ӨРЕСІ БИІК, ӨРІСІ БАЙТАҚ ӨНЕР

0 131

экскурсии-в-Астана-Опера-ДН«Астана Опера» театры елордадағы 5-10 сынып аралығындағы мектеп оқушыларына тегін экскурсия жүргізе бастады. Бір ай ішінде (10-қарашада бастау алған) еліміздің бас өнер ордасын 2000-ға жуық бала тамашалаған. Аталған шараны ұйымдастырудың маңызы зор, себебі, халық үшін салынған театр көрерменін кішкентайынан баулып, тәрбиелеу керек. Тағы бір жаңалық, болашақта театр басшылығы балаларға арналған ән, би және хор студияларын ашпақшы.

Осы орайда, «Астана Опера» театрының тұсаукесері аясында «Бүгінгі опера өнері: дәстүрлер, жаңашылдық және болашақ» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырғаны өте орынды болғанын айта кету керек. Дәл осы басқосуда Англия, Ресей, Қытай, Италия, Испания, Қазақстан және т.б. елдерден қатысқан баяндамашылар арасында баланы опера өнеріне жастайынан қызықтыру мәселесін көтергендер де болды. Әлемнің ірі опера театрларының директорлары мен театр сыншылары қатысқан конференция тақырыбы замануи музыкалық театрдың тыныс-тіршілігін, өзекті мәселелерін қозғаған. Театр директоры Төлеген Мұхамеджанов конференция қатысушылары мен қонақтарына арнаған сөзінде «Жас театр үшін аталған форумды өткізу өте маңызды. Пікірталаста музыкалық театр саласында шешімін күткен сұрақтарға жауаптар беріліп, шығармашылық өзара таным, опера жанрлары жоғары деңгейде қалыптасқан елдермен тәжірибе алмасу туындайды» деген болатын. Конференцияны ұйымдастырушылардың сол үміті ақталған сияқты. Ірі еуропалық опера компаниялары, олардың жетекшілері «Астана Опера» театрының алыс­ты көздеген үлкен мақсаттары мен міндеттерін танып біліп, олармен шығармашылық байланыс орнатуға мүдделі екендігін білдірді. Нәтижесінде, театр тоғыз әлемдік театрмен әріптестік жөнінде келісімге қол қойды. Біздің ойымызша, «Астана Операның» еуропалық деңгейдегі жоғары сапалы опера және балет өнімдерін шығаруына, келешекте екі жақты тығыз да тиімді өзара шығармашылық байланыстар орнатуына алғашқы қадамдар жасалды.

Конференция барысында «Опера Еуропа» халықаралық қауымдастығының директоры  Николас Пэйн (Opera Europa) «Опера Еуропа» «Астана Операны» қарсы алады» атты баяндама жасады. Ол Еуропаның опера театрлары атынан «Астана Опера» театрын мүшелікке өтуімен құттықтап, бүгінгі таңдағы Еуропа музыкалық театрларының жай-ахуалына шолу жасады. Еуропалық әр мемлекет экономикалық дамуы, өзіндік дәстүрі мен дағдысына сай опера өнерін дамытып жатқанын, өзіндік ерекшеліктеріне сай қаржыландыру жүйесін қалыптастырғанын атап кетті. Қазақстандық опера театрының «Еуропа операсы» ұйымына мүшелікке енуі әлемдік опера базасына (Operabase) толықтай қолжетімді болуына, бұрын болмаған жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

«As.Li.Co» Комо қоғамдық театрының президенті Барбара Мингетти –  (Италия) Еуропада «Шекарасыз театр» ұстанымын басты қағида тұтып, белсенді жұмыс жасап жатқан ұжымдардың бірі. Баяндамашы қазіргі таңдағы әлемде опера театрын дамыту, өнерді жалпы көпшіліктің қажетіне жарайтындай етіп насихаттау мәселесін көтерді. Еуропа халқының діни нанымға қызығушылығы төмендеген кезде сахна өнері мен қоғамдағы адамдар санасына руханилықтың дәнін егетін театрдың рөлі артып, бұрынғы оғаштанған ақсүйектіктің орнына, баршаға ашық, қоғамның сана-сезіміне ағартушылық тұрғыда ықпал ететін құрылым ретінде қарауды ұсынды. Операға келген көрермен біржақты бақылаушы болып қалмай, спектакль уақиғасына қатысушы, қойылымның белсенді кейіпкері болу жағы да жан-жақты қарастырылып жатқандығы сөз болды.

Италия опера театрлары ассоциациясының директоры Роберто Джиованарди «ХХІ ғасырдағы балет өнері» өзекті мәселелеріне тоқталды. Бүгінгі таңда посткеңестік кеңістіктегі егіз ұғым болып опера мен балеттің қатар жүруінің жақсы тәжірибесі еуропалық театрлар үшін жоғалып бара жатқан үрдіс екендігін өкінішпен тілге тиек етті.

Сондай-ақ, осы конференцияда сөз алған «Opera Actual» журналының редакторы, сыншы Фернандо Санс Ривиере (Испания), П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры Николай Кузнецов, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, өнертану ғылымының докторы Үмітжан Жұмақова және т.б. заманауи опера өнерінің түйінді мәселелеріне тоқталды.

Қорыта айтқанда, театрдың бүгіні мен болашағын бағамдауға арналған ғылыми конференция барысында өзіндік келбеті мен ұлттық бояуы айқын «Астана Опера» театрының келешекте биік межелерді бағындыру үшін алдына қойған таудай талаптарының бағыт-бағдарын айқындауға, дұрыс-бұрыстығына еуропалық мамандар көзімен межелеуге мүмкіндік алды. Театрдың ұстанған бағыты – белгілі, әлемдік үздік театрлар қатарына еніп, сол үздіктердің алдыңғы легінде көріну. Бәрі алдағы уақыт сыншының еншісінде.

 

Аманкелді МҰҚАН,

 М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
театр және кино бөлімінің меңгерушісі

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × two =