағы этносаралық қатынастар сала­сының бағыт-бағдарын айқын­дайтын іргелі институт ретінде халықтық дипломатияның органы  болып қалыптасты. Ол ұйым қазақ жерінде тұрып жатқан барлық этностың мүдделерін біріктірудің ең ұтымды әдісі екенін дәлелдеді.

Болгарлардың қазақ жерінде тұрып жатқандарына жүз жылдан асты. Осы уақытта отызыншы жылдардың аштығын да, саяси қуғын-сүргінді де, отқа оранған қырқыншы жылдардың қиыншылығын да тартып, тыңды да бірге көтеріп, тоқсаныншы жыл­дардың аласапыран уақытын да бастан кешірді. Осындай ғасырлық тарихы бір бес мыңға тарта болгарлар қазақ жерінде тұрып жатыр. Олардың басым көпшілігі Ақтөбе мен Павлодар қаларында орналасқан. Өз салтын сақтап, мәдениеті мен әдебиетін меңгеріп, тілін білуге барлық мүмкіндіктер жасалып отыр. Біз мұның бәрі Елбасымыздың еңбегі мен кемел сая­сатының жемісі екенін естен шы­ғармаймыз.

Бір-бірімізді қолдап, ортақ мақ­сатқа қол жеткізуде бір жең­нен қол шығарып, бір жағадан бас шығарып, ынты­мағы­мыз арта береді деп ойлаймын. Бір­лігіміз артып, біртұтас болған жағдайда ғана жеңісті күндерді жақындата аламыз.

Ольга Андриевская,
«Злата» болгар этномәдени бірлестігінің жетекшісі  

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 5 =