ӨРІЛІП ӨЛЕҢ, ӘУЕЛЕДІ ӘН

0 265

5e4f86e999791103e29dee49f1b103ea

Ел Серікзат Дүйсенғазыны айтыс арқылы таныды. Ұлтымыздың осы киелі өнері оны Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне алып келіп, ұстаздық, ғалымдық жолға түсуіне түрткі болды. Серікзатқа жазба поэзия да жат емес. Жазған өлеңдері әнге айналып, танымал әншілердің репертуарынан табылды. Ұлыстың ұлы күнінде «Қазақстан» орталық концерт залында ақын «Перзент тілегі» атты кездесу кешін өткізіп, дүйім жұрт алдында өнерін паш етті.

Қуанышын білдіргенде түрлі тәтті­лерден шашу шашатын қазақ келген Жа­ңа жылымыз ырысты, берекелі болғай деп ақынның кешінде де бұл жоралғыны аттап кете алмады. Өзін «Ала бұлттың арғы жағына самғатып, ғарыштың ғажабымен тілдестірген» қара өлеңге махаббатын:

…Айналайын, тақсыр, Өлең!

Мен сені жанымнан да жақсы көрем.

Тірескен ақ пен қара тіршілікте

Сен үшін неге болсын бәс тігер ем,-

деген жыр жолдарымен жеткізген Серікзат алғашқы шығармашылық кешін өткізуге мұрындық болған Астана қаласы әкімдігіне, Тілдерді дамыту, сондай-ақ, Мәдениет басқармаларына алғысын жеткізді.

Ғылымда бағыт-бағдар сілтеп жүр­ген академик Сейіт Қасқабасов пен елорданың жетекші жоғары оқу орын­дарының бірінде қызмет істеуіне жол ашқан қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің алдарында басын иді. Өлеңге құштарлығын арттыра түскен Фариза апамыз бен ғылымға жетелеген Рымғали Нұрғалиұлының аруақтарын бір аунатты.

«Жігіттер» тобы кеш иесінің сөзіне жазылған «Қазақтың тойы» әнімен көрерменнің делебесін қоздырды. Жалпы, Серікзаттың шығармашылығында азаматтық поэзия үлкен орын алады екен. Ол кеш барысында белгілі әншілер орындаған «Астана», «Қазағым», «Көк байрақ» секілді әндерден көрініс тапты. Бұл әндердің Жалғас Кеңесов, Арман Бексұлтан, Медет Салықов сынды авторларының есімдерін де қазір ел біледі. Сондай-ақ, Мұқағалидың өлеңдеріне бірнеше тамаша ән жазған әнші-композитор Тұрсынғазы Рахимов Шығыстан Астанаға ат терлетіп жетіп, «Туған жер» әнімен кіндігімізді кесіп, кірімізді жуған жерімізге сағынышымызды басқандай болды.

Ақынның өзі де қырды жалаңаяқ кештірген балалық шағын есіне алып, ауылына арналған жырын оқып берді. Туып өскен жері, Қазақ елі, ата-ана туралы өлеңдер мен әндерді тыңдап, кештің неге «Перзент тілегі» атауын алғанын да түсінгендей болдық. Кешпен аттас әнді Заттыбек Көпбосынов пен Әсел Ергешқызы орындап, Серікзаттың ата-анасын гүлге көмді.

Кейінгі кезде әр айтысты түйіндейтін «Құлмамбет айтысы» көрерменнің күлкісін үстемелете түсті. Айтысты бастаған Серікзат Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Жандарбек Бұл­ғақов, Сырым Әуезхан сынды әріптестерінің әрқайсысын төрт түлікке теңеп, олардан тиісті «сыбағасын» алды. Соны­мен бірге Сырымның Айнұр «ене­сіне» болысқаны, Айнұр­дың «күйе­у ба­ласын» жақтағаны, Балғын­бек­тің батасы, кешті жүргізуші пародист Олжас Сыдықбектің Жүрсін Ерманның дауысын салуы елдің есінде қалды.

Әдемі лирикалық әндерге де орын табылды. «Жолайрық», «Күлімдесең болмай ма?», «Сен үшін жаралғандаймын», «Түнгі сыр», «Мөлдіреген жанарың», «Ағама»  деп аталатын туындыларды елге сүйікті әншілер – Роза Әлқожа, Медет Салықов пен Клара Төленбаева, Мейрамбек Беспаев, «МузАрт» тобы, Кенжебек Жанәбілов, Жаңабай Өтегенов орындады. Серікзаттың шәкірттері мен Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының актерлері ақын жырларын артистік шеберлікпен оқыды.

Айтпақшы, осы кеш барысында ақын­ның «Қарашығыма көшкен бұлт» атты алғашқы жыр жинағы мен «Мөлдіреген жанарың» атты өлеңдеріне жазылған әндер жинағының тұсауы кесілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 1 =