«Орбұлақ шайқасының» олқылығы

0 132

Орбұлақ шайқасы – жауынгер қазақ сарбаздарының жоңғар шапқыншылығына қарсы тұрып, ерен ерлік көрсетіп, артына адам сенгісіз аңыз қалдырған атақты оқиға.800 қазақ сарбазы жоңғардың жер қайысқан 50 мың сарбазын ойсырата жеңген делінетін бұл тарихи оқиға туралы талас-тартыс та көп. Біз бұл мәселені ғалымдар талқысына қалдырып, тақырыпқа ойысайық. Қалай болса да, тарихта Орбұлақ шайқасы деп аталатын қазақтың мейманасын тасытып, абыройын асқақтатқан бір шайқастың болғаны рас. Міне, осы бір тарихи оқиғаны еске сақтап, бүгінгі ұрпақтың ұлттық рухын ояту, келер ұрпаққа бабалардың теңдессіз ерлігін насихаттау мақсатында түсірілген «Орбұлақ шайқасы» телехикаясының көрерменмен жүздескеніне де ұзақ уақыт болған жоқ.
Ұлттық тарихымыздан бір мөлтек сыр шертіп, ерлік пен елдікті ұлықтауға шақыратын бұл телехикаяның қоюшы операторы – Айдын Мақсат. Сценарийін Қолғанат Мұрат пен Мұрат Бидосов жазса, Бексұлтан Нұржекеев кеңесшілік етіпті. Бірақ телехикаяның аты алатаудай «Орбұлақ шайқасы» болғанмен, хикаяны түгел көріп шығуға төзімділік керек екен. Себебі оқиғасы көрерменді тартпайды, жай баяндаудан аспаған сюжетте көріп отырған адамды «енді қайтер екен» немесе «қап, әттеген-ай» дегізетін шиеленісті оқиғалар жоқ. Сыпыра баяндау, ретімен көрсетуден аса алмаған. Тіпті басқа қырынан баяндап, астарлап бейнелеп те жап-жақсы оқиға жасауға болатын жансыздардың әрекеті де «Ауыл үйдің моншағын күндіз ұрлап, түнде тағатын» деңгейде ғана бейнелеп өте шыққан. Хикаяның өзекті ойын ашып көрсетуге септігі тимейтін қажетсіз көріністер өте көп. Қисынға қиғаш тұстары да баршылық. Соның бірі Ағынтай мен Қарасайдың түнде сыртқа шыққан Қонтайжыны ұрып-жығып, қапыда қолға түсіп, қамауда жатқан Жәңгір сұлтанды құтқарып шыққан көрінісі бес жасар баланың өзін иландырмайды. Күзетте жүрген жасауылдар болса бір сөз, атағы Алатаудай Қонтайжының өзін «ат қорада» жүрген жерінде біздің батырлар қалпақтай ұшырып, ұрып-жығып кетеді екен. Сонда оның самсаған сары қолы, қарауылда тұрған күзеті қайда? Жоқ, әлде біздің батырлар ғана ер, жауы ез болғаны ма? Осындай қораш көрініс кімге керек?
Батыр Қонтайжының ордасы да орда сияқты емес, әлдекімнің иен қалған кілетін иемденіп алған бір топ содыр-сотанақтың бейнесін көз алдыңа елестетеді. Оның үстіне хан ордасына қару көтеріп кірмейтін көшпенділердің заңы тұрғысынан алғанда да хан тағының алдында сарбаздардың қылыштасып, күресіп, асыр салып жүргенінен де фильм түсірушілердің қандай тарихи детальға сүйенгенін түсінгеніміз жоқ.
Хан Жәңгірдің шатыры да ­алба-жұлба. Матамен орап, ылдалдап жасаған шатырсымақ, шатыр дегеннен гөрі өзбектің масадан қорғайтын қалтқысына көбірек ұқсайды. Жорық үстіндегі жағдай ғой десек те, не боранға, не жауынға төтеп бере алмайтын, ұлтымыз өмірінде жоқ нәрсені бүгінгі ұрпаққа «Сұлтанның шатыры» деген осы деп көрсетудің түк те қажеті жоқ секілді. Тіккен киіз үйлері де түгел жұтап тұр. Үй ішіндегі мүкамалдарды айтпаған күннің өзінде, киіз үйлердің кейбірінің шаңырағында түндік жоқ, үңірейіп тұрса, ал кейбір үйлерге белдеу арқан да тартылмай, туырлықтың желмен желпілдеп тұрғаны да қазақы тұрмыстың құтын қашырып-ақ тұр.
Жекпе-жекке шыққан Талай тайшыны айқаста атынан аударып түсірген Жәңгірдің «бөріні төбетке талатқандай» кергілеп өлтіргені көшпенділердің баяғыдан қалыптасқан дала дәстүрін келсе-келмес бұрмалаудан басқа ештеңе емес. Осыған дейін қаншама батырлар жырын оқысақ та, жекпе-жекте жеңілген адамды ұстап әкеліп, кергілеп өлтірді деген эпизодтарды көрген емеспіз. Жауының да артынан оқ атпаған, аулайтын аңын да ысқырып барып ататын дегдар қазақ жекпе-жекте жауының басын кесіп табанына салса салған шығар, бірақ мына кинодағыдай қол-аяғын байлап әкеліп қорлап өлтірмеген.
Ал телехикаяның негізгі түйіні, оқиғаның шарықтау шегі болған Орбұлақ шайқасы да, бізше, діттеген биігіне жете алмаған. Қадау-қадау жартастары бар жылғаның бойында алынған көрініс көп көрерменді «әлемді таңғалдырған атақты шайқасы осы ма сонда?» деген жадағай ойға жетелейтіні анық.
Қысқасы, ұлттық кино-телефильм қорымыздың тағы бір телехикаямен толыққанына қуансақ та, қатардағы көрермен ретінде өзіміз байқаған олқылықтарды көріп, үнсіз қала алмадық. Мақсат – келесі түсірілімдерде осындай қателіктерге жол берілмесе екен деген үмітімізді бүлк еткізіп білдіру ғана.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − eleven =