ӨРЕНДЕРДІ ӨНЕРГЕ БАУЛИМЫЗ

0 142

Аружан Муканова

Ұлттық рухты бойына бала жасынан сіңіріп, халық әуеніне сусындап өскен әрбір жас жеткіншек дүниені, өмірді танып біле бастайды. Сондықтан дәстүрлі тойбастар, беташар, той-думандардағы қыз-жігіттердің айтысы, лирикалық тұрмыс-салт жырлары, аспаппен сүйемелдеп айтылатын аңыз-ертегілер – халықтың ежелгі мәдениетінің осынау баға жетпес мұрасы. Жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыру үшін ол – таптырмайтын құнды дүние.

Бала тәрбиесіне ерекше мән берген ата-бабаларымыз да әсем әнмен сәби жүрегін тербеп, ой-санасын адамгершілікке жетелеген. Анасы нәрестесін бесігіне бөлеп: «Әлди-әлди, ақ бөпем, ақ бесікте жат, бөпем» деп бесік жырын айтқан. Анасының сазды әуені баланың денесін балқытып, ұйқы шақырған. Қазіргі таңда жас ұрпаққа халқымыздың рухани мұралары арқылы әлемнің тынысын байқау, баланың сана-сезіміне әсер етіп, олардың білгірлікке, тапқырлыққа, өнерге деген сүйіспеншілігін одан ары тереңдетіп, адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеп, өмір шындығын сезінуге, елін, жерін, Отанын сүюге баулу мақсатында Астанадағы №1 өнер мектебінде көптеген игі істер атқарылуда. Себебі, жас жеткіншектердің дүниетанымын қалыптастыруда домбырамен ән айтудың маңызы зор. Ән айтудың ерекшелігі балалардың санасына ғана емес, сезімі мен ой-өрісіне де әсер ететіні анық. Ән үйренер кезде өлеңнің мазмұнын түсінуге, тәрбиелік мәнін саналы түрде меңгеруіне мүмкіндік береді. Қазақ халқының ән айту мектебі бүгінгі күні жалғасын тауып келеді. Әсіресе, домбырамен жеке ән салу дәстүрі молынан тарап, ғасырдан-ғасырға, атадан балаға жалғасын табуда.

Домбыра – ертеден келе жатқан қазақ халқының музыкалық аспабы, қазақтың қасиетті дүниесі. Оны тарта алмаса да, қадірлей білу керек. Себебі, баланың бойына халықтың рухани байлығын, дүниетанымын сіңіру осы домбырадан басталады.

Балалардың жалпы музыканы қабылдау ерекшелігі, қабілеті, мінез-құлқы бірдей болып келмейді. Сондықтан оқушының дұрыс отыруын және оң қол, сол қол саусақтарының қойылуын алғаш домбыра ұстаған сәттен бастап үнемі ескертіп, қадағалап отыру – ұстаздың парызы. Ал, дәстүрді ұрпаққа жеткізу – ұстаздардың абыройлы міндеті. Дәстүр – педагогикалық құбылыс, онда тұрмыстық тәжірибенің бірнеше ғасырлық өсиеті мен дана сөздері жатыр. Бұл ретте біз осы өнерді үйреніп қана қоймай, қалалық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген шәкірттерімізбен мақтана аламыз. Мәселен, Абзал Тұрғынбаев «Біз таланттарды іздейміз!» жалпықалалық конкурсында және «Сәлем, Астана» республикалық конкурсында халықтық вокал номинациясы бойынша үшінші орынды иеленсе, Фариза Мырзабаева, Асанәлі Балташов, Аружан Мұқанова да бірнеше конкурстардың лауреаттары.

Ғазиза КҮЛДІБАЕВА, 
№1 өнер мектебінің домбырамен ән айту пәнінің мұғалімі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × five =